Ақмола облысының мәдениет мекемелерінің 2024 жылғы шілде айында атқарылған жұмыс туралы АҚПАРАТ

2024 жылғы 1 тамыз жағдайы бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектісі, оның ішінде 597 мемлекеттік, оның ішінде:

- 248 мемлекеттік клуб кәсіпорны, оның ішінде ауылда - 228;

- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылдық жерлерде - 289;

- 13 мұражай, оның ішінде ауылдық жерлерде - 2;

- 2 театр;

- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы -1;

- 1 Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;

- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.

 

Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі  іс-шаралары.

 

Облыстың барлық клубтық кәсіпорындарында Астана күніне және Ұлттық домбыра күніне арналған дөңгелек үстелдер, бейнероликтер, челлендждер, концерттер ұйымдастырылды. Қазақстандағы ең көне музыкалық аспап мерекесі шілденің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн қазақстандық қоғамды мәдени мұраның құндылықтары мен жасампаз идеялары төңірегінде шоғырландыру мақсатында құрылған.

Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы

5 шілде күні Ұлттық домбыра күніне орай «Оқжетпес» стадионында 2500-ге жуық домбырашының қатысуымен Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін бір мезгілде орындаудың облыстық фестивалін өткізді. Ақмола облысының мәдениет мекемелері: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы, облыс музейлері, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы, «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ аудандардың білім және мәдениет мекемелері Біржан сал, Бурабай, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Жақсы, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Егіндікөл, Зеренді, Шортанды, Целиноград және Көкшетау қалалары, «Болашақ сарайы» тәрбиеленушілері, мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың қатысушысы – «Шабыт» шығармашылық және білім беру орталығы, Ақмола облыстық сотының, Мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қала тұрғындары ауқымды мерекелік іс-шараға белсенді қатысып, ұлттық құндылықты насихаттауға өз үлестерін қосты.

Атбасар ауданында барлық ауылдық клубтарда «Домбыра дала үні», «Домбырамның үні» дөңгелек үстелі, «Дала әуені» бейне-сюжеті; «Сиқырлы ішекті домбыра»; «Домбыра-халықтың жаны»; «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» бейнероликтері ұйымдастырылды. Мерекелік концерттерді Бастау ауылының Жастар мәдени-демалыс орталығы «Қазақтың қара домбырасы», Сепе ауылының ауылдық клубы «Домбыра қазақ халқының мұрасы» өткізді.

Ерейментау ауданының орталық алаңында Домбыра күніне арналған ауқымды іс-шара өтті, оған «Балбырауын» күйін орындаған аудан және ауылдық округтердің домбырашылары қатысты.

Сандықтау ауданында «Каламбур» театр ұжымы Карина Крикунованың (АМҮ) басшылығымен 1-30 шілде аралығында «Театр демалыстары» жобасын әзірледі. Күн сайын балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті: этюдтер ойнады, пьесалар дайындады, шеберлік сабақтарына, грим, байқауларға қатысып, экскурсиялар мен ойын-сауық іс-шараларын өткізді. Осы бірегей жобаның арқасында балалар демалыстарын тек көңілді ғана емес, сонымен қатар пайдалы өткізе білді.

Зеренді ауданында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің қатысуымен Астана күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жақсы ауданында Елорда күнін мерекелеу қарсаңында Белағаш ауылдық мәдениет үйінде «Бала дауысы» вокалдық байқауы өтті. Байқаудың бас жүлдесін Жүнісова Анита, Ғасымов Сүлейман және Демченко Яна жеңіп алды. Барлық балалар дипломдармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, «Карнавал» шығармашылық ұжымының 25 жылдығы аясында Белағаш ауылдық клубында есептік концерт өтіп, аудан әкімі А.Кадралина құттықтау сөздерін жолдады. Ол топтың қалыптасуы мен қолдауындағы әрбір басшының, демеушінің рөлін атап өтіп, шынайы алғысын білдірді. «Карнавал» би ұжымы аудан әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сертификатымен марапатталды.

Бурабай ауданында Домбыра күніне орай орталық алаңда флэшмоб өткізіліп, оған 400-ден астам адам қатысты. Аудандық «Әнші ауыл» байқауының гала–концертіне ауданның барлық ауылдық округтері қатысты. «Аяулы жас келін -2024», «Шуағын шашсын әжелер» аудандық байқаулары өткізілді; ветеринария қызметкерлері күніне орай мерекелік концерт өтті.

Целиноград ауданының барлық мәдениет нысандарында Домбыра күнін мерекелеуге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар өтті: концерттер, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар, дәрістер, көрме қойылымдары.Астана күнін мерекелеу аясында Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында мерекелік көпшілікті іс-шара өткізілді.

Елорда күні қарсаңында 2024 жылғы 5 шілдеде Көкшетау қаласының әкімі Б.Ғайса 18 көкшетаулыққа пәтер кілтін табыстады. Салтанатты рәсім Сарыарқа 25/3 үйінің ауласында өтті. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын адамдар жаңа пәтерлердің кілттерін алды.  Осындай қуанышты сәтте олар пәтерлерінің кілттерін алу үшін отбасыларымен, балаларымен және немерелерімен бірге келді. Абылай хан алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына «Армысың, аяулы, ару астана!» концерттік бағдарламада елордаға, туған өлкеге арналған музыкалық шығармалар орындалды. Сондай-ақ, мерекелік концертке Петропавл қаласынан «Черный бриллиант» кавер-тобы шақырылды.

 «Көкше» МҮ атақты домбырашылар Тәттімбет, Құрманғазы, Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова және т.б. туралы ақпараттық-экспресс өтті. Іс-шараға «Көкше» МҮ «Шаңырақ» домбыра ансамблінің жетекшісі М.Сүлейменова шақырылды. Ол балаларға аспапта орындау шеберлігінің қыр-сыры туралы айтып, өз шеберлігімен бөлісті. Сондай-ақ, «Шаңырақ» ансамблінің орындауында «Балбырауын», «Адай» және басқа да танымал күйлер шырқалды.

Ұлттық домбыра күніне орай Қосшы қаласындағы мектеп-гимназия стадионында «Dombyra-FEST» челленджі өтті, оған қаланың барлық өнер және білім орталығынан 300-ге жуық домбырашы қатысты. Домбырашылар челленджінің мақсаты-балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және біздің сүйікті домбыра аспабымызды танымал ету.

Мерейтойлық күндер бойынша іс-шаралар

Ақкөл ауданында Урюпинск мәдениет үйінде Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған «Жеңіс хабаршысы» тақырыптық сағаты; Новорыбинск АМҮ Біржан салдың 190 жылдығына арналған «Халық ақыны Біржан сал» музыкалық - поэзиялық кеші, ойын-сауық - ойын бағдарламасы; Мало-Александровск ауылдық клубында Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған «Ұлы дала баласы» ақпараттық сағаты өткізілді.

Зеренді ауданының ауылдық клубтарында Мырзабек Рақымбековтің 60 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Ағымдағы жылдың шілде айында облыстың 331 кітапханасында 9336 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 232 959 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны –149 820 адам.

Кітап қоры 4 460 908 дана, бір ай ішінде 1 321 дана әдебиет келіп түсті, 507дана шығарылды.

Интернет желісіне 262 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген –312 кітапхана, телефондандырылған –309 кітапхана.

Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 1645 іс-шара өткізіліп, оған 85 175 адам қатысты.

2024 жылғы шілде айында облыс мұражайлары 365 экскурсия, 24 дәріс,22 көрме өткізді, 52 іс-шара ұйымдастырды. Келушілер саны - 8 377 адам.

«Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК шілде айында 334 іс – шара өткізді (оның ішінде экскурсиялар - 288, дәрістер – 16, көрмелер – 14, бұқаралық іс-шаралар - 16, оған 6330 адам қатысты.

Негізгі іс-шаралар:

Шілде айында Бурабай ауданында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-этнографиялық экспедициясы өтті. Экспедиция барысында музей қызметкерлері археологиялық ескерткіштерді барлау жұмыстарын жүргізді, Бурабай ауданы Наурызбай батыр ауылының шеберлерімен кездесті, Ж.Артықпаевтың басшылығымен көшпелі мәдениет жеке музейінде өтті.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің және Бурабай кентінің тарихи музейлері бірлесіп ашық ретро-көрме ұйымдастырды. Ретро көрме - бұл кеңес заманының 70-80-ші жылдарына саяхат жасайтын бірегей орын болды.

Көрме келушілерге винил таспаларын тыңдап, қарапайым кеңес азаматының пәтеріне болғандай әсер қалдырды. Экскурсанттар барлығын ұстап, киіп көріп, сонымен қатар, әр жәдігер туралы толық ақпарат ала алды.

Жәдігерлер Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Бурабай кентінің тарих музейі қорынан алынды.

4 шілде күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, Мәдениет саласының үздігі Әбілсерік Қамашевпен «Күмбірлеп күй төгілген шанағынан» атты кездесу кеші өтті.

Кешке «Өрлеу біліктілікті арттыру институтының» тыңдаушылары қатысты.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-сі Астана күніне Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенттерімен орталық алаңда орналасқан «Тәуелсіздік» стеласы жанында «Жайнай бер, жас Астана!» атты акциясын өткізді. (50 адам).

Ұлттық домбыра күніне арналған Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен «Домбыра күні-ұлттың үні» атты акция өткізілді. (50 адам.)

19.07.2024 ж. Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-сі «Аңызға айналған киелі ескерткіштер» жобасы негізінде, Көкшетау қаласының М. Ғабдуллин атындағы №3 көпбейінді мектеп гимназиясының жазғы сауықтыру алаңында «Ақмола облысының киелі жерлері» атты дәріс өткізді.  (10 адам).

Сандықтау ауданында археологиялық қорғау құтқару жұмыстары

17 маусым күні Сандықтау ауданында археологиялық қорғау құтқару жұмыстары басталды.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ жыл сайын Ақмола облысының аумағында бұзылу қауіпі төніп тұрған археологиялық ескерткіштерге қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізеді.
«Қазыналы қазба - ұлт құндылығы» жобасы аясында 2024 жылдың маусым-шілде айларында Сандықтау ауданындағы жаңадан анықталған қола дәуірінің (б.з.д. 18-15 ғғ.) Сандықтау III қорымдарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.

Сандықтау III қорымынан орта қола дәуірінің қыш ыдыстары табылуда. Андронов мәдениеті шаруашылықтың прогрессивті формаларының дамуымен сипатталады. Саздан жасалған ыдыстар Андронов қорымдарынан табылған негізгі заттай дерек болып табылады. Ыдыстардың түбі тегіс болып келеді, түбінің диаметрі әрқашан ернеуінің диаметрінен екі есе кіші болады. Ыдыстың биіктігі шамамен оның диаметріне тең. Бүйірлері дөңес, дөңгелектенген, ең үлкен диаметрі қыш ыдыстың жоғарғы үштен бір бөлігі болып келеді. Қыш ыдыстарды қорымдар мен қорғандарға көптеп салуының себебі қола дәуіріндегі алғашқы дүниетанымның белгісі ретінде - о дүниеде өмір жалғасады деп сенген.

Ақмола облысы Сандықтау ауданы Балкашино ауылының маңынан адам бетінің бедерлі бейнесі - монументалды өнердің ежелгі ескерткіші табылды. Болжам бойынша, түркі кезеңіне жататын діни рәсімдерді өткізуге арналған қасиетті орын. Бет ерекшеліктері түркі бейнелеу өнеріне тән (географиялық координаттары: 52°31'04.3"N 68°46'35.2"E). Бұл ескерткішті ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттегеннен кейін оның қай кезеңге жататыны туралы қорытынды жасалады.

Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкерлері 2024 жылдың шілде айында жұмыс жоспарына сәйкес көпшіліктің рухани өміріне серпін беріп, мәдени болмысын, эстетикалық талғамын өсірер, мазмұн мен мағынаға толы біршама іс-шара атқарды.

   Музей педагогикасы жұмысын бір арнаға түсіріп, өткен мен бүгінгі сабақтастықты жаңғырту мақсатында жазылып, құрылған қазақ мәдениеті мен тарихына, әдебиеті мен өнеріне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қатысты төмендегі дәріс-көрмелерді айырықша атап өтуге болады.

Ақын Нұрмияш Көбеновтың 90 жылдығына орай «Дала дүбірі» атты көрме-дәріс, спортшы Тишков Сергей Васильевичтің туғанына 65 жыл толуына орай «Мұқалмас жігер, қажымас қайрат иесі»,«Кілем тоқу», Қазақ халқының тұрмыстық ыдыс-аяқ түрлері, жасалауы жайындағы «Саптыаяқта сақталған сыр»,қазақ халқының ұлттық саз аспаптары жайындағы «Ұлы Дала әуендері», қазақтың дәстүрлі ән мектептері жайындағы «Ән қанатында», «Қоңыр күйдің күмбірі», қазақ халқының күйшілік өнері жайындағы «Қарашаңырақ», «Айдан алқа тағынып» атты көрме – дәріс өткізілді.

2024 жылдың 5 шілдесінде Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова Қоғамдық келісім сарайында «Қоңыр күйдің күмбірі» атты көрме-дәріс өткізді. Көрме-дәріс ұлттық домбыра күніне арналды. Іс-шараға ҚХА Ақмола облыстық филиалының мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

   Дәріске көрнекілік ретінде Әдебиет және өнер музейінің қорынан алынған домбыралар қойылды.

Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленді. Жер-жерде бұл ұлы дәстүрді жаңғырту жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады.

Осы орайда Ақмола облысында Ұлттық домбыра күніне 5 шілде күні, «Оқжетпес» стадионында 2500-ге жуық домбырашылардың Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін бір мезетте орындаудан флешмоб өтті.

Көрнекті мәдениет қайраткерлері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Еңбек ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, әнші Бисара Мәкенова, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Базаров Тұрлықожа Биназарұлы, Ақан сері атындағы жоғары Мәдениет колледжінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Мұхамедияр Саян Болатұлы қатысты.

Ақмола облысының мәдениет мекемелері: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, Облыстық халық шығармашылық орталығы, Көкшетау қаласы «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары, сонымен қатар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау, Степногосрк, Шортанды, Қосшы, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласының мемлекеттік мекемелері мен Су арнасы, білім және мәдениет ошақтарының қызметкерлері, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс қатысушылары – «Өнер», «Шабыт» орталығының тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары ауқымды мерекелік іс-шараға белсене қатысып, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге үлестерін қосуға келді.

Бұл флешмоб облысымыздың кәсіби домбырашылары мен қала тұрғындарының қатысумен бірнеше жыл қатарынан өткізіліп дәстүрге айналып келеді.

Ағымдағы жылдың 24 шілдесінде Абылайхан алаңында орналасқан Мультимедиялық интерактивті кешен реконструкциядан өткеннен кейінгі ашылу салтанаты өтті.

Қазақстанда баламасы жоқ нысан. Уақытпен бірге жүреді, курорттың тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи, инновациялық, жайлы және өте керемет кеңістіктерді ашуға бағытталған.

Салтанатты ашу құқығы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевке берілді.

Кешенді жаңарту мақсаттарының бірі –мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау. Қасым-Жомарт Тоқаев туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуының катализаторы болып табылатынын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен келесі жылы аталмыш кешенде Ұлттық құрылтай өтеді.

Осы кешеннің бүгін бой түзеп, өздеріңізге есігінің паш етіп ашылуы Ұлттық құрылтайға үлкен дайындық болған сияқты. Менің ойымша, кешеннің болашағы зор. Қазақстанның барлық өңірі Мультимедиалық интерактивті кешенді үлгі етіп, өлкелерімізді танытып, Қазақстанды шетелге, өзара өскелең ұрпаққа насихаттайтын болса, әр қазақстандықтың жүрегі елім деп соғып, Қазақстанның өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдімін, – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып, өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» - деген болатын. Осы орайда «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» атты акция басталды.

Бұл бастаманың мақсаты арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Біржан сал ауданының Степняк ауылына және Целиноград ауданының Родина ауылына 100 кітаптан табысталды.

Сондай-ақ, Президент әкімшілігінің басшысы Дәйдебай Айбек Арқабайұлының атынан Біржан сал ауданының Қоғам ауылына және Целиноград ауданының Ақмол ауылына 100 кітаптан табысталды.

 

 

 

Дата публикации
02 октября 2024