"Степногорск қаласы Бөгенбай ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі бойынша СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТ

                                                   

                                                   БЕКІТІЛДІ
                                                               Степногорск қаласы
                                                                              Бөгенбай ауылдық округінің
                                                                             әкімінің _______Ж. Өтісхан
                                                                                  2026 жылғы «___» __________
                                                        № ___ өкімімен

 

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТ

«Степногорск қаласы Бөгенбай ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ

 

1. Жалпы ережелер

 

1. «Степногорск қаласы Бөгенбай ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістемеге сәйкес әзірленді.

2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт «Степногорск қаласы Бөгенбай ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен мінез-құлық қағидаларының жүйесін білдіреді.

3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт әкім аппараты қызметінің жергілікті мемлекеттік басқару өкілеттіктерін іске асыруға, халықпен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауға, азаматтардың өтініштерін қарауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджет процесін жүзеге асыруға, мемлекеттік сатып алуларды жүргізуге, коммуналдық мүлікті басқаруға, жер қатынастарына, абаттандыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, кадр жұмысына және қызметтің басқа да бағыттарына байланысты ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді.

4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт әкім аппаратының мемлекеттік қызметшілері мен өзге де қызметкерлеріне олардың лауазымдық міндеттері мен өкілеттіктері шегінде қолданылады.

5. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, мемлекеттік мүлік, бюджет процесі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, дербес деректерді қорғау және кәсіби әдеп салаларындағы заңнамасының талаптары ескеріледі.

 

2. Негізгі қағидаттар

 

6. Әкім аппаратының қызметкерлері қызметтік қызметті жүзеге асыру кезінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:

·        заңдылық;

·        адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басымдығы;

·        жариялылық және ашықтық;

·        мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;

·        сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді қолдану;

·        сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының басымдығы;

·        адалдық және бейтараптық;

·        барлық азаматтар мен ұйымдарға тең көзқарас;

·        қабылданатын шешімдер мен қызметтік қызмет нәтижелері үшін жауапкершілік;

·        қызметтік жағдайды жеке мүдделер үшін немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға жол бермеу.

 

3. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу

 

7. Әкім аппаратының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, оның ішінде:

·        мемлекеттік қызметтер көрсету;

·        жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

·        жер учаскелерін беру және жер қатынастары мәселелерін қарау;

·        коммуналдық мүлікке билік ету;

·        мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;

·        шешімдердің, өкімдердің және өзге де құжаттардың жобаларын дайындау;

·        кадр рәсімдерін жүзеге асыру;

·        қызметтік жүктемені бөлу және жекелеген қызметкерлерге артықшылықтар беру;

·        бюджет қаражатын және мемлекеттік мүлікті пайдалану;

·        жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау;

·        әкім аппаратының құзыреті шегінде бақылау және өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін.

8. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған кезде әкім аппаратының қызметкерлері өз құзыреті шегінде оларды жою немесе барынша азайту жөнінде шаралар қабылдайды және белгіленген тәртіппен тікелей басшысына хабарлайды.

9. Ішкі шешімдерді әзірлеу және қабылдау кезінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ескеріледі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай жасалуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылданады.

10. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және барынша азайту жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау және өзге де іс-шаралардың нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

 

 

 

 

4. Мүдделер қақтығысының алдын алу

 

11. Әкім аппаратының қызметкерлері жеке және қызметтік мүдделер қақтығысының туындауына жол бермеуге міндетті.

12. Мүдделер қақтығысы туындаған немесе оның туындау мүмкіндігі болған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл туралы өзінің тікелей басшысына дереу хабарлауға міндетті.

13. Қызметкер өзінің жеке мүдделілігі осындай шешімнің объективтілігі мен бейтараптылығына әсер етуі мүмкін болған жағдайда шешімдерді дайындауға, қарауға немесе қабылдауға қатыспауға тиіс.

14. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жақын туыстарына, жұбайына, жекжаттарына, сондай-ақ жеке мүдделілігі бар өзге де тұлғаларға қатысты шешімдер қабылдауға қатысуға жол берілмейді.

15. Мүдделер қақтығысы анықталған кезде оны болғызбау және реттеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шаралар қабылданады.

 

5. Қаржылық бақылау шаралары

 

16. Әкім аппаратының қызметкерлері Қазақстан Республикасының қаржылық бақылау, кірістер мен мүлікті декларациялау туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауға міндетті.

17. Жеке мүліктік немесе өзге де пайда алу үшін қызметтік жағдайды пайдалануға жол берілмейді.

18. Бюджет қаражаты тек нысаналы мақсатына сәйкес, тиімді, ұтымды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылуға тиіс.

19. Бюджет шығыстарын негізсіз ұлғайтуға немесе жекелеген жеке және заңды тұлғаларға артықшылықтар жасауға бағытталған шешімдер қабылдауға жол берілмейді.

20. Әкім аппаратының қызметкерлері мемлекеттік және коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

21. Мемлекеттік мүлік, автокөлік, оргтехника, байланыс құралдары және өзге де материалдық құндылықтар заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, тек қызметтік мақсаттарда пайдаланылады.

 

6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру

 

22. Әкім аппаратының қызметкерлері:

·        Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;

·        қызметтік және кәсіби әдеп нормаларын сақтауға;

·        мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлыққа жол бермеуге;

·        сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік танытуға;

·        құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыруға;

·        сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларға қатысуға;

·        өздеріне белгілі сыбайлас жемқорлық көріністерінің фактілеріне бей-жай қарамай, олар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті.

23. Халықпен өзара іс-қимыл жасау кезінде әкім аппаратының қызметкерлері сыпайы, объективті, бейтарап және әдепті болуға тиіс.

24. Қызметтік міндеттерді орындағаны немесе орындамағаны үшін ақша қаражатын, сыйлықтарды, қызметтерді, жеңілдіктерді немесе өзге де игіліктерді талап етуге немесе қабылдауға жол берілмейді.

25. Көрінеу дұрыс емес мәліметтерді таратуға, сондай-ақ қызметтік ақпаратты жеке мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

 

7. Есептілік және ашықтық

 

26. Әкім аппараты өз қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді.

27. Қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатпайтын әкім аппаратының қызметі туралы ақпарат халыққа белгіленген тәртіппен орналастырылады және ұсынылады.

28. Халықпен өзара іс-қимыл жасау кезінде мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, өтініштерді қарау, азаматтардың құқықтарын іске асыру және әкім аппаратының құзыреті туралы дұрыс ақпарат ұсынылады.

29. Заңнамаға сәйкес азаматтар мен ұйымдарға ұсынылуға жататын ақпаратты жасыруға жол берілмейді.

30. Заңнамаға сәйкес қоғамдық талқылауға жататын құжаттардың жобалары мен өзге де материалдар белгіленген тәртіппен орналастырылады және қаралады.

31. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес жұртшылықтың қатысуымен әзірленеді және өзектендіріледі.

 

8. Кадрларды басқарудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

32. Кадр жұмысын жүзеге асыру кезінде әкім аппаратының қызметкерлері заңдылық, меритократия, объективтілік, теңдік және кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарын басшылыққа алады.

33. Туыстық, жерлестік, жеке берілгендік, достық қарым-қатынастар немесе өзге де қызметтік емес өлшемдер бойынша кадрларды іріктеуге және орналастыруға жол берілмейді.

34. Қызметтік міндеттерді бөлу, демалыстар беру, оқуға жіберу, көтермелеу және өзге де кадр мәселелерін шешу кезінде жекелеген қызметкерлерге негізсіз артықшылықтар жасауға жол берілмейді.

35. Басшылар қызметтік және еңбек жүктемесінің әділ және біркелкі бөлінуін қамтамасыз етеді.

36. Бағынысты қызметкерлерді жеке мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

37. Қызметкерлерге көрінеу заңсыз немесе орындалмайтын тапсырмалар берілмеуге тиіс.

38. Кадрлық шешімдер қабылдау кезінде объективтілік және тиісті шешімдердің құжаттамалық расталуы қамтамасыз етіледі.

 

9. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

39. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әкім аппаратының қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын басшылыққа алады.

40. Жекелеген әлеуетті өнім берушілерге артықшылықтар жасауға жол берілмейді.

41. Әлеуетті өнім берушілердің ауқымын негізсіз шектеуге жол берілмейді.

42. Қызметтік ақпаратты жекелеген өнім берушілердің немесе өзге де тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға жол берілмейді.

43. Тиісті өкілеттіктері жоқ тұлғалардың мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне араласуына жол берілмейді.

44. Мемлекеттік сатып алу саласындағы шешімдер объективті, ашық және белгіленген құзырет шегінде қабылдануға тиіс.

45. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын қызметкерлер заңнамада белгіленген шектеулер мен мүдделер қақтығысының алдын алуға қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.

 

10. Жер мәселелерін қарау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

46. Жер қатынастарына байланысты мәселелерді қарау кезінде әкім аппаратының қызметкерлері тек Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

47. Жер учаскелерін беруге немесе жекелеген азаматтар мен заңды тұлғаларға заңды негіздерсіз артықшылықты жағдайлар жасауға жол берілмейді.

48. Тиісті өкілеттіктер болмаған кезде жер учаскелерін беру, олардың нысаналы мақсатын өзгерту, жалдау мерзімдерін ұзарту рәсімдеріне және өзге де жер мәселелерін шешуге араласуға жол берілмейді.

49. Жер мәселелері бойынша өтініштерді қарау кезінде объективтілік, дәйектілік және қабылданатын шешімдердің құжаттамалық расталуы қамтамасыз етіледі.

50. Жер учаскелері туралы қызметтік ақпаратты жеке пайда алу немесе үшінші тұлғаларға пайда беру мақсатында пайдалануға жол берілмейді.

 

11. Мемлекеттік қызметтер көрсету және халықпен жұмыс істеу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

51. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде, тәртіппен және шарттарда көрсетіледі.

52. Өтініш берушілерден заңнамада көзделмеген құжаттар мен мәліметтерді талап етуге жол берілмейді.

53. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде жасанды кедергілер жасауға жол берілмейді.

54. Мемлекеттік қызмет көрсету немесе қызметкердің лауазымдық міндеттеріне кіретін өзге де әрекеттерді жасау үшін сыйақы талап етуге немесе қабылдауға жол берілмейді.

55. Мәселені әкім аппаратының құзыреті шегінде шешу мүмкін болмаған жағдайда азаматқа тиісті мемлекеттік органға одан әрі жүгіну тәртібі түсіндіріледі.

56. Әкім аппаратының қызметкерлері барлық өтініш берушілерге олардың әлеуметтік жағдайына, жеке байланыстарына және құқықтық маңызы жоқ өзге де мән-жайларға қарамастан тең қатынасты қамтамасыз етуге міндетті.

 

12. Мемлекеттік және коммуналдық мүлікті басқару кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

57. Мемлекеттік және коммуналдық мүлікке билік ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

58. Мүлікті қызметкерлердің жеке қажеттіліктерін немесе үшінші тұлғалардың мүдделерін қанағаттандыру үшін пайдалануға жол берілмейді.

59. Заңнамаға сәйкес жариялануға жататын мемлекеттік немесе коммуналдық мүлік туралы мәліметтерді жасыруға жол берілмейді.

60. Мүлікті беру, өткізу, есептен шығару, бекіту немесе оған билік етудің өзге де тәсілі туралы шешімдер құзырет шегінде қабылдануға және тиісті құжаттамалық негізге ие болуға тиіс.

 

13. Шешімдер мен құжаттарды дайындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

61. Әкім өкімдерінің, шешімдердің, хаттардың, шарттардың, актілердің және өзге де құжаттардың жобалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және құзырет шегінде дайындалады.

62. Жекелеген тұлғаларға немесе ұйымдарға негізсіз артықшылықтар жасайтын ережелерді құжаттардың жобаларына енгізуге жол берілмейді.

63. Нақты мән-жайларды қасақана бұрмалауға, дұрыс емес мәліметтерді енгізуге немесе шешім қабылдау үшін маңызды ақпаратты жасыруға жол берілмейді.

64. Құжаттар негізделген, объективті және оларды ресімдеуге қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.

65. Заңнамада немесе ішкі актілерде көзделмеген жағдайда келісуші тұлғалар мен рәсімдердің санын негізсіз ұлғайтуға жол берілмейді.

 

14. Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезіндегі мінез-құлық қағидалары

 

66. Әкім аппаратының қызметкерлері:

·        сыпайылық пен әдептілікті сақтауға;

·        дөрекілікке, ар-намысты қорлауға немесе кемсітушілікке жол бермеуге;

·        өз құзыреті шегінде дұрыс және объективті ақпарат беруге;

·        азаматтар мен ұйымдарға қысым көрсету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;

·        әкім аппаратының қызметкерлерімен жеке байланыстары бар тұлғаларға артықшылықтар жасамауға;

·        дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың талаптарын сақтауға;

·        қолжетімділігі шектеулі мәліметтерді жария етпеуге;

·        қызметтік міндеттерін орындауға байланысты алынған мәліметтерді жеке мақсаттарда пайдаланбауға міндетті.

 

15. Тыйымдар мен шектеулер

 

67. Әкім аппаратының қызметкерлеріне:

·        қызметтік өкілеттіктерін жеке мүдделері үшін немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға;

·        қызметтік міндеттерін орындауға байланысты ақша қаражатын, сыйлықтарды, қызметтерді немесе өзге де игіліктерді талап етуге немесе қабылдауға;

·        мемлекеттік мүлікті жеке мақсаттарда пайдалануға;

·        қызметтік ақпаратты жеке пайда алу үшін пайдалануға;

·        өз өкілеттіктерінен тыс басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне араласуға;

·        туыстарына, таныстарына, ұйымдарға және өзге де тұлғаларға заңсыз жәрдем көрсетуге;

·        жеке мүдделілігі болған және ол шешімнің объективтілігіне әсер етуі мүмкін жағдайда шешімдер қабылдауға;

·        Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзге де шектеулерді бұзуға тыйым салынады.

68. Әкім аппаратының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді, оның ішінде жақын туыстардың, жұбайлардың және жекжаттардың бірге қызмет (жұмыс) атқаруына байланысты шектеулерді сақтауға міндетті.

 

16. Жауапкершілік және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты іске асыру

 

69. Әкім аппаратының қызметкерлері осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

70. Әкім аппаратының басшысы берілген өкілеттіктер шегінде осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

71. Әкім аппаратының қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларды іске асыруға жәрдемдесуге және өз құзыреті шегінде қажетті ақпаратты ұсынуға міндетті.

72. Сыбайлас жемқорлық тәуекестері анықталған жағдайда оларды жою немесе барынша азайту жөнінде шаралар қабылданады.

73. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік органдардың қызметі мәселелерін реттейтін заңнамасы өзгерген кезде, сондай-ақ анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен тиісті талдаулардың нәтижелері ескеріле отырып қайта қаралуға және өзектендірілуге жатады.

74. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартқа өзгерістер мен толықтырулар оны бекіту үшін белгіленген тәртіппен бекітіледі.

75. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт әкім аппаратының қызметкерлерінің назарына жеткізіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орналастырылады.

 

 

"Степногорск қаласы Бөгенбай ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі бойынша СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТ
Дата публикации
02 октября 2026