А. Цой ҚР-дағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және жаппай вакцинациялау тәртiбi туралы айтты

Бүгiн Денсаулық сақтау министрi Алексей Цой Үкiмет отырысында Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Ол сонымен қатар халықты коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинацияның кезеңдерi туралы хабардар еттi.

Пандемия басталғалы елiмiзде COVID-19 оң нәтижесiмен 170 098 науқас және КВИ- бойынша 46 866 жағдай тiркелдi. КВИ+ бар 154 449 науқас және КВИ-пен ауырған 34 656 науқас сауығып кеттi. КВИ+ шалдыққан 2 423 адам, ал КВИ-қа ұшырасқан 542 азамат қайтыс болды. Оның iшiнде соңғы тәулiкте КВИ+ 999 жағдайы және КВИ-18 жағдайы тiркелдi, оның 9-ы өлiммен аяқталды.

«Министрлiк күн сайын матрицаға сәйкес эпиджағдайға бағалау жүргiзедi. Ағымдағы жылдың басынан бастап орташа тәуекел аймағынан жоғары тәуекел аймағына немесе сарыдан қызыл аймаққа 3 өңiр — Қостанай, Павлодар облыстары және Нұр-сұлтан қаласы өттi. Төмен тәуекел аймағынан орташа тәуекел аймағына немесе жасыл аймақтан сары аймаққа 2 өңiр: Алматы және Қарағанды облыстары көштi», — дедi А.Цой.

Осылайша, 19 қаңтарда қызыл аймақта 6 өңiр бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан облыстары және Нұр-сұлтан қаласы. 3 облыс сары аймақта: Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Қалған 8 өңiр жасыл аймақта.

Жалпы республика бойынша қараша айынан бастап КВИ ауруының өсуi байқалады, қараша айында қазан айымен салыстырғанда ауру 4,5 есеге өссе, желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Орташа өсу үрдiсi қаңтарда да сақталып отыр, бұл желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мерекелер кезiнде халықтың барлық алдын-алу шараларын сақтамауының салдары болып отыр. Мәселен, қаңтардың 19 күнiнде КВИ-дiң 14 625 жағдайы тiркелдi. Аурушаңдықтың өсуi Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңiрлерде байқалады.

«Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетiп бастау жөнiндегi тапсырмасын iске асыру мақсатында мынадай жұмыстар жүргiзiлуде:

- 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешенi (бұдан әрi — ҚФК) мен Ресей тiкелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткiзуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда;

Ағымдағы жылғы 20 қаңтарда арнайы тәртiп бойынша сатып алуды жүргiзу үшiн бiр жолғы әкелуге рұқсат беру және ҚР ДСМ-нiң СК-Фармацияға хат жiберуi жоспарланып отыр, сондай-ақ, үстiмiздегi жылдың 21 қаңтарында ҚФК және СК-Фармация арасында жеткiзуге шарт жасасу күтiлуде, ал 27 қаңтарда вакциналарды ҚФК-дан Бiрыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткiзу жоспарланған. Ағымдағы жылғы 1 ақпанда — егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау жоспарлануда», — дедi министр.

Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап халықтың КВИ-ге қарсы вакцинациялауды бастау жоспарлануда. Вакцинация екпенiң дайындалуына байланысты кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады. Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлiнген:

- I кезең — инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлiмi (РҚТБ), медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК), ауруханалардың қабылдау бөлмелерiнiң медицина қызметкерлерi, санэпидқызмет қызметкерлерi жатады — 100 000 адам — 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап;

- II кезең — жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, арнаулы орта оқу орындарының (АООО), жоғары оқу орындарының (ЖОО) педагогтары, ведомстволық медициналық қызметiнiң медицина қызметкерлерi — 150 мың адам — ағымдағы жылғы наурыздан бастап;

- III кезең — мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейiнгi мекемелерi (БМДМ) педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар — 600 мың адам — ағымдағы жылғы сәуiрден бастап;

- IV кезең — Iшкi iстер министрлiгi (IIМ), Төтенше жағдайлар министрлiгi (ТЖМ), Қорғанысминi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (ҰҚК) қызметiнiң қызметкерлерi, басқа стационарлардың медицина қызметкерлерi, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар — 600 мың адам — ағымдағы жылғы мамырдан бастап;

- V кезең — медициналық-әлеуметтiк мекемелердiң контингентi мен персоналы, балалардың жабық мекемелерiнiң қызметкерлерi және созылмалы аурулары бар адамдар — 600 мың адам ағымдағы жылғы маусымнан бастап;

- VI кезең — тәуекел тобындағы қалған контингент — 600 мың адам ағымдағы жылғы шiлде айынан желтоқсанға дейiн.

Осылайша, жыл соңына дейiн 6 млн.қазақстандыққа вакцина егу жоспарлануда.

«Жүйелi есепке алу мақсатында вакцинацияның электрондық паспорты әзiрлендi. Вакцинация жүргiзу туралы деректер Министрлiктiң орталықтандырылған ақпараттық жүйесiнде электрондық форматта жүргiзiлетiн болады. Веб-қосымшада пациент пен медицина қызметкерiнiң m-gov мобильдi қосымшасында ақпаратты қолмен енгiзу мүмкiндiгi бар. Жүйе жаһандық ақпараттық жүйелермен интеграциялануға қабiлеттi және вакцинация алған барлық адамдарға талап етiлетiн жерде және еркiн қозғалу үшiн ақпарат беруге мүмкiндiк бередi», — дедi А.Цой.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң болжау жөнiндегi жұмыс тобы мiндеттi маска режимiн, әлеуметтiк қашықтықты сақтауды және күтiлетiн вакцинацияны қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шаралары сақталған жағдайда 2021 жылдың соңына дейiн эпиджағдайдың дамуына болжам жасады.

Жағдайлар осы жылдың наурыз айының соңында көп тiркелуi мүмкiн. Оптимистiк сценарий бойынша тәулiгiне 3 мың жағдайға дейiн күтiлуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мың орынға дейiн жетуi мүмкiн. Дегенмен, аталған сценарий кезiнде қатаң карантиндiк шараларды енгiзу жоспарланып отырған жоқ.

Реалистiк және пессимистiк сценарийлер кезiнде күн сайын тиiсiнше 6 және 9 мың жағдайға дейiн тiркелуi мүмкiн, ал төсек қорының қамтылуы 45 мың төсекке дейiн жетедi, яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға қолжетiмдi 52 мың төсектен аспайды, бiрақ денсаулық сақтау жүйесiне шамадан тыс жүктеме түсiрмеу және сапалы медициналық қызмет көрсетудi қамтамасыз ету үшiн қатаң карантиндiк шараларды енгiзу қажет болады.

«Бiрiншi кезеңде 2 миллион адамды вакцинациялау эпидемияның дамуына оң әсер етедi, бұл вакцинациядан кейiн иммунитеттi дамыту үшiн қажеттi уақытпен, халықтың көп бөлiгiн бiр уақытта вакцинациялаудың мүмкiн еместiгiмен байланысты.

Бiздiң есептеуiмiзше, 2 миллион адамды вакцинациялау тiркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады. Тиiсiнше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлiм-жiтiм азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз қалыпты өмiрге оралу ықтималдығы артады. Пандемия дамуының осы кезеңiнде бүкiл әлем өзiн-өзi оқшаулау мен карантинге жалғыз балама — вакцинация екенiн түсiндi», — деп атап өттi А.Цой.

Сурет https://primeminister.kz/ сайтынан алынды

Дата публикации
19 января 2021