Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 610-бабы, атап айтқанда, көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң жол жүрiсi қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлiнуiне алып келген бұзушылығы, келесi санкцияларды көздейдi:
- көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлiнуiне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң жол жүрiсi қағидаларын бұзуы жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады;
- жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады;
- осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам жасаған әрекеттер алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ақмола облысы Степногор қалалық сотында Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 610-бабының 1-бөлiгi бойынша (Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң жол жүрiсi қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге алып келген бұзушылығы) азамат А-ға қатысты әкiмшiлiк iс қаралды.
Сотта анықталғандай, азамат А. автомашинаны басқарып, автожолмен жүру кезiнде алдында келе жатқан көлiк құралы арасында ара қашықтықты сақтамай, азамат Д. басқаруындағы автомашинамен соқтығыс жасады.
Жол-көлiк оқиғасы нәтижесiнде азамат Д-ға метериалдық залал келтiрiлдi.
Азамат А-ның кiнәсi оның кiнәсiн мойындауымен, жәбiрленушi азамат Д-ның түсiнiктемесiмен, полиция қызметкерiнiң баянатымен, оқиға болған жердiң сызбасымен және оқиға болған жердi тексеру хаттамасымен және сүреткестесiмен, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамамен және iстiң басқа материалдарымен расталады.
Сот азамат А-ны құқық бұзушылық жасағанына кiнәлi деп танып, оған әкiмшiлiк айыппұл түрiнде жаза тағайындады.