2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға өздерiнiң зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшiн ғана емес, сондай-ақ, инвестициялық портфельдi басқарушы (ИПБ) компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығын беретiн заңнамалық нормалар күшiне ендi.
Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:
- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткiлiктiлiк шегi арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе
- өмiр бойғы төлемдердi көздейтiн сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берiлуi мүмкiн.
Зейнетақы жинақтарын бiр немесе бiрнеше ИПБ-ға аудару үшiн салымшы БЖЗҚ-ға өтiнiш жасауы қажет. Өтiнiштi enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңiрлiк бөлiмшесiне өзi келгенде беруге болады.
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жеткiлiктiлiк шегiнен асатын бөлiгiн ИПБ-ның сенiмгерлiкпен басқаруына аударуды салымшыдан өтiнiш түскен күннен кейiнгi күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлiгi Ұлттық банктiң басқаруында қалады.
ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берiлген зейнетақы жинақтары бiржолғы зейнетақы төлемдерi ретiнде алынған қаражат болып есептелмейдi (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және оларды ИПБ-ға ауыстырған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайды.
Зейнетақы активтерi ИПБ-ның сенiмгерлiк басқаруына алғаш берiлгеннен кейiн салымшы:
- БЖЗҚ-ға өзiнiң зейнетақы жинақтарын бiр ИПБ-дан екiншi ИПБ-ға сенiмгерлiк басқаруға беру туралы жылына тек бiр рет өтiнiш беруге;
- БЖЗҚ-ға ИПБ сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктiң сенiмгерлiк басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенiмгерлiк басқаруына алғаш берiлгеннен кейiн екi жылдан ерте емес) өтiнiш беруге құқылы.
Салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейiн күнтiзбелiк 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктiң инвестициялық басқаруына қайтарылады.
2021 жылғы 16 қыркүйектегi жағдай бойынша инвестициялық портфельдi басқарушыларға 5,2 млрд теңге аударылды, БЖЗҚ 2 707 өтiнiштi орындады. Аударымның орташа сомасы 2,0 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенiмгерлiк басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлi статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткiштер» — «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлiмiнде жарияланған.
Қазiргi уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеудi enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельдi басқарушылар тiзбесi» бөлiмiнде жүзеге асыруға болады. Айта кетейiк, 5,2 млрд теңгенiң 44,97% немесе 2,3 млрд теңгесi «Jusan Invest» АҚ, 27,58% немесе 1,4 млрд теңгесi «Halyk Global Markets» АҚ, 17,95% немесе 0,9 млрд теңгесi «BCC Invest» АҚ, 9,50% немесе 0,5 млрд теңгесi «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.
Өңiрлер бөлiнiсiнде ИПБ-ға аударылған қаражаттың жартысынан көбi Қазақстанның екi iрi қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына тиесiлi, сәйкесiнше 45,3% және 26,2%. Маңғыстау облысы 5,5% көрсеткiшпен ИПБ-ға қаражат аудару бойынша үшiншi орында.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерiн алғаннан кейiн ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекiтiлген Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру қағидаларында көрсетiлген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етiлген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшiн комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шектi шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиiс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекiтедi және ол жылына бiр рет қана өзгеруi мүмкiн.
Салымшы зейнеткерлiк жасқа толғанға дейiн Ұлттық Банктiң басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейi ескерiлiп отыратын сақталу кепiлдiгi қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттiк кепiлдiк басқарушы компанияның зейнетақы активтерiнiң ең төменгi кiрiстiлiк деңгейiн қамтамасыз ететiн кепiлдiгiмен алмастырылады. Кiрiстiлiктiң ең төменгi деңгейi нарықта әрекет ететiн ИПБ-ның басқаруына берiлген зейнетақы активтерiнiң орташа алынған кiрiстiлiгiн негiзге ала отырып, есептелiнедi.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).