БЖЗҚ-ның 5 сұрақ айдары өзектi сұрақтарға жауап бередi

1) Мен бiр ай бұрын зейнетақы жинақтарымның бiр бөлiгiн тұрғын үй жағдайын жақсарту үшiн, дәлiрек айтқанда тұрғын үй сатып алу үшiн аудардым. Алайда, мен әлi де қолайлы пәтер таппадым. Уәкiлеттi операторда ақша қанша уақыт сақталады? Менде әлi уақыт бар ма?

Салымшылардың назарын БЖЗҚ-дан сұратылған зейнетақы жинақтарының сомасы уәкiлеттi оператордағы арнайы шотқа аударылғаннан кейiн бұл сома инвестициялық басқарудан алынатынына, демек, оған инвестициялық табыс есептелмейтiнiне аударғымыз келедi.

Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейiн ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттiң заңда көзделген кепiлдiгi қолданылмайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетiн бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтiнiшiнде көрсетiлген тәсiлге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және ұстап қалу жүргiзiледi.

Өз жинақтарыңыздың тиiмсiз пайдаланылуын, инвестициялық табыстан және мемлекет кепiлдiгiнен айрылудың, сондай-ақ ЖТС-тың мерзiмiнен бұрын есептелуiн болдырмау үшiн салымшыларға (алушыларға) бiржолғы зейнетақы төлемдерiн жауапкершiлiкпен және мұқият жоспарлауды және сатып алатын тұрғын үйдi алдын ала таңдауға кеңес беремiз. Өтiнiм бергенге дейiн зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшiн қажеттi құжаттардың тiзiмiн мұқият зерделеп, оларды уәкiлеттi операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.

Азаматтардың зейнетақы жинақтары уәкiлеттi оператордың («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ) арнайы шоттарында олар келiп түскен күннен бастап 45 жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде болуы мүмкiн екенiн еске саламыз. Осы мерзiм iшiнде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылуға тиiс.

Осыған байланысты, Сiзге ыңғайлы тұрғын үй iздеуге тағы 15 күндей уақыт бар. Егер осы мерзiм iшiнде көңiлiңiзден шығатын үй таппасаңыз, ақша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотыңызға қайтарылады. Алайда, өзiңiз қалаған тұрғын үйдi тапқан кезде сiз бiржолғы зейнетақы төлемiн алуға жаңа өтiнiш бере аласыз.

2) Шамамен үш жыл бұрын мен ресми жұмысқа тұрдым, онда бiрнеше ай жұмыс iстегеннен кейiн жұмыстан кетуге тура келдi. Осыдан кейiн менiң ресми жұмысым болмады, сондықтан БЖЗҚ-ға ешқандай аударымдар жасаған жоқпын, ендi Қордағы менiң аздаған жинағым «күйiп кетуi» мүмкiн бе, соны бiлгiм келедi?

Сiздiң зейнетақы жинақтарыңыз олардың сомасына қарамастан сiздiң меншiгiңiз болып табылады және сiздiң жеке зейнетақы шотыңызда зейнеткерлiк жасқа толғаныңызға дейiн немесе оларды төлеу үшiн өзге де негiздер туындағанға дейiн сақталады. Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша БЖЗҚ-да мерзiмсiз сақталатынын және оның нақты қолданылу мерзiмi жоқ екенiн есте ұстаған жөн. Сонымен қатар, оларға үнемi инвестициялық табыс есептеледi. Ол шоттағы қаражатқа апта сайын, олар таусылғанға дейiн есептеледi, яғни сiз зейнеткерлiкке шығып, төлемдердi ала бастасаңыз да, қалған жинақтарға инвестициялық кiрiс есептелуiн жалғастыра бередi.

Сондай-ақ мемлекет алушының зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы туындаған кездегi инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген қаражаты мөлшерiнде мiндеттi зейнетақы жарналарының сақталуына кепiлдiк беретiнiн атап өткiмiз келедi («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабы).

3) Мобильдi қосымшаға кiре алмаймын, өз деректемелерiме өзгерiстер енгiзейiн деген едiм, өйткенi телефон нөмiрiн ауыстырғым келедi?

БЖЗҚ ұялы қосымшасына және enpf.kz сайтындағы «Жеке кабинетке» кiрген кезде салымшыларымыздың жеке ақпаратының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қор базасында тiркелген телефон нөмiрiне SMS-код жiберiледi.

Егер Сiз бұған дейiн көрсетiлген нөмiрiңiздi өзгерткiңiз келсе, онда жеке мәлiметтерiңiзге өзгерiстер енгiзу және жаңарту бойынша төмендегi әдiстердi пайдалана аласыз:

1) enpf.kz сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлiмiнен «Деректемелерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу» шағын бөлiмiн таңдаңыз, параққа электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегiмен кiрiңiз;

2) БЖЗҚ-ның кез келген бөлiмшесi арқылы;

3) «Қазпошта» АҚ мен «БЖЗҚ» АҚ-ның ұлттық пошта операторының 300-ден астам қызмет көрсету нүктесiнде ұсынылатын қызметтер бойынша бiрлескен жобасын пайдалану. Осы қызметтердi алуға болатын пошта бөлiмшелерiнiң мекенжайларын Қордың https://www.enpf.kz/ru/services/kazpost/index.php сайтынан алуға болады.

enpf.kz сайтында сiз өзiңiздiң деректемелерiңiзге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп қана қоймай, жеке зейнетақы шотыңыздың бар екендiгi туралы анықтама алып, ЖЗШ-дан үзiндi көшiрме қалыптастырсаңыз болады, өзiңiздi қызықтыратын мәселе бойынша өтiнiш жолдап, «Мобильдi кеңсенiң» баруына, керi қоңырау шалуға тапсырыс бере аласыз, «Зейнетақы калькуляторының» көмегiмен болашақ зейнетақының болжамды мөлшерiн есептей аласыз. Сондай-ақ ол арқылы шоттың жай-күйiн бақылауға, зейнетақы жүйесiндегi барлық өзгерiстер туралы бiлуге, БЖЗҚ-ның жақын жердегi кеңсесiнiң орналасқан жерiн көруге, тiптi байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.

Сондай-ақ БЖЗҚ-ның әрбiр салымшысы сайт және мобильдi қосымша арқылы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үйдi жақсарту немесе емделу үшiн пайдалану құқығын iске асыруға немесе инвестициялық портфельдi басқарушы компанияларға аударуға жеткiлiктiлiгi туралы бiле алады.

4) Қайырлы күн! Мен мiндеттi зейнетақы жарналарын өз бетiмше өзiм үшiн аудара аламын ба?

Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес салымшылар мiндеттi зейнетақы жарналарын салымшының агентi (жұмыс берушi) аудару жолымен төлеуге тиiс. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы» коммерциялық емес акционерлiк қоғамына (бұдан бұрын — ЗТМО) мiндеттi зейнетақы жарналарын (МЗЖ) өз пайдасына аудару арқылы мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:

- жеке кәсiпкерлер;

- жеке нотариустар;

- жеке сот орындаушылары;

- адвокаттар;

- кәсiби медиаторлар;

-азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

- бiрыңғай жиынтық төлемдi төлеушiлер.

Осылайша, егер сiз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебiнен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетiңiзше толтыру мүмкiн емес.

Болашақта неғұрлым жоғары зейнетақы төлемдерiн алу үшiн Сiз МЗЖ-мен қатар қазiрдiң өзiнде өз пайдаңызға ерiктi зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) төлей аласыз. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшiншi тұлғаның пайдасына енгiзе алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшерi мен төлеу кезеңдiлiгiн жеке немесе заңды тұлға дербес белгiлейдi.

ЕЗЖ төлеудiң артықшылықтарының бiрi — жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебiнен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерiмiнiң көзделгендiгi. Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агентi (жұмыс берушi) өз қаражаты есебiнен қызметкердiң пайдасына төлейтiн ЕЗЖ корпоративтiк табыс салығын есептеу кезiнде шегерiмге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушiнiң қызметкердiң пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердiң табысына салық салу кезiнде ескерiлмейдi.

Бұдан басқа, ЕЗЖ-ға МЗЖ сияқты инвестициялық табыс есептеледi, ол сiздiң жинақтарыңызды айтарлықтай ұлғайтуы мүмкiн.

Айта кетейiк, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшiн БЖЗҚ-ға келiп түскен алғашқы ерiктi зейнетақы жарнасы да негiз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қордың кеңсесiне барудың қажетi жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелiнетiн жеке тұлғаны сәйкестендiру ЕЗЖ аудару кезiнде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетiлген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күнi) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелерi, тұрақты тұратын жерi туралы барлық қажеттi мәлiметтердi БЖЗҚ мемлекеттiк органдардың тиiстi ақпараттық жүйелерiнен алады.

БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеудi екiншi деңгейдегi банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимiнде (мобильдi қосымша немесе өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкiндiгiн де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушiге өтiнiш беру мүмкiндiгi тағы бар, оның негiзiнде жұмыс берушi БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтiнiш берушiнiң не үшiншi тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

Сонымен қатар, егер сiздiң тұрақты табысыңыз болмаса және сәйкесiнше жеке зейнетақы шотыңызды үнемi толтырмайтын болсаңыз, онда сiз өз пайдаңызға бiрыңғай жиынтық төлемдi (БЖТ) төлей аласыз. Ол бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың қызметiн салық органдарында тiркеудiң оңайлатылған тәртiбiн көздейдi.

Ол төлемнiң төрт мiндеттi түрiн қамтиды:

жеке табыс салығы (ЖТС);

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар;

БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерi;

Мiндеттi әлеуметтiк-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

БЖТ мөлшерi:

•1 АЕК — республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшiн (2021 жылы 2 917 теңге);

•0,5 АЕК — басқа елдi мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшiн (2021 жылы 1 458,5 теңге).

5) Осы айда өткен айлар үшiн БЖТ төлей аламын ба және оны қалай жасауға болады?

БЖТ жалпы сомамен төленуi тиiс. БЖТ-ны азаматтар қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсiлмен банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Төлемдер және төлем жүйелерi туралы» ҚР Заңының талаптарын ескере отырып, Мемлекеттiк корпорацияның банк шотына енгiзу арқылы төлейдi.

БЖТ төлеудi төлем жасаушылар дербес немесе үшiншi тұлға олардың пайдасына күнтiзбелiк жылдың БЖТ төленуi тиiс айын «ААЖЖЖЖ» форматында көрсете отырып жүзеге асырады.

Бұл ретте БЖТ күнтiзбелiк жылдың ағымдағы және келесi айлары үшiн төленуi мүмкiн. Өткен айлар үшiн БЖТ төлеуге болмайды.

БЖТ мөлшерi:

•1 АЕК — республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшiн (2021 жылы 2 917 теңге);

•0,5 АЕК — басқа елдi мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшiн (2021 жылы 1 458,5 теңге).

БЖТ төлемнiң төрт мiндеттi түрiн қамтиды:

•БЖЗҚ-ға мiндеттi зейнетақы жарналары (БЖТ-ның жалпы сомасының 30%);

•жеке табыс салығы (БЖТ-ның жалпы сомасынан 10%);

•Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар (БЖТ-ның 20%);

•Әлеуметтiк медициналық сақтандыру қорына аударымдар (БЖТ-ның 40%).

Дата публикации
26 июля 2021