2024 жылдың ақпан айындағы негізгі көрсеткіштері

Ақмола облысы мәдениет мекемелерінің

2024 жылдың ақпан айында атқарылған жұмыстары туралы

АҚПАРАТ

 

2024 жылғы 29 ақпандағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:

- 247 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 227;

- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);

- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;

- 2 театр;

- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;

- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;

- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.

Ақпан айында мәдениет мекемелері 2 656 іс-шара өткізді, оған 323 544 адам қатысты.

Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мен мәдениет ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бейсембаева Дина Уақытқызы Астана қаласында ҚР Президентінің жанындағы мемлекет басқару академиясында Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес креативті индустрияны қолдау мен дамыту мақсатында «КРЕАТИВТІ ҚАЗАҚСТАН. ӨҢІРЛЕРДЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ» оқыту курстарына қатысты.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Қосшы қаласы мәдениет үйінің концерттер мен лекцияларды ұйымдастырушысы Бақия Азамат Бейсеналыұлының Қосшы қаласының ұлттық музыкалық интерактивті музейі жанында ашылған ұлттық аспаптар жасайтын шеберхана жұмысымен танысты.

Жетекшісі Бақия Азамат Бейсеналыұлы – қазақтың ұмыт қалған аспаптарын зерттеп, қайта жаңғыртушы шебер, балаларға арналған сазсырнайда ойнау методикасының авторы. Экспедициялық зерттеулер жүргізу арқылы, Түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарын қазақтың музыкалық аспаптарымен байланыстыра отырып, ғылыми жұмыстар жасау арқылы жинақтауда. Жеке қорында 1600-ден астам аспаптар жинақталып, Қосшы қаласында ашылған ұлттық музыкалық интерактивті музейінде сақталуда.

2024 жылдың 7 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін атап өтті.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын талқылау бойынша облыстық мәдениет мекемелері басшыларымен жиын өткізді.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрбір облыс орталығында және ірі қалада креативті индустриялар орталықтарын қалыптастыруды қамтитын креативті индустрияны қолдау шараларының жеке жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін кешенді жұмыс басталды», деп атап өтті Айгүл Сәбитова.

Басқарма басшысы Айгүл Сәбитова Ақмола облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысына қатысты.

Күн тәртібінде «Рухани әке, рухани ана» тәлімгерлік институтын енгізу» әлеуметтік жетімдік профилактикасы бойынша жобаны таныстыру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметі туралы және кәмелетке толмағандарды тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарудың 35 жылдығына арналған Ақмола облысының қаза тапқан интернационалист-жауынгерлеріне арналған ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті.

Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді.

Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деген үлкен даналық сөз бар. Интернационалист жауынгерлердің қайсарлығы мен батылдығы Отан қорғаушылардың қазіргі буыны үшін әскери анттарына адалдықтың үлгісі болып табылады.

Астана қаласы, «Қазмедиа орталығы» телерадио кешенінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқа отырысына Ақмола облысынан Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, мәдениет ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дина Бейсембаева, «Көкшетау» мәдениет сарайының директоры Алия Құрманова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының директоры Нұргүл Шайкенова қатысты.

16 ақпан күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Ақмола облысы әкімдігінің азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында өңіріміздің мәдениет саласының дамуы бойынша бірқатар ұсыныстар мен өзекті мәселелері тыңдалды.

Басқарма басшысы халықтың негізгі мәселелерін тыңдап, өтініш берушілердің көтерілген мәселелерін шешуін жеке бақылауына алынатынын атап өтті.

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Ән аға-Шәмші аға» дәстүрлі облыстық байқауын өткізді.

Көкшетауда өз таланттарын көрсету үшін Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан 48 вокалист пен фольклорлық ұжым жиналды. Бұл кеште халық арасында кеңінен таралып, өз заманының шлягері болған әндермен қатар, сирек орындалатын әндері де қайта жаңғырып, көрерменге жол тартты.

Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Ән аға – Шәмші аға» облыстық байқауының қорытынды гала-концертінде үздік орындаушылар өнер көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен III орынды «Меzzо» вокалдық тобы (Атбасар ауданы) және Орынбасар Жеңісов (Жарқайың ауданы) иеленсе, II орынға Еламан Мұратханов (Степногорск қаласы) лайық деп танылды. Ал, I орынға «Нұрлы саз» вокалдық квартеті (Қорғалжын ауданы) ие болды.

«Айтылмаған ән» номинациясының иегері – «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі (Егіндікөл ауданы). Бас жүлдені «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Ақтоты Абдрахман (Көкшетау қаласы) иеленді.

Концерт қонағы, қазақстандық эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасов көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Жас батыр – 2024» облыстық ер балалар байқауы өтті.

Байқауға Аршалы ауданы, Костомар ауылының; Атбасар ауданы, Сергеевка ауылының; Зеренді ауданы, Дөңгілағаш ауылының; Сандықтау ауданы, Қызыл – Қазақстан ауылының; Бұланды ауданы, Никольск ауылының; Бурабай ауданы, Щучинск қаласының; Қосшы қаласы, Р.Қошқарбай атындағы №1 жалпы орта мектебінің; Қосшы қаласы, Бизнес академия «Дара» мектеп-лицейінің; Зеренді ауданы, Ақадыр ауылының; Красный Яр ауылы №3 орта мектебінің және Көкшетау қаласының мектептері: М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының; №21 мектеп лицейінің оқушылары қатысты.

«Жас батыр – 2024» облыстық байқауының жеңімпаздары келесідей анықталды: ІІІ орын – Алдияр Балташ, Көкшетау қаласы, №21мектеп-лицейі, ІІІ орын – Жабагин Фархат, Бурабай ауданы, Щучинск қаласы, ІІІ орын – Ашкен Нұрсаят, Сандықтау ауданы, Қызыл Қазақстан ауылы, ІІ орын – Хұмархан Нұрсұлтан, Бұланды ауданы, Никольск ауылы, ІІ орын – Абдукахор Нұрислам, Красный Яр ауылы №3 орта мектебі, І орын – Зибат Данияр, Зеренді ауданы, Ақадыр ауылы, Бас жүлде – Болат Жеңіс, Р.Қошқарбай атындағы №1 жалпы ЖОББМ.

Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Зеренді аудандық мәдениет үйінде «Фольклорлық ансамбльдерді басқарудағы қиыншылықтар және олардың шешімі. Әдістемелер. Жаңашылдықтар. Репертуар мәселесі» тақырыбында шеберлік сыныбы өтті.

Шеберлік сыныбын арнайы шақырылған Мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік акдемиялық филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Тоқжан Жахин жүргізіп, өзінің шеберлігімен бөлісті.

Оркестрлер мен фольклорлық ансамбльдердің шеберліктерінің өсуіне ықпал жасауға, репертуарларын толықтыру және жаңартуға бағытталған іс-шараға Ақмола облысының қала, аудандарынан 50-ден аса адам қатысты, бұл шығармашылық ұжымдарының жетекшілері (фольклорлық, домбырашылар ансамбльдері мен оркестрлердің жетекшілері) және мәдениет қызметкерлері.

Аталмыш іс-шарада «Арқа әуендері» халықтық фольклорлық ансамблімен практикалық жұмыс жүргізілді. Шеберлік сыныбына қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.

Қазақстанның бірінші Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Ақмола облысының Құрметті азаматы Владимир Михайлович Смирновқа арналған салтанатты іс-шара қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының Республикалық базасында патриоттық, жарқын және салтанатты түрде аталып өтті.

Тәуелсіз Қазақстанның спорт сүйер қауымды және еліміздің түкпір-түкпірінен біріктіретін алғашқы олимпиадалық медалінің 30 жылдығына арналған мерекеге облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының хореографиялық ансамбльдері, «Көкшетау», «Он алты қыз», «Шалқыма», «Сувенир» халықтық би ансамбльдері, «Тұмар» заманауи халықтық би ансамблі, Бурабай ауданының «Viva dance» би ансамбльдері және «Жұмбақтас» костюмдер театры, Ұлттық ұланның үлгілі-көрме оркестрі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрметті қарауыл ротасының әскери қызметшілері, Ш.Уәлиханова атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының курсанттары, A-capella вокалдық квартеті, автор, композитор Жанарту Бекмұрат, Шаңғы жарысы бөлімшесі және Щучинск қ. БЖСМ биатлоны және №2 ОСДЮШОР, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының хоры, дыбыс режиссері Андрей Баженов, жүргізушілер Бейбіт Кешу және Амина Қайратова, облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұжымы қатысты.

Есепті кезеңде Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығын қаржыландыруға 15 121,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 1 219,0 теңгені құрады.

 

Ағымдағы жылдың ақпан айында облыстың 331 кітапханасында 46 443 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 521 575 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 337 131 адам.

Кітап қоры 4 521 470 дана, бір ай ішінде 2 659 дана әдебиет келіп түсті, 1 761 дана шығарылды.

Интернет желісіне 253 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 312 кітапхана, телефондандырылған – 310 кітапхана.

Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 203 іс-шара өткізіліп, оған 108 898 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 17 415,0 мың теңге бөлінді.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен сұлу сөздің сүлейі, Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтың 90 жылдығына орай Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Халқының ардақты ұлы — Сәкен сері» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кешке ақын, ұлағатты ұстаз – Рамазан Бауыржанұлы, Ақан сері атындағы колледждің студенті, айтыскер ақын – Берденбек Мырзат және аталмыш колледждің филология бөлімінде оқитын студенттер қатысты.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері – Меруерт Қайратқызы Сәкен Жүнісовтың өмір мен шығармашылығына арналған «Сері ғұмыр» атты баяндама оқыса, Балалар әдебиеті секторының меңгерушісі – Оралбек Есімұлы жазушының «Ақан сері» романына тоқталып, мазмұнын аша білді.

Студенттерге Сәкен сері Жүнісовтың «Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй», «Аманай мен Заманай» кітаптары таныстырылды.

Қазақстанның халық әртісі, драматург, режиссер Ерсайын Төлеубай Көкшетау қаласына ат басын бұрып, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қорына «Режиссер танымы», «Алаш тарихы: пьесалар», «Драма пьесалар» кітаптарын сыйлады.

16 ақпаны күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Жүректі отқа ораған – Ауғанстан» атты кездесу кеші өтті. Іс-шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.

 

2024 жылдың ақпан айында облыс музейлерімен 250 экскурсия, 49 дәріс, 47 көрме өткізіліп, 348 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 8 297 адам.

АС музей цифрландырылған жәдігерлер саны – 2 422, барлығы – 26 219.

Аудиогид жобасын іске асыру: дыбысталған эскурсиялар саны – 0.

Биыл Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өту, қаламгердің рухани мұрасына ғылыми тұрғыда зерттеу жасау, талдау, шығармашылығы мен өмір жолын көпшілікке насихаттау мақсатында Ақмола облысында ауқымды жобалар жоспарланған. Әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған «Сексен көлдің серісі...» атты әдеби-сазды кеш сол іс-шаралардың  басы іспеттес.

Жас ұрпақтың Сәкен сері тұлғасын тануына ықпал ету және көпшілікті көркем әдебиетке ынталандыруды мақсат еткен кешті ақын, РНD-доктор, Қазақстан жазушылары Одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Ерболат Баят жүргізді. Іс-шараға Ақмола облысының мәдениет басқармасы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, ЖОО ұстаздары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

2024 жылдың 6 ақпаны күні Жошы ұлысының 800 жылдығына орай Әдебиет және өнер музейінің Youtube каналында Ш.Уәлиханов университетінің профессоры, ф.ғ.к. Сәбит Жәмбекпен болған «Жошы хан – қазақ хандарының түп атасы» атты бейнесұхбат жарияланды.

7 ақпан күні Әдебиет және өнер музейінде «Аrt-Жастар» көрмесінің ашылу рәсімі болып өтті. Бұл көрмеге Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің шығармалары қойылды. Мәдениет колледжі мен Әдебиет және өнер музейі арасындағы екі жақты ынтымақтастық нәтижесінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан көрмеге отыз картина, төрт киім дизайны үлгісі қойылды.

Көрменің ашылу рәсімінде Ақан сері колледжінің директоры Саян Мұхамедияр жастар шығармашылығын насихаттауда жан-жақты қолдау көрсеткен музей ұжымына алғыс білдірді. ҚР Суретшілері одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Юрий Попов шығармашыл жастарға табыс тіледі.

Биыл жерлес жазушы, публицист, қарт журналист Сарбас Ақтаев 90 жасқа толғалы отыр. Осы мерейтойға орай, 21 ақпан күні музей қызметкерлері музей қорын толықтыру, ақпарат жинақтау, Сарбас Ақтаевтың еңбегі мен өмір жолы жайындағы деректерді өз аузынан жазып алу мақсатында қаламгердің шаңырағында қонақта болды.

Сарбас Ақтаев өзі жайында, өзінің өскен, қалыптасқан ортасы жайында үш сағаттық сұхбат беріп, Көкшетау мен Жетісу жерлерінің қысқаша тарихына тоқталып өтті. Абыз ақсақал музей қорына өз қаламынан туған «Алтын қалам», «Шарапатты шаңырақ» кітаптары мен фотосуреттерді тапсырды.

Есепті кезеңде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм мырза Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі мен Көкшетау қаласының тарихы музейінде қонақта болып, өңірдің мәдениеті мен өнерінің бай тарихымен танысты.

Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкерлері қаламыздың Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 8 сынып оқушылары назарына «Қасиет қонған  құт мекен – сұлу Көкше» атты жылжымалы көрмесін ұсынды.

20 ақпан күні Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкерлеріның қатсуымен Гуманитарлық-техникалық лицей-мектебімен бірлесе ұйымдастырылған «Тұлға тұғыры» атты әдеби-музыкалық іс-шарасы өтті. Музей қызметкерлері оқушылар назарына туған қаламыздың тарихи кезеңдеріне арналған фотокөрме, слайд ұсынып, өлкеміздің дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлғалар туралы дәріс оқыды.

9 ақпан күні Көкшетау қаласындағы №18 Сәкен Жүнісов атындағы мектеп-лицейінде Кеңес Одағының батыры, академик М.Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен «Заманай мен Аманай» романындағы ана мен бала тағдыры»  атты танымдық сағат өтті.       

Танымдық сағатта ақын, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Ерболат Баятұлы мен ф.ғ.к., Шоқан Уәлиханов университетінің қауымдастырылған профессоры Сәбит Жәмбек және музейдің аға ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушина сөз сөйлеп, жазушының аталған шығармасына ғылыми тұрғыда талдау жасады.

20 ақпан күні М.Ғабдуллин музейінде музей жанынан құрылған ғылыми кеңестің 1-ші отырысы өтті. Ғылыми кеңестің модераторы ақын, музейдің ғылыми кеңесшісі Ерболат Баятұлы болды.

Ғылыми кеңестің тұрақты мүшелері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Б.Шалабай, КМУ-нің ұстазы, ф.ғ.д С.Жәмбек, Көкшетау техникалық институтының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, подполковник С.Қасымова қатысқан жиында Музейдің 2024 жылдың жұмыс жоспарымен таныстыру, М.Ғабдуллин тұлғалық энциклопедиясының сөзтізбесімен таныстыру және толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі  қорлар бөлімінің аға ғылыми қызметкерлері Көкшетау қаласындағы №14 жалпы білім беретін мектепте «Ағаш ыдыс – қазақ халқының көне мәдени мұрасы» тақырыбында дәріспен көшпелі көрме; «Көшпенділердің тұрмысы мен мәдениеті» тақырыбында дәріспен,  сондай-ақ Көкшетау қаласының №19 мектебінде, Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының оқушыларына арналған «Көне заттар» музей квесті өткізілді

«Юный краевед» клубының мүшелері мен С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің оқушылары үшін «Көне заттар» атты квест өткізді.

«Сандықтағы музей» және «Музей на колесах» музей жобалары аясында табиғат және экология бөлімінің ғылыми қызметкерлері Көкшетау қаласындағы №9 мектеп оқушыларына арналған «Мамонттың иық сүйегі» көрмесі, сондай-ақ дәріс оқылды; «Ақмола облысының жануарлар әлемі» көрмесі және SCHOOL Мега Зияткерлік мектебінде «Ребятам о зверятах» дәрісі оқылды.

Облыс музейлерін қаржыландыруға 52 886,7 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 147,0 мың теңгені құрады.

 

Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.

16 ақпан күні Ақмола облысы мәдениет басқармасы жанындағы «Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия» отырысы өтті.

Күн тәртібінде ҰОС қатысушысы, І дәрежелі Отан соғысы, Әскери Қызыл Ту, «Халық қаһарманы» ордендерінің иегері, Рейхстаг ғимаратының қабырғасында бірінші болып туын көтерген, Целиноградтың Құрметті азаматы Рахымжан Қошқарбаевқа бюст орнату; жазушы, публицист, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, көптеген мемлекеттік наградалардың иегері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Естай Мырзахметовке мемориалды тақта орнату және Ақмола облысы аумағындағы Кеңес кезеңіндегі ескерткіштері бойынша мәселелері қарастырылды.

Көкшетау қаласы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушыларына «Ерте темір дәуіріндегі – сақтар» тақырыбында, Көкше өңіріндегі археологиялық ескерткіштердің ерекшеліктері жайлы Ақмола облысы Мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының» директоры Ж.Укеев арнайы бірлескен дәріс оқыды.

Дәріс барысында соңғы жылдары сақ мәдениетіне қатысты зерттеулермен бөлісіп, арнайы көрме арқылы табылған жәдігерлер көрсетіліп оқушылардың білімдері бекітілді.

Ағымдағы кезеңде орталық қызметкерлері қаламыздың ЖОО мен ОАОО студенттеріне Ақмола облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасы» және «Ақмола облысының киелі жерлері» атты тарих сабақтарын өткізді.

Сабақ барысында Ақмола облысының құрылуы, аумағы, халық саны, оның ұлттық құрамы, сондай-ақ Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасы туралы слайдтар, бейнематериалдар мен көрмелер ұйымдастырылды.

 

Ақпан айында облыс театрлары 60 спектакль көрсетті, барлығы 5 437 адам қатысты.

Есептік кезеңде балаларға арналған – 33, отандық авторлар – 18, шетелдік авторлар – 36 қойылымдары сахналанды. Республикалық немесе халықаралық фестивальдерге қатысу – 0.

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында XX ғасырдың жарқын бейнесі – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары негізінде сахналанған «АЛАШ» пласикалық драмасының тұсаукесері өтті. Авторы: Ахмет Байтұрсынұлы, қоюшы-режиссері: Қайрат Мырзаболатов, Нұрислам Әбділ.

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз.

Еліміздің тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Драма алаш көсемдері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды зиялылар қауымының тар жол тайғақ кешкен зұлматты жылдарынан сыр шертеді.

«Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр.

Шахмет  Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, театр және кино актері, сахна саңлағы Төлеубек Көңбайұлы ердің жасы елуге толды. Театр мен кинода сан түрлі образдар галереясын жасап өнерімен өрістеген актердің мерейлі мерекесіне орай, Шахмет Құсайынов театрында шығармашылық апталығы ұйымдастырылды. 

ҚР Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбайұлының 50 жас мерейтойына арналған апталық «ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІРІМ» атты бенефис шоуымен ашылды.

Театр ұжымы «Жұлдызай-2024» Ұлттық Инклюзипті Ойындарының қатысушыларына қолдау білдіріп, қайырымдылық ретінде экскурсия ұйымдастырып, «Киотоға  жол» қойылымын тегін тамашалауға мүмкіндік жасады.

Ақмола облыстық орыс драма театрымен есептік кезеңде «В ожидании Годо» трагикомедиясы (автор: Самуэль Беккет, қоюшы-режиссер: Аян Алимбаев) мен «Калека с отстрова Инишмаан» (автор: Мартин Мак-Донах, қоюшы-режиссер: Рача Махатаев) қойылымдарының тұсаукесерлеріне дайындық жұмыстары жүргізілді.

Театрларды қаржыландыруға 64 489,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 3 883,2 мың теңгені құрады (Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры – 949,0 мың теңге, Ақмола облыстық орыс драма театры – 2 934,2 мың теңге).

 

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың ақпан айында 15 іс-шара өткізді, оған 2 808 көрермен қатысты, оның ішінде 1 гастрольдік іс-шара, қамтылған көрермен саны – 400 адамды құрады.

7 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында сюита жанрына арналған Симфониялық оркестрдің «Сюита...»  концерті өтті.

Дирижер Абай Ақбужуров жетекшілік еткен симфониялық оркестр әр-түрлі дәуірлерде өмір сүрген атақты композиторлардың музыкалық миниатюраларын көрермендер назарына ұсынды.

13 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтің ақын, публицист, педагог, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған «Мен жастарға сенемін» авторлық жобасы өтті.

Кеш барысында сыршыл лирика шебері Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері мен ән-жыры орындалды.

Көкше ақын-композиторларын зерттеп, қаламына тиек етіп жүрген Сәрсенбай Хасенов Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына тоқталып, жауһар  туындыларын көпшіліктің назарына ұсынды. 

15 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында  эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің дәстүрге айналған «Солистер шеруі» атты концерті өтті.     

Музыканттар бас дирижер «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалинның және  дирижер Шыңғыс Елемановтың жетекшілік етуімен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде шыңдалған орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, солист ретінде өз өнерлерін ортаға салды.

23 ақпан күні «Көкшетау» МС-да Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың 70 жылдық мерейтойы мен 50 жылдық шығармашылық қызметіне арналған «Айналайын Көкшеден, еркелеткен!» шығармашылық кеші өтті.

Жастайынан ән-жырға  құмар, саналы өмірін сахна төрінде  өткізіп, өнер  жолына арнаған Бисара Мәкенова – ұлы ақындардың, Қазақстан композиторларының мұраларын және халық әндерін бала кезінен насихаттап, жаңғыртып, саналы ұрпақ тәрбиесіне де зор үлесін қосып келе жатқан өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар шығармашыл тұлға.

Әншінің сарқылмайтын шығармашылық қоры, табиғи туа біткен дарыны, әдемі қоңыр даусы ән сүйер қауымның жүрегінен орын алғаны сөзсіз.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында 28 ақпан күні  майталман шебер гитарашы Әлібек Ахмалишевтің жеке концерті өтті.

Концерттік бағдарламаның бірінші бөлімінде Франциско Тарреги, Х.Морель, Р.Диенстің танымал туындылары мен Әлібек Ахмалишевтің өңдеуінде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас»  және  Япырай» композициялары, сонымен қатар кеш иесінің «Невесомость» атты авторлық шығармасы көпшіліктің назарына ұсынылады. Концертті дәрісші-музыкатанушы Юлия Никитенко жүргізді.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 51 537,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 1 838,0 мың теңгені құрады.

Дата публикации
01 марта 2024