2024 жылдың қаңтар айындағы негізгі көрсеткіштері

Ақмола облысы мәдениет мекемелерінің

2024 жылдың қаңтар айында атқарылған жұмыстары туралы

АҚПАРАТ

 

2024 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:

- 247 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 227;

- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);

- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;

- 2 театр;

- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;

- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;

- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.

Қаңтар айында мәдениет мекемелері 2 386 іс-шара өткізді, оған 274 173 адам қатысты.

Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.

Есептік кезеңде Ақмола облысының аудандары мен Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары мәдениет бөлімдерінің «2023 жылғы атқарылған жұмыс есебін және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдау» бойынша шағын алқа отырыстары өтті.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының бағынышты мәдениет мекемелері сәйкесінше 2023 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша есептерін ұсынды.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Ақмола облысы әкімдігінің азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында өңіріміздің мәдениет саласының дамуы бойынша бірқатар ұсыныстар мен өзекті мәселелері тыңдалды.

Атап айтқанда, а.ж. мерейтой иелері «Қазақстанның Халық әртісі» Қапаш Құлышеваның 70 жас мерейтойы, «ҚР Еңбек сіңірген әртісі» Бисара Макенованың 70 жас мерейтойы, «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінің иегері Сарбаз Ақтаевтың 90 жас мерейтойы, «ҚР Мәдениет қайраткері» Ильяс Төкеннің 70 жас мерейтойы, Көкшетау қаласының күнін атап өту бойынша ұсыныстар, сонымен қатар жалпы білім беру мектептерінде тарих сабағы бойынша «Жанды сабақтар» өткізу және жұмыс мәселесі қарастырылды.

Айгүл Сәбитова халықтың негізгі мәселелерін тыңдап, өтініш берушілерді көтерілген мәселелерді шешуін жеке бақылауына алынатынын атап өтті.

Есептік кезеңде Ақмола облысы мәдениет басқармасының бас маманы-заңгер Нұрқанов Серік Ерденұлы басқармаға бағынышты мекеме қызметкерлерімен «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарастыру» және «Парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесінің халықаралық стандарты» тақырыптарында семинар-кеңестер өткізді.

Іс-шара барысында «E-otinish» жүйесінде заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін тіркеу, өтініш берушілерге жауа беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға, кәсіпорындар мен ұйымдардың барлық қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Өңір басшысы Ахметжанов Марат Мұратұлы ұлттық бірегейлікті құру және нығайту, тарихи зерттеулер жүргізу және тұтастай алғанда мәдениет саласын дамыту туралы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында ақын Мерген Тоқсанбай қазіргі ақмолалық музыканттардың орындауында халық әндерінің антологиясын жасау туралы ұсыныс жасаған болатын.

Сал-серілік дәстүрдің бастауында тұрған тарихи тұлғалар мен олардың ізін жалғастырушы өнер майталмандарының рухани мұрасын жинақтап, заманауи сұраныстарға сай етіп ұсыну мақсатында Көкшетау қаласында тұңғыш рет «Ән ордасы – Көкшетау» антологиясы жобасының дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жоба өз кезегінде Көкшетау мен Ақмола өңірінен шыққан Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ғазиз Файзоллаұлы сынды халық композиторлары мен олардың ізін жалғаған өнер майталмандарының мұрасы негізінде әзірленген аудио альбомдар топтамасын ұсынады.

«Ән ордасы – Көкшетау» жобасы Көкшетау өңірінің мәдени мұрасын көпшілікке кеңінен насихаттап, заман сұранысына жауап бере алатын контент қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

Есепті кезеңде Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығын қаржыландыруға 9 447,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 142,0 теңгені құрады.

 

Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыстың 331 кітапханасында 48 538 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 514 616 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 349 203 адам.

Кітап қоры 4 520 572 дана, бір ай ішінде 829 дана әдебиет келіп түсті, 5 975 дана шығарылды.

Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 312 кітапхана, телефондандырылған – 253 кітапхана.

Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 1 686 іс-шара өткізіліп, оған 80 852 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 14 183,0 мың теңге бөлінді.

А.ж. қаңтар айында VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Мысырәлімова Айна Ермекқызы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

2023 жылы кітапхана ғимаратын күрделі жөндеуге 327 923,0 мың теңге қаражат бөлінді.

Өткен жылы жертөледе жөндеу, терезелерді ауыстыру, су құбыры мен кәріз жүйесін жөндеу, жылыту және желдету, ғимаратты электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.

Ғимараттың шатырына, кіреберіске және бірінші қабаттың негізгі кіреберісіне және ғимарат ішіндегі кіреберіс тобына жөндеу жұмыстары, еденге, қабырғаларға дайындық және бөлшектеу жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы ішкі үй-жайларды безендіру, есіктерді орнату, едендерді жөндеу, электр жабдықтарын, бейнебақылау және өрт сөндіру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде, оған облыстық бюджеттен 98 282,0 мың теңге бөлінді.

Есептік кезеңде М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен 2024 жылдың мерейтой иелері: Көкен Шәкеевтің 100 жылдығы, Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығы, Қаныш Сәтпаевтың 100 жылдығы, Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, Бисара Мәкенованың 70 жас мерейтойы, Баянғали Әлімжановтың 70 жас мерейтойына, Алмас Темірбайдың 45 жас мерейтойына арналған арнайы бейнероликтер топтамасын жариялады.

 

2024 жылдың қаңтар айында облыс музейлерімен 163 экскурсия, 29 дәріс, 23 көрме өткізіліп, 215 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 3 828 адам.

АС музей цифрландырылған жәдігерлер саны – 2 075, барлығы – 24 397.

Аудиогид жобасын іске асыру: дыбысталған эскурсиялар саны – 0.

Кербез Көкшеміз ертеден ән бесігі, жыр ордасы екені баршаға мәлім. Жер шоқтығы Көкшетауды Ақан мен Біржан, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп пен Балуан Шолақ, Сәкен мен Мағжан әнімен тербеткен.

Қазақ халқының әншілік өнерін толыстырып, байытып, оны биікке көтерген қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы Біржан Сал Қожағұлұлының алатын орны ерекше.

Әдебиет және өнер музейінде Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына арналған «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы атынан игі іс-шараға қатысқан әйгілі тұлғаның туған шөбересі – Теміртасов Марал Мұхамедқалиұлына арнайы шапан табыс етілді.

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «...Мәлікті тану – ол үшін емес, ұрпақ үшін керек. Оның өмірі жастарымызға патриоттық, интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі...» деген еді.

Мәлік Ғабдуллин музейінде Мәлік Ғабдуллин атындағы «Жас ұлан» әскери патриоттық клубына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.

1995 жылы ашылған «Жас Ұлан» әскери-патриоттық клубы Мәлік Ғабдуллиннің болашақ ізбасарларын, бүгінгі күннің батырларын тәрбиелеуге ат салысу, оқушыларға Мәлік батырдың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу және оларды өз елінің патриоты болуға баулу мақсатын ұстанады.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова болашақта өз Отанын сүйетін патриот азамат тәрбиелеу, жастардың бойында азаматтық және патриоттық сезімді қалыптастыруды дәріптейтін «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының жұмысына сәттілік тілей отыра, жаңа клуб мүшелерінің куәліктерін табыстады.

Ауған соғысы ардадагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы, облыстық маслихат депутаты Дуанбай Қазібайұлы Ыбыраев пен Красный Яр №3 мектеп-гимназиясының директоры Гүлзат Оразбайқызы Бақтыбаева жаңадан қабылданған клуб мүшелеріне ақ жол тілектерін арнап, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Шияп Шәрапұлы ақ батасын берді.

Красный Яр №3 мектеп-гимназиясының оқушылары әсем әндерімен кештің сәнін келтірді.

«Алтын мұра» жобасы аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің табиғат және экология бөлімінің ғылыми қызметкерлері №9 мектеп негізінде «Ақмола облысының жануарлар әлемі» атты іс-шара өткізді. Оқушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылып, дәрістер оқылды. Сонымен қатар, «Жас Дәурен» сауықтыру орталығында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілердің жылжымалы көрмесн ұйымдастырылды.

Оқушыларға Көкшетау қаласының алғашқы кәсіпкерлері, сондай-ақ ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы туралы мағлұмат беру мақсатында Көкшетау қаласының тарихы музейінің ғылыми қызметкері А.Ж.Сатыбаева Гуманитарлық-техникалық колледж студенттеріне «Көкшетау қаласының алғашқы кәсіпкерлері: қаланың революцияға дейінгі тарихынан» атты дәріс өткізді.

Облыс музейлерін қаржыландыруға 36 757,0 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 142,0 мың теңгені құрады.

 

Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-сі Көкшетау қаласының №7 орта мектебінің 8, 9, 10 сынып оқушыларына Балуан Шолақтың 160 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ даласының палуаны» атты тарих сабағын өткізді. Мектеп оқушылары Балуан Шолақтың өмірбаянымен танысып, сонымен қатар Ақмола облысында тұрғызылған ескерткіштер туралы мағлұмат алды.

25 қаңтар күні Сандықтау ауданы, Сандықтау ауылында орналасқан «Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы жыл бойы балаларды сауықтыру лагері» КММ-нің ұйымдастыруымен Сандықтау, Атбасар, Зеренді, Бурабай аудандарының және Көкшетау қаласының жалпы орта білім беретін мектептері оқушыларының қатысуымен «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» атты апталығы ұйымдастырылды.

Сандықтау ауданында өтетін 2024 жылғы археологиялық маусымға жас зерттеушілерді көптеп баулау мақсатында, аталмыш іс-шараға Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-нің директоры Ж.Укеев қатысып, өзінің ғылыми жетекшілік еткен археологиялық зерттеулердің негізінде Қазақстанның көне тарихына қатысты тас дәуіріндегі энеолит кезеңі - Ботай мәдениетінен (б.з.д. 24-22 ғғ.),  қола дәуірінің – Алакөл-Федоров мәдениетінен (б.з.д. 15-12 ғғ.), ерте темір дәуірінің – Сақ кезеңінен (б.з.д. 7-3 ғғ.) тұратын бірнеше дәрістерін оқып, табылған жәдігерлерден тұратын  көрме ұсынылды.

Есептік кезеңде Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығымен облыстық және аудандық баспа гезеттері мен әлеуметтік желілерде ескерткіштерді орнату қағидалары мен вандализм мәселесіне қатысты барлығы 26 мақала жарияланды.

 

Қаңтар айында облыс театрлары 66 спектакль көрсетті, барлығы 6 085 адам қатысты.

Есептік кезеңде балаларға арналған – 42, отандық авторлар – 16, шетелдік авторлар – 50 қойылымдары сахналанды. Қайырымдылық іс-шаралар – 2. Республикалық немесе халықаралық фестивальдерге қатысу – 0.

Облысымыздың қара шаңырағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Дарын», «Серпер», «Шабыт», «ҚР Тұңғыш Президенті» сыйлықтарының лауреаты, ҚР Президент стипендиясының иегері, алашқа аты мәлім ақын Алмас Темірбайдың 45 жас мерейтойына орай, «АЛЫП ЕЛІМ – АЛАШЫМ» атты әдеби-музыкалық композициясының қойылымы сахналанды.

Еңбек жолын 16 жасында бастаған Алмас Темірбай облыстық «Көкшетау» газетінде тілші, аудандық «Бурабай» газетінде редактордың орынбасары, қалалық «Көкшетау» газетінде шолушы, республикалық «Алаш үні» газетінде бас редактордың орынбасары, кейін бас редакторы, облыстық «Арқа ажары» газетінде мәдениет және руxаният бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облыстық «Көкшетау» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Қойылымда Шахаң театрының дарынды жастарының орындауында ақынның ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухты өлеңдері оқылды.

Театр саласындағы кәсіби қоғамдастықты соңғы тенденциялармен таныстыру, саланың қазіргі кездегі ең өзекті мәселелерін қарастыру және шешімдерді әзірлеуге кеңістік беру, театрлар арасындағы тығыз байланыс пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ақмола облыстық орыс драма театрында «Көкшетау – мәдениет пен достықтың мекені» атты халықаралық форум өтті.

Форумға Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, ГИТИС ректоры Заславский Г.А (Мәскеу), А.А.Брянцев атындағы Балалар мен жасөспірмдер театрының директоры, XXV Халықаралық театр фестивалінің директоры Лаврецова С.В., (Санкт-Петербург) және еліміздің драма театрларының директорлары, БАҚ өкілдері қатысты.

Театрларды қаржыландыруға 47 111,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 5 105,3 мың теңгені құрады (Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры – 1 374,5 мың теңге, Ақмола облыстық орыс драма театры – 3 730,8 мың теңге).

 

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың қаңтар айында 9 іс-шара өткізді, оған 1 325 көрермен қатысты.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахна төрінде ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күмес көмей, Торғайдың бозторғайы атанған жез таңдай әнші Ғазиза Жұмекенованың құрметіне арналған еске алу кеші өтті. Биыл Ғазиза Жұмекенқызының туғанына 70 жыл толып отыр.

Атақты композитор Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова Ғазизаның әншілік өнерін өте жоғары бағалады. Бәрінен де халықтың ықыласы мен қошаметі қастерлі.

Ғазизаны Торғай да, Қостанай да, Ақмола да, Көкше де өз қызымыз, өз талантымыз деп естептеді. Қадірледі, алақандарында ұстады.

Шығармашылық ғұмырының ең мағыналы шағы осы киелі шаңырақ - Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясымен байланысты болды.

Кеш барысында сахна төрінен Сарыарқаны әнімен тербеткен Ғазиза Жұмекенованың сүйіп орындаған әндері К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде үзеңгілес жолдастары мен филармонияның жас буын әншілерімен орындалды.

Филармония ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова кезінде өнер жолында бірге жүрген әріптесін еске алып, өз өнерін ортаға салды.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында бірегей дауыс иесі, бүгінгі таңда еліміздегі жалғыз контртенор, халықаралық конкурстардың лауреаты Батыржан Смаковтың жеке концерті өтті.

Барокко және романтизм композиторларының әйгілі үздік шығармаларынан тұратын концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жамиля Жарқымбаева мен Раушан Бескембірова, концертмейстер Ольга Гергель қатысты.

Жас музыкантар: көрнекті пианист Әрсен Жұмабаев, болашағы зор скрипкашы Лаян Еран да өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Филармония сахнасында мектеп абонементі аясында «Музыкалық Тип-топ» интерактивті спектаклінің көрсетелімі өтті.

«Bipl musical» театралдық студиясының әртістері балаларды эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің музыкалық аспаптарымен, музыкалық сауаттылық негіздерімен таныстыра отыра, балалармен бірге музыканың қызықты әлеміне бойлады.

Балалар кейіпкерлердің шытырманға толы оқиғаларын қызықтап, спектакльге қатысып, кейіпкерлермен бірге жұмбақтарды шешіп, ойындарға қатысып, биледі.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 46 768,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 767,0 мың теңгені құрады.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының 2024 жылдың қаңтар айында атқарылған жұмыстары туралы АҚПАРАТ
Дата публикации
01 февраля 2024