Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 12,7 триллион теңгеден асты. Бәрiмiзге белгiлi, бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.
2021 жылғы 1 қаңтардан 1 маусымға дейiнгi бес айдың iшiнде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 654,2 млрд теңге мөлшерiнде таза инвестициялық табыс есептелгенiн атап өту маңызды. Бұл өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 155 млрд теңгеге немесе 31% артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерi бойынша кiрiстiлiк жыл басынан берi 5,3%, ал инфляция 3,5% болды. Соңғы 12 айда инфляция 7,2%, кiрiстiлiк 11,7% көрсеттi.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерiн инвестициялау нәтижелерiне сәйкес апта сайын қайта есептеледi және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түрiндегi кiрiстер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кiрiстер және т. б. кiредi.
Жалпы, барлық зейнетақы активтерi БЖЗҚ-ға бiрiктiрiлген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,3 трлн теңге болды. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемiндегi таза инвестициялық табыстың үлесi 36,1% болды.
Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесi құрылған 1998 жылдан бергi кезеңдi алсақ, таза инвестициялық табыс 6,2 триллион теңгеден асты. Осы уақыт iшiнде инвестициялық кiрiстiлiк өсу қорытындысымен 640,01% құрады. Ал инфляция 517,53% болды. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесi қолданысқа енгiзiлген сәттен бастап 2021 жылғы 1 маусымға дейiнгi кезеңде зейнетақы активтерiнiң нақты кiрiстiлiгi 122,48% көрсеттi.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары — бұл ұзақ мерзiмдi инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерiн кемiнде 1 (бiр) жыл кезеңiнде талдаған орынды. Қысқа мерзiмдi деректер (күнделiктi, ай сайынғы және т.б.) көрсеткiш болып табылмайды, өйткенi, олар күнделiктi нарықтық жағдайға байланысты.
Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерiн есепке алудың барлық жүйесi ашық: әрбiр салымшы өзiнiң инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегiмен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару және зейнетақы активтерi орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткiштер/Инвестициялық қызмет» бөлiмiнде жарияланып отырады.
Ұлттық банктен басқа БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының бiр бөлiгiн инвестициялық портфельдi басқарушы (ИПБ) компанияларға аудара алады. Қазiргi уақытта БЖЗҚ төрт ИПБ-мен зейнетақы активтерiн сенiмгерлiк басқару туралы шарт жасады. Сiз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельдi басқарушылар тiзiлiмi» бөлiмiнен көре аласыз.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерiн алғаннан кейiн ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекiтiлген Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру қағидаларында көрсетiлген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етiлген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшiн комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шектi шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиiс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекiтедi және ол жылына бiр рет қана өзгеруi мүмкiн.
Салымшы зейнеткерлiк жасқа толғанға дейiн Ұлттық Банктiң басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейi ескерiлiп отыратын сақталу кепiлдiгi қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттiк кепiлдiк басқарушы компанияның зейнетақы активтерiнiң ең төменгi кiрiстiлiк деңгейiн қамтамасыз ететiн кепiлдiгiмен алмастырылады. Кiрiстiлiктiң ең төменгi деңгейi нарықта әрекет ететiн ИПБ-ның басқаруына берiлген зейнетақы активтерiнiң орташа алынған кiрiстiлiгiн негiзге ала отырып есептелiнедi.
Айта кетейiк, «Jýsan Invest» АҚ сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы активтерi қызмет басталғаннан берi (2021 жылғы 15 наурыз) 4,7% деңгейiнде табыстылық көрсеттi. «Halyk Global Markets» АҚ сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң осы кезеңдегi табыстылығы-1,6%; «BCC Invest» АҚ — 2,3%. Бұл ретте инфляция осы кезең iшiнде 3,5% құрады. «Сентрас Секьюритиз» АҚ зейнетақы активтерiн 2021 жылдың 1 сәуiрiнен бастап басқарады, осы уақыт iшiндегi инвестициялық табыстылық 2,5%, ал инфляция 3,5% болды.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).