БЖЗҚ 2021 жылдың алдын ала нәтижесiн шығарды

БЖЗҚ-ның 2022 жылдың 1 қаңтарындағы негiзгi көрсеткiштерi

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,1 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Бiр жыл iшiнде, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейiн бұл көрсеткiш 156,6 млрд теңгеге немесе 1% ұлғайды.

Зейнетақы жинақтарының негiзгi сомасы мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебiнен қалыптасып, 12,7 трлн теңге болды (соңғы 12 айдағы өсiм 1%). Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 361,0 млрд теңге (15% ұлғайды), ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 1,7 млрд теңге.

2021 жылдың 12 айында БЖЗҚ салымшылары былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда бiр жарым есе көп қаражат салған. 2022 жылдың 1 қаңтарына қарай, салымшылардың шоттарына шамамен 1,3 трлн теңге көлемiнде зейнетақы жарналары түстi, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен 255,7 млрд теңге артық. Жарналардың жалпы көлемiнiң 95,8% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсiмдер құрайды — 1,3 трлн теңге (соңғы 12 айда өсiм 24%), МКЗЖ бойынша 55,6 млрд теңге (өсiм 19%) түстi, ЕЗЖ бойынша 799 млн теңге (өсiм 48%) аударылды.

Салымшылардың өздерiнiң жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының едәуiр өсуi таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етiлдi, ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейiн 1,4 трлн теңгеге жеттi. Бұл былтырғы көрсеткiштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11% артық. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерi бойынша кiрiстiлiк — 2021 жылдың басынан берi 11,13%, ал инфляция 8,4% болды.

2022 жылдың 1 қаңтарына қарай БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бiрлiкке жеттi. Шоттардың ең көп мөлшерi мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды — 10 871 285 бiрлiк. Одан әрi МКЗЖ есебiнен қалыптасқан шоттар — 547 136 бiрлiк, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебiнен қалыптасқан шоттар саны қазiр — 61 604 бiрлiк.

Жыл басынан берi БЖЗҚ салымшыларына 2,9 трлн теңге төледi, оның басым бөлiгi тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған бiржолғы зейнетақы төлемдерi (БЗТ) — 2,6 трлн теңге. Жасына байланысты төлемдер — 101,4 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 60,5 млрд теңгенi, мұрагерлiк бойынша төлемдер — 57,5 млрд теңгенi, ҚР шегiнен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер — 41,3 млрд теңгенi, жерлеуге арналған төлемдер — 5,4 млрд теңгенi және мүгедектiк бойынша төлемдер — 2,2 млрд теңгенi құрады.

БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 471 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем сомасы 707 326 теңге болды.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
27 января 2022