Назар аударыңыз! Алаяқтар мессенджерлерде жалған хабарламалар таратуда

Жаңа алаяқтық айла-шарғы пайда болды. БЖЗҚ салымшылары өздерiн Қор қызметкерiмiз деп таныстырған делдалдардан қолқа түскенiн хабарлауда. Олар ақшасын төлесеңiз тұрғын үйге немесе емделуге зейнетақы жинақтарын алып беруге көмектесемiз деп уәденi үйiп төккен. Қордың 30-ға жуық салымшысы осы заңсыз әрекеттердiң құрбаны болды.

Бұдан басқа, әлеуметтiк желiлер мен мессенджерлерде жылжымайтын мүлiктi зейнетақы жинақтары есебiнен тұтыну кооперативтерi немесе өзге де компаниялар арқылы сатып алу туралы жалған ақпарат таратылуда.

Зейнетақы жинақтарының ең төменгi жеткiлiктiлiк шегiнен асатын бөлiгiн тұрғын үй мен емделуге пайдалану мүмкiндiгi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген уәкiлеттi операторлар арқылы электрондық форматта ғана iске асырылатынын еске саламыз.

Қазiргi уақытта зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға өтiнiштер қабылдайтын уәкiлеттi операторлар: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ, «Қазақстан Халық банкi» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ болып табылады. Ал зейнетақы жинақтарын емдеуге пайдалану үшiн өтiнiш қабылдайтын бiрыңғай оператор — «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ екенiн естерiңiзге саламыз.

БЖЗҚ тұрғындарға зейнетақы жинақтарын пайдалану үшiн үшiншi тұлғаларға жүгiнбеуге, күдiктi сiлтемелер арқылы бейтаныс сайттарға өтпеуге кеңес бередi, әрi ақпаратты тек enpf.kz сайтынан немесе БЖЗҚ-ның әлеуметтiк желiлердегi ресми парақшаларынан ғана тексерудi ескертедi.

Атап кететiн жәйт, БЖЗҚ-ның барлық қызметтерi (соның iшiнде жеке зейнетақы шотынан үзiндi көшiрмелер беру, шоттар ашу, зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға аудару жөнiндегi өтiнiш, деректемелердi өзгерту және т. б.) тегiн ұсынылады!

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
23 февраля 2022