
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі дәрі тапшылығын жою мақсатында дәріхана иелерімен кездесу өткізді. Кеңейтілген отырысқа сонымен қатар жергілікті бақылау орган басшылары да қатысты. Дәрілер аймаққа еш кедергісіз жеткізілуі үшін аймақ басшысы жаңа ұсыныс жасады. Толығырақ тілшіміз Ердігүл Дәдібасқызы тарқатады.
Жиын басталмас бұрын коронавирус инфекциясынан көз жұмған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Еліміз бұрын болмаған қауіппен күресіп отыр. Коронавирус инфекциясы өңірлерге еніп кетті. Таралуы жалғасып жатыр. Өкінішке орай, адам шығындарына ұшырадық. Азаматтарымыздың мезгілсіз қазасы біз үшін ауыр қасірет. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын», - Ермек Маржықпаев деді.
13 шілдедегі мәлімет бойынша облыста вирус жұқтырған 1687 азамат тіркелген. 24 адам көз жұмған. 10 инфекциялық, 26 провизорлық стационарда емдеу шаралары жүргізілуде. Бүгінде 23 адамның жағдайы ауыр. Ендігі мақсат – індет жұқтыру санының артуына жол бермеу. Ол үшін дәрі тапшылығын жою қажет.
Дәрі тапшылығын туындатқан проблема – дәрілерді жеткізуші жалғыз дестрибьютер «СК Фармация» компаниясының өз міндетін толық орындамауы. Аталмыш компанияға 54 миллион теңге сомасын құрайтын дәрілерге өтінім берілген. Препараттар әлі келмеді. Бүгінде олқылықтың орнын толтыру үшін «Мед сервис» компаниясымен 18 миллион теңгеге келісім жасалған. Нәтижесінде медициналық ұйымдар белгілі мерзімге дәрілермен қамтамасыз етіледі. Дәрі тапшылығын жою үшін облыстық бюджеттен 71 миллион теңге қаржы бөлінген.
Кеше Нұр-Сұлтан қаласына «Іңкәр» серіктестігі 2 ұшақ дәрі жеткізді. Дәрінің 350 түрі өңірге тасымалданды. Енді бағалары анықталуда. Кейін дәріханаларға таратылады. Облыста 352 дәріхана бар.
Облыс басшысы бірнеше ірі дәріхана өкілдерін шақырып, дәрі-дәрмекке қатысты ашық түрде пікір алмасты. Фармацевтар өз басындағы проблемаларын ашық айтты.
Ермек Боранбайұлы дәріхана өкілдеріне өз тарапынан тиімді ұсыныс жасады. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дәрілерді жеткізіп береді. Ал дәріханалар кейін қаржысын қайтарады. Бұл дәрі тасымалдау жұмысын жеңілдетпек. Бір қуантарлығы кешеден бері дәрі іздеушілердің саны азайған.
«КӨКШЕ АҚПАРАТ» ақпараты бойынша