Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша талдамалық анықтама
«Целиноград ауданы әкімі аппараты» ММ
Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабына сәйкес және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу шеңберінде төмендегі қызмет бағыттарына талдау жүргізілді.
Целиноград ауданы әкімі аппаратының Бірыңғай персоналды басқару қызметі:
2025 жылдың қорытындысы бойынша Целиноград ауданының жергілікті атқарушы органдарының штат саны 182 бірлікті құрайды, нақты жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 168 адам. Бос тұрған лауазымдар саны – 14.
Есепті кезеңде бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға барлығы 130 конкурс өткізілді, оның ішінде:
23 ішкі конкурс;
107 жалпы конкурс.
Конкурстық рәсімдер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес өткізілді.
2025 жылы 46 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды, оның ішінде теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылғандар жоқ. Талдау кезеңіндегі таза кадрлық ауысым 3 бірлікті құрады.
35 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тікелей бағыныстылық жағдайында жақын туыстардың бірлесіп қызмет атқаруына байланысты бұзушылықтар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өзге де ақылы қызметпен айналысу фактілері анықталған жоқ.
Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтары белгіленген талаптарға сәйкес келеді, лауазымдық міндеттері мен құқықтары толық көлемде айқындалған, функциялардың қайталануы анықталған жоқ.
Демалыстар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және бекітілген демалыс кестесіне сәйкес беріледі.
Мүдделер қақтығысы фактілері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жоқ.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындысы бойынша Целиноград ауданының жергілікті атқарушы органдарының ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Ұсыным:
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша кадрлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру, конкурстық іріктеу кезінде меритократия қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамамен белгіленген шектеулердің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу, мемлекеттік қызметшілер арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ бос лауазымдарды уақтылы толықтыруды және заңнамадағы өзгерістер мен мемлекеттік органдардың функцияларына сәйкес лауазымдық нұсқаулықтарды өзектендіруді қамтамасыз ету ұсынылады.
Целиноград ауданы әкімі аппаратының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің цифрландыру және сапасын бақылау бөлімі
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің цифрландыру және сапасын бақылау бөлімі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ оларды көрсету барысында заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бақылау, талдау және үйлестіру функцияларын жүзеге асырады.
Талдау барысында бөлімнің функциялары, ішкі рәсімдері, өкілеттіктерді іске асыру тәртібі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал етуі мүмкін жағдайлар зерделенді.
Бөлімнің қызметі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тікелей көрсетумен, мемлекеттік қызметтерді көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдаумен, мемлекеттік мүлікке билік етумен, жер учаскелерін берумен, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеумен немесе жеке және заңды тұлғалардың мүліктік не өзге де материалдық пайда алуына байланысты өзге өкілеттіктерді жүзеге асырумен байланысты емес екені анықталды.
Бөлім қызметінің негізгі бағыттары мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, оларды көрсету мерзімдерінің сақталуын талдау, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде талдамалық материалдар мен ұсыныстар әзірлеу, ауданның мемлекеттік органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша қызметін үйлестіру, өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, сондай-ақ түсіндіру және әдістемелік жұмыстар жүргізу болып табылады.
Ауданда мемлекеттік аппараттың ашықтығын, айқындығын және есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Сервистік инфрақұрылымның дамуы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халықтың барлық санаттарына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудан аумағында Ақмол, Қабанбай батыр, Софиевка, Арайлы, Жаңаесіл, Жалғызқұдық, Қызылсуат, Шалқар, Родина, Талапкер және Мәншүк Мәметова ауылдарында орналасқан 11 Сервистік әкімдік жұмыс істейді. Сонымен қатар әкімдіктердің, мектептердің және балабақшалардың ғимараттарында орналасқан 66 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар.
2025 жылы Целиноград ауданының жергілікті атқарушы органдары 59 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі және 66 кіші түрі бойынша қызмет көрсетті.
Көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны:
халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында – 4913;
экономика саласында – 665;
сәулет және қала құрылысы саласында – 7793;
ауыл шаруашылығы саласында – 560;
әскери қызмет саласында – 26;
жер қатынастары саласында – 15 556;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында – 26;
дене шынықтыру және спорт саласында – 73.
2025 жылы барлығы 29 612 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік көрсетілетін қызметтер:
жер учаскесін алу үшін кезекке қою – 8730;
жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту – 2448;
жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай беру немесе оны жою – 3927;
мемлекеттік меншіктегі, сауда-саттықты (аукционды) өткізуді талап етпейтін жер учаскелеріне құқықтарды беру – 3334;
құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеуге арналған бастапқы материалдарды ұсыну – 2093;
эскизді (эскиздік жобаны) келісу – 1656;
еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және оның қолданылу мерзімін ұзарту – 3293.
Электрондық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту жағдайларының саны 13 924-ті құрады.
Ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметіне енгізілген оң тәжірибелерді ерекше атап өткен жөн. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың есептерін жыл сайын жария талқылау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша тұрақты тікелей эфирлер мен онлайн-жәрмеңкелер өткізу бар.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу тәртібі туралы ақпаратқа қол жеткізу көздері мен орындары
Көрсетілетін қызметті алушыларды мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы ақпараттандыру мақсатында мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары мен өтініштердің үлгілері орналастырылған ақпараттық стендтер жабдықталған.
Целиноград ауданының ресми интернет-ресурсында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімі жұмыс істейді. Онда мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары, шағымдану тәртібі, көрсетілетін қызметті берушілердің байланыс деректері, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу жөніндегі нұсқаулықтар орналастырылған.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру және олардың сапасын жақсарту мақсатында мынадай іс-шаралар өткізілді:
ауылдық округтерде «E-gov» қол жеткізу бұрыштары ашылды;
«Вестник-Акмола» аудандық газетінде 2 мақала жарияланды;
Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда «электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу, оларды көрсету тәртібі, мерзімдері мен орындары туралы түсіндіретін 290 жарияланым орналастырылды;
мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі – 6;
мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері қаралған Қоғамдық кеңестің 2 отырысы өткізілді.
Халықтың электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылы 1 Сервистік әкімдік ашылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсететін ауылдар, ауылдық округтер әкімдіктерінде және ауданның дербес бөлімдерінде 66 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Барлық бұрыштар компьютермен, сканермен, принтермен және картридермен жабдықталған. 2025 жылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы 7981 мемлекеттік қызмет алынды.
Жекелеген бизнес-процестерді талдау барысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тек қызметтің ұйымдастырушылық аспектілерімен, оның ішінде мониторинг нәтижелерін субъективті бағалау мүмкіндігімен, анықталған бұзушылықтардың талдамалық материалдарда толық көрсетілуімен және өтініштерді қараудың объективтілігімен байланысты болуы мүмкін екендігі анықталды.
Сонымен бірге аталған тәуекелдер бірыңғай бағалау өлшемшарттарын қолдану, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін пайдалану, мониторинг нәтижелерін құжатпен растау, талдамалық материалдарды көпсатылы келісу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасы мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарын сақтау, сондай-ақ бөлім қызметкерлерінің қызметіне тұрақты ішкі бақылау жүргізу арқылы барынша төмендетілген.
Бұдан басқа, бөлімде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген шектеулер мен тыйымдардың сақталуы қамтамасыз етіледі, мүдделер қақтығысына жол бермеу, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметтік тәртіп пен атқарушылық жауапкершілікті сақтау бойынша шаралар қабылданады.
Ұсыным:
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасының талаптарын сақтауға, әкімшілік рәсімдердің сақталуына және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың объективтілігіне ішкі бақылауды күшейтуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оларды уақтылы азайту жөнінде қажетті шаралар қабылдау ұсынылады.
Қаржылық есепке алу бөлімі:
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау шеңберінде «Целиноград ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу порталында жасалған шарттары туралы мәліметтер зерделенді.
Талдау нәтижесінде төмендегілер анықталды:
2025 жылы барлығы 55 шарт жасалды, оның ішінде:
баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен – 16 шарт;
ашық конкурс тәсілімен – 4 шарт;
электрондық дүкен арқылы – 9 шарт;
өтпеген мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша бір көзден алу тәсілімен – 16 шарт;
тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен – 10 шарт.
Ерекше назар бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған сатып алуларға аударылды, өйткені бұл тәсіл бәсекелестік ортаның шектелуіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болу ықтималдығымен сипатталады. Сонымен қатар аталған тәсілді қолдану Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген негіздерге сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
Жеткізушілер туралы мәліметтерді талдау нәтижесінде 2025 жылы жосықсыз өнім берушілермен шарттар жасалмағаны анықталды, бұл контрагенттерді таңдау кезінде заңнама талаптарының сақталғанын көрсетеді.
Осылайша, қолда бар деректерді талдау мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігі бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асырылғанын көрсетті. Алайда шарттардың едәуір бөлігі (55 шарттың 26-сы немесе 47,3 %-ы) бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бұл жағдай аталған сатып алу тәсілін қолдану негіздерінің заңдылығына, оларды құжаттық тұрғыдан растауға, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтық, айқындық және тиімділік қағидаттарының сақталуына одан әрі бақылауды қажет етеді.
Талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының белгілері анықталған жоқ. Сонымен бірге бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған сатып алулардың жоғары үлесіне байланысты әлеуетті сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталып отыр. Оларды азайту мақсатында мүмкіндігінше бәсекелестік тәсілдермен жүргізілетін сатып алулардың үлесін ұлғайту, бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асырудың негіздерін тиісінше дәлелдеу және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына тұрақты ішкі бақылау жүргізу ұсынылады.
Ұсыным:
Мемлекеттік сатып алу саласындағы ішкі бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырып, заңдылық, ашықтық, адал бәсекелестік, айқындық және бюджет қаражатын тиімді пайдалану қағидаттарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде осы тәсілді қолдану негіздерінің толық әрі жан-жақты құжаттық негіздемесінің болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сатып алу қызметіне тұрақты негізде мониторинг жүргізу арқылы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтау және оларды барынша азайту жөнінде қажетті шаралар қабылдау ұсынылады.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері:
2025 жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы 8341 өтініш келіп түсті.
Оның ішінде заңды тұлғалардан – 1673 өтініш, жеке тұлғалардан – 6668 өтініш келіп түсті. Оның 200-і аудан әкімі мен оның орынбасарларының, ауылдық округ әкімдерінің және дербес бөлімдер басшыларының жеке қабылдауында қаралған өтініштер.
Келіп түскен 8341 өтініште төмендегі мәселелер көтерілген:
тұрғын үй мәселелері бойынша – 71;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша – 1264;
жер мәселелері бойынша – 2696;
жұмыспен қамту мәселелері бойынша – 2;
әлеуметтік сипаттағы мәселелер бойынша – 35;
білім беру мәселелері бойынша – 8;
ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша – 71;
өзге мәселелер бойынша – 4194.
Өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу немесе оларды қарау мерзімін ұзарту фактілері болған жоқ.
Талдау нәтижесінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, тіркеу, қарау және оларға жауап жолдау функциялары нормативтік құқықтық актілермен және мекеменің ішкі рәсімдерімен нақты регламенттелгені анықталды. Қолданыстағы жұмыс тетігі заңдылық, ашықтық және есептілік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді, осыған байланысты аталған бағыт бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Ұсыным:
өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуына бақылауды жалғастыру;
өтініштерді қарау сапасы мен толықтығына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;
азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде заңнама талаптарының сақталуы мәселелері бойынша жауапты лауазымды тұлғалармен профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу.
ҚОРЫТЫНДЫ:
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету барысында қосымша ұйымдастырушылық және бақылау шараларын қабылдауды талап ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сақталатыны анықталды.
Негізгі анықталған тәуекелдер:
1. Өтініштерді қарау кезінде жекелеген өтініш берушілерге субъективті көзқарас таныту мүмкіндігіне байланысты жер қатынастары саласындағы өтініштерді іріктеп қарау тәуекелі.
2. Бос жер учаскелері, оларды беру тәртібі және өтініштерді қарау нәтижелері туралы міндетті ақпараттың орналастырылмауы немесе уақтылы жарияланбауы салдарынан жер учаскелерін беру рәсімдерінің ашық еместігі тәуекелі.
3. Бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алулардың жоғары үлесіне байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындау тәуекелі, бұл бәсекелестік ортаны шектейді, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын төмендетеді және объективті емес шешімдердің қабылдану ықтималдығын арттырады.
Жалпы, сыртқы талдау нәтижелері ішкі бақылау тетіктерін күшейту, мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айғақтайды.
Жұмыс тобының басшысы Махамбетова А.С.
Жұмыс тобының мүшелері:
Адилова Э.Н.
Искакова А.С.
Мухамедиянова Д.Е.
Байдильдина Ж.Е.
Хатшы Шахметова Ш.Д