Бюджет-мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақшалай қаражатты қалыптастыру және жұмсау нысаны.
Ауылдық округтің бюджетіне салық түсімдерінің 7 түрі берілді: жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, Жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық, сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін төлем, сондай-ақ жергілікті әкімдер салатын айыппұлдар, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдары түріндегі басқа да салықтық емес түсімдер кірістер; округтің коммуналдық меншігінен түсетін кірістер.
Ауылдық округ деңгейіндегі бюджеттік цикл мынадай: ауылдық округ әкімінің аппараты округ бюджетінің жобасын жасайды және оны жергілікті қоғамдастық жиналысымен келіскеннен кейін ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей ауданның мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органының қарауына ұсынады. Мұндай органның рөлін тиісті ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдері атқарады. Ауданның бюджеттік жоспарлау бөлімі ауданның бюджеттік комиссиясының қарауына ауылдық округтер бюджеттерінің жобаларын енгізеді. Ауылдық округтер бюджеттерінің жобаларын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірілмей аяқталады. Ауылдық округ әкімінің аппараты ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасынан кешіктірмей аудандық бюджет комиссиясы мақұлдаған округ бюджетінің жобасын жергілікті қоғамдастық жиналысының қарауына ұсынады. Бюджет жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін желтоқсан айының соңында аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Есепті жылдан кейінгі жылдың 20 ақпанынан кешіктірмей округ әкімінің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысына, ауданның мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарына қосымшалары бар бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсынады және жергілікті қоғамдастық жиналысында бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті талқылауды жүргізеді. Ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін 10 наурыздан кешіктірмей облыстың Тексеру комиссиясына және 20 наурыздан кешіктірмей аудан мәслихатына қосымшалары бар есепті қаржы жылы үшін округ бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсынады.