БЖЗҚ-дан төленетiн төлем мөлшерi 2022 жылы 5 пайызға көтерiлдi

БЖЗҚ-дан төлемдер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылдың 2 қазанындағы № 1042 қаулысымен (2021 жылдың 1 сәуiрiнен бастап қолданысқа енгiзiлген өзгерiстермен) бекiтiлген Әдiстемеге сәйкес жүзеге асырылады. Осы Әдiстемеге сәйкес зейнетке шыққан адамдарға төлемдер былайша есептеледi: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтары төлемдерiнiң мөлшерлемесi — 6,5% -ға көбейтiлiп, одан кейiн 12-ге бөлiнедi. Нәтижесiнде төлем алынатын бiрiншi жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдер мөлшерi есептеп шығарылады. Белгiлi бiр санаттағы алушылар: мерзiмсiз белгiленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектiгi бар адамдар, сондай-ақ, зиянды және қауiптi өндiрiстерде жұмыс iстеген, жинақтары мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының есебiнен кемiнде алпыс ай жинақталып, жұмыс iстеген адамдар үшiн зейнетақы төлемдерiн есептеу әдiстемесiнде түзету ұлғайту коэффициенттерi көзделген.

Келесi жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемiнiң мөлшерi жыл сайын зейнетақы төлемдерiн индекстеу мөлшерлемесi — 5% ұлғайтылады.

Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 1 сәуiрiнен берi зейнетке шыққан зейнеткерлерге төленетiн төлемдер 5% көбейдi. 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 1 сәуiрi аралығында БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу құқығын iске асырған тұлғалар ескi Әдiстеме бойынша төлемдерiн алды. Яғни, зейнетақы жинақтарының сомасы ағымдағы құн коэффициентiне көбейтiлiп, 12 айға бөлiнген болатын. Алайда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың былтырғы зейнетақы төлемдерi де 5% индекстелдi.

Айта кетейiк, БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 70% кем емес мөлшерде жүзеге асырылады. Тиiсiнше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан ең төменгi төлем 25 212,60 теңгенi құрады.

Егер төлем алуға өтiнiш берген күнгi зейнетақы жинақтарының сомасы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен зейнетақының он екi еселенген мөлшерiнен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бiр рет төленедi (2022 жылы — 555 624 теңге = 12 * 46 302 теңге).

2018 жылдың 1 қаңтарына дейiн төлем алу құқығын iске асырған зейнеткерлер үшiн 2022 жылы есеп мынадай: олардың зейнетақы төлемiнiң жыл сайынғы мөлшерi ең төменгi зейнетақының отыз еселенген мөлшерiнен (2022 жылы 30 х 46 302 = 1 389 060 теңге) ең жоғары шаманы және зейнетақы жинақтарының сомасын алушының тиiстi жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентiне көбейтуден тұрады. Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

Естерiңiзге сала кетейiк, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерi жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанша төленедi.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
18 января 2022