Өңiрде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл туралы бүгiн Үкiмет отырысында Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев мәлiмдедi.
«Өңiрдегi эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар жүргiзiлуде. Соңғы аптада жалпы сырқаттанушылықтың орташа өсiмi 0,8 пайызды құрады. Соңғы тәулiкте-1,2 пайыз немесе 99 жағдай», — дедi аймақ басшысы.
Ермек Маржықпаевтың айтуынша, стационарда 526 адам ем алуда. Оның iшiнде 41 адамның жағдайы ауыр. Сырқаттанушылықтың өсуiне жол бермеу және карантиндiк шараларды күшейту үшiн барлық қажеттi шаралар қабылданатын болады.
Өңiрде басқа да тиiстi шаралар жүргiзiлуде. Сырқаттанушылықтың өсуiн төмендету үшiн қоғамдық орындардың — азық-түлiк емес дүкендердiң, сауда — ойын-сауық орталықтарының және қоғамдық тамақтану объектiлерiнiң жұмыс режимi өзгертiлiп, уақыт 30% қысқартылды.
Коронавирустық инфекцияның кең таралуына жол бермеу және инфекцияның алдын алу мақсатында кәсiпкерлiк объектiлерiнiң санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiк талаптарын сақтауын бақылау жөнiндегi мониторингтiк топтардың жұмысы күшейтiлдi. Жыл басынан мониторингтiк топтар 346 рейд жүргiздi. 1 212 нысан қамтылды.
Өткен аптада инфекциялық стационарлардағы, оның iшiнде ауылдардағы төсек саны артты. Реанимациялық төсектердiң жабдықталуы 100 пайызды құрайды.
Айта кетейiк, бүгiнде облыста Ұлттық сараптама орталығының бiрыңғай порталымен бiрiктiрiлген 3 зертхана жұмыс iстейдi. Тәулiгiне 1 700-ден 2 мыңға дейiн тест өткiзiледi. Қажет болған жағдайда зертханалардың резервтiк қуаты тәулiгiне 7 мыңға дейiн тест жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
