Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың желтоқсан айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Желтоқсан айында мәдениет мекемелері 3 194 іс-шара өткізді, оған 423 777 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы күніне орай «Көкшетау» мәдениет сарайында көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Қазақстанда, бекітілген Қағидаға сәйкес «Халықтық» («Үлгілі») атағы аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық маңыздағы фестивальдерге үнемі қатысатын, «лауреат» немесе «дипломант» атағына ие, өзінің орындаушылық қызметінде жоғары шығармашылық деңгейге жеткен, кемінде 5 жыл тұрақты жұмыс істейтін көркемөнерпаздар ұжымдарына беріледі.
Биылғы жылы Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан вокалдық, аспаптық, хореографиялық, театрлық және т.б. жанрларда жұмыс істейтін 20 көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымы «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына үміткер.
Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, БАҚ ісін ұйымдастырушы Қорғанбек Аманжоловтың 70 жас мерейтойына орай «Бір жолы болшы өлеңнің Зеренді қарағайлары!» атты шығармашылық кеші өтті.
Зеренді ауданында мерейтой иесіне орай «Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі...» атты шығармашылық кеші өтті.
Еңбек жолын 1974 жылы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тілші лауазымынан бастаған Қорғанбек Аманжолов көркем аударма саласында жемісті еңбектеніп, О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» атты тарихитанымдық кітаптарын, Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романын тәржімалаған. «ҚанайАбылай» атты тарихи дастан жазып жариялады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Рухани қазына – 2023» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде облыстық мәдениет мекемелері мен мамандары жалпы 12 номинация бойынша бақтарын сынады.
Фестиваль аясында 2 күн бойы музейлер, кітапхана және клубтық мекемелер мен мамандары сайысқа түсіп, жетістіктерімен бөлісті.
Қазылар алқасының шешімімен «Облыстық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» номинациясына Ақмола облысы Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Бахытбек Бекмұратұлы;
«Үздік аудандық мәдениет үйінің қызметкері» номинациясында Астрахан ауданынан Арбашов Бақытжан;
«Үздік ауылдық кітапхана қызметкері» номинациясының жеңімпазы Ерейментау ауданынан Жадыра Худжанова лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Рухани қазына» республикалық фестивалі аясында Сандықтау ауданы Спасское мәдениет үйінің директоры Адани Хамзатханов пен Атбасар ауданы Маринов тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Березина Елизавета Гавриловна «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен өңіріміздің мәдениетінің дамуы келбетін ұштастыратын, жетістіктерін ұлылайтын «Жыл үздігі-2023» облыстық байқауы клубтық мәдениет нысандарын дамыту, неғұрлым құзыретті және мақсатқа бағытталған клуб қызметкерлерін анықтау, үздік тәжірибелерді тарату, кәсіби шеберлігін арттыру және шығармашылық бағытындағы мамандықтарға қызығушылықты арттыру мақсатын ұстанды.
Байқауға аудандық, қалалық, ауылдық мәдениет үйлерінің клубтық құрылымдарының өкілдері қатысты. Байқау қонақтарын әсем әуен ырғағында көтеріңкі көңіл-күймен Зеренді аудандық мәдениет үйінің «Арқа әуендері» фольклорлық ансамблі қарсы алды.
Құттықтау сөзінде Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мәдени өмірінің өрісін кеңейтіп, өнерінің дамуына зор үлес қосып жүргені үшін мәдениет саласының қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, «Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі» деп ерекше атап өтті.
Кәсіби шеберлік байқауының қорытындысына сай «Үздік әдіскер» аталымы бойынша Райхан Үсенова (Целиноград ауданы), «Үздік үйірме жетекшісі» бойынша Бірлік Менеев «Домбыра сазы» (Целиноград ауданы), «Үздік креативті жоба» аталымы бойынша Ерзат Смағұлов «Екі жұлдыз» (Қорғалжын ауданы) және Айгерім Тастанова «Әнші ауыл» (Бурабай ауданы), «Үздік ұйымдастырушы» аталымы бойынша Ақмарал Илюбаева (Көкшетау қаласы), «Үздік фольклорлық ұжым» аталымы бойынша «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі, жетекшісі Райхан Аманкелді (Егіндікөл ауданы), «Үздік хореографиялық ұжым» аталымы бойынша «Мираж» халықтық ансамблі, жетекшісі Виталий Бакшеев (Аршалы ауданы), «Үздік вокалдық топ» аталымы бойынша «Элегия» халықтық вокалдық ансамблі, жетшісі Гүлмира Работягова (Ақкөл ауданы) марапатталды.
Облысымыздың клубтық мәдениет нысандарында жүргізілген жөндеу жұмыстары, демеушілер мен меценаттар көмегі, материалдық-техникалық базаны нығайту, ақылы қызмет көрсету, мәдени шараларға қатысу белсенділіктерін ескере отырып, рейтинг қорытындысы бойынша Зеренді АМҮ, Аршалы АМҮ, Атбасар АМҮ, Целиноград АМҮ, Степногор қаласы «Горняк» ОМС жеңімпаз атанды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Марапат иелеріне арналған концерттік бағдарламаны Ләззат Құсайынова (Қорғалжын ауданы), Бауыржан Нұрымбетов, «Арнау» этно-фольклорлық тобы (Целиноград ауданы), «Самға» вокалдық триосы (Астрахан ауданы), «Жастар» вокалдық триосы (Зеренді ауданы) ұсынды. Өңіріміздің үздік өнерпаздары қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, халықтың ерекше қошеметіне ие болды.
Іс-шара керемет патриоттық көңілде өтті және көптеген ұмытылмас эмоциялар сыйлады.
«Көкшетау» мәдениет сарайында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңа жылдық мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды. Шығармашылық ұжымдарымыз жарқын көріністерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жас көрермендерді облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайы фантастикалық және қызықты «Жаңа жылдық шытырман» оқиғасына шақырды. Кішкентай балақайлар ертегі кейіпкерлерімен көңіл көтеріп, ең үлкен шырша алдындағы Аяз ата мен Ақшақарға ақ тілектерін арнады.
Облыстық мәдениет мекемелерімен, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған арнайы жаңа жылдық ертеңгіліктері өтті. Шара барысында жеткіншек балақайлар жаңа жылдық мерекенің куәсі болып, сахналық қойылымдарды тамашалады.
Ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлері киенген әртістер бүлдіршіндерге ойын көрсетіп, шыршаны айналып би биледі. Қиял-ғажайыпқа толы ертегіде балалар ең басты қонақтары – Ақшақар мен Аяз атамен жүздесіп, аңсаған жаңа жылдық сыйлықтарын арнады.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев атынан балалар жаңа жылдық шыршасы қатысушылары Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының «Шыршалар әлемі» қойылымын тамашалады.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының талантты актеры Асланбек Шайсұлтанов, Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Бақытбек Бекмұратұлы, Ерейментау ауданы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің кітапханашысы Худжанова Жадра мен Астрахан аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Арбашов Бақытжан Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлының арнайы алғыс хаттарымен және 200 мың теңге ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
2023 жылдың 27 желтоқсанында Ақмола облысның әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы Ақмола жастарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында «QOSHY ETNO GROUP» этно-фольклорлық ансамблі, жетекшісі Азамат Бақия, «Жас Ақмола» жастар премиясының «Шығармашылық ұйымы» номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Жаркенова Бану Руслановна облыста алғаш рет ұйымдастырылған жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының мәдениет бағыты бойынша грант иегері атанды. Гран сомасы – 1 000 000 теңге.
Әріптестерімізді шын жүректен құттықтай отыра, үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!
Есепті кезеңде Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығын қаржыландыруға 8 708,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 60,5 мың теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында облыстың 331 кітапханасында 315 862 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 509 725 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 3 551 407 адам.
Кітап қоры 4 525 718 дана, бір ай ішінде 19 077 дана әдебиет келіп түсті, 33 337 дана шығарылды.
Интернет желісіне 252 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 311 кітапхана, телефондандырылған – 318 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 789 іс-шара өткізіліп, оған 81 750 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 68 469,5 мың теңге бөлінді.
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Білім-инновация» лицей-интернатында «Тәуелсіз елдің жарқын болашағы» атты ақпараттық сағат өткізді. Іс-шара оқушыларға Тәуелсіздік жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік бере отырып, еліміздің тарихы туралы қысқаша мағлұмат беру мақсатында өткізілді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуев Қадыржан Қабиденұлы 85 жылдығына орай Мағжан Жұмабев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімі «Ұстаз беделі – тынымсыз еңбек» атты библиографиялық көрсеткіш дайындады.
Қадыржан Қабиденұлы Абылай ханның өмірін, мемлекеттік қызметін, қазақ жерлерін біріктіру жолындағы күрес жолын зерттеуге үлкен еңбек сіңірді. Оның «Абылай хан және оның заманы» атты монографиясы Қазақ хандығының тарихын зерттеуге қосқан зор үлесі болып табылады. Абылайханның тұлғасымен қоса Ш.Уәлихановтың, Науан Хазіреттің және Ораз Мұхамед Онданұлының тарихи тұлғалары туралы тамаша еңбектер қалдырды.
Қадыржан Әбуев 6 оқу құралының, 8 монографиялық зерттеудің, 100-ге тарта ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 3 кандидаттық, 27 магистрлік диссертациялар қорғалды.
2023 жылдың желтоқсан айында облыс музейлерімен 600 экскурсия, 118 дәріс, 25 көрме өткізіліп, 743 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 9 438 адам.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен Материалдық емес мәдени мұра ұлттық тізімін толықтыру жөніндегі секция отырысына Ақмола облысы мәдениет қызметкерлері қатысты. Секция отырысында Үкілі Ыбырайдың ән мұрасы және Сал-серілік дәстүр жобалары қарастырылды. Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі аталған тізімге екі элемент ұсынып, көпшілікті «Сал-серілік дәстүрдің саңлақтары» көрмесімен таныстырды.
13 желтоқсан күні Әдебиет және өнер музейінде қала мектептері оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін қазақ әдебиеті мен тілі білімі ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов атындағы «Алаштың ардақтысы – асыл Ахаң» атты мысал оқушылар сайысы мәресіне жетті. Биыл қала мектептерінен 50-ге жуық үміткер сайысқа қатысуға тілек білдірген еді. Олардың арасынан іріктеліп шыққан 10 жүйрік, байқаудың қорытынды кезеңіне жолдама алды.
Балалардың өнеріне ф.ғ.к., Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек, Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы, PhD-доктор Ерболат Баят және Әдебиет және өнер музейінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрбек Нұралы қазылық етті.
Тартысты өткен сайыста жүлделі үшінші орынға Әл-Фараби атындағы ІТ-лицейдің оқушысы Сәбиолла Нұрасыл мен техникалық лицейдің оқушысы Малдаберген Айша ие болды. Екінші орын - №6 мектептің оқушысы Арыстан Айданаға бұйырды. Жарыстың жеңімпазы болып Красный Яр №2 ОМ оқушысы Халел Нұрай танылды.
Қатысушылар мен жүлдегерлер, оқушыларды дайындаған ұстаздар қазылар алқасының алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
15 желтоқсан күні Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы ұйымдастыруымен «Көкшетау өңірінің тарихы: негізгі кезеңдері және тұлғалары» атты республикалық конференциясы өтті. Осыған орай, Көкшетау қаласының тарихы музейі іс-шараға қатысушылар назарына тақырыптық фотокөрме ұсынды. Қаламыздың құрылу және даму тарихына арналған фотокөрмені 100-ден астам адам тамашалады.
«Silk way» («Жібек жолы») каналы қаламыздағы тарихи нысандарды көпшілікке таныстыруға бағытталған «Guardians of the Legacy» бағдарлама аясында қаламыздағы ең көне ғимараттардың бірі, сәулет өнерінің ескерткіші Көкшетау қаласының тарихы музейі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі туралы сюжет түсірді. Түсірілім барысында музейлер қызметкерлері көне ғимараттары мен ескерткіштері туралы баяндады.
21 желтоқсан күні Қызылорда облыстық музейінің ұйымдастыруымен «Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Эльмира Ержанова спикер ретінде қатысып, «Музей – современное общество: роль музея в патриотическом воспитании» тақырыбында баяндама жасады.
28 желтоқсан күні Көкшетау қаласының тарихы музейінің экспозициялық залында «Шырша жанындағы шаттық» атты мерекелік іс-шара өтті. Интерактивті музей бағдарламасы аясында балаларға арналған «Ретро шырша» атты көрме ұйымдастырылды. Музей қорында сақталған ескі шырша ойыншықтарының көрмесін оқушылар қысқы демалыс мерзімінде – 2024 жылдың 13 қаңтарына дейін тамашалай алады.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 41 002,6 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 110,8 мың теңгені құрады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
6 желтоқсан күні Ақмола облысы мәдениет басқармасы жанынан құрылған Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде өңірдегі ескерткіштердің жай-күйі, алдын-ала есепте тұрған Көкшетау-Астана тас жолы бойындағы «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Біржан сал», «Балуан шолақ», «Кенесары» және Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин ескерткіштерін жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу мәселелері қаралды.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы 8 желтоқсан күні монументтік өнер ескерткіштерін, мемориалдық тақталарды орнату, Ақмола облысының тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау және қорғау мәселелерін түсіндіру мақсатында «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін орнату тұралы» тақырыбында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік семинар өткізді. Семинарға аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ Атбасар, Аршалы, Астрахан, Бұланды және Бурабай аудандарының мәдениет бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.
Көкшетау қаласы мәртебесінің мерейтойына арналған «Көкшетау өңірінің тарихы: негізгі кезеңдері және тұлғалар» атты республикалық конференциясында Ақмола облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы археологиялық қорғау-құтқару жұмыстары барысында Көкшетау қаласының, Бурабай және Зеренді аудандарынан табылған энеолит, қола және ерте темір дәуіріне жататын артефактілер көрмесін ұсынды. Орталық директоры Ж.Укеев Көкшетау қаласына іргелес аумақта көптеген ежелгі жерлеу орындары мен қоныстары туралы «Көкше өңірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеу тарихынан» атты баяндама жасады, бұл аумақта ежелгі заманнан бері адамдар өмір сүріп, шаруашылықпен айналысқандығы жайлы сыр шертеді және зерттеуді қажет ететін бай материалдан тұратындығын айғақтайды.
Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Ақмола облысының мемлекеттік архиві» КММ ұйымдастыруымен «Архившілер күніне арнайы» «Қазақстанның тарихындағы архивтердің рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ бас инспекторы Г.А.Рахимжанова «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін орнату кезеңіндегі архивтің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Желтоқсан айында облыс театрлары 89 спектакль көрсетті, оның ішінде 4 премьера, барлығы 8 195 адам қатысты, соның ішінде – 4 премьера.
Жаңа жыл мерекесіне орай Ақмола облыстық театрларымен 21 мен 30 желтоқсан аралығында кішкентай көрермендерімізге әзірленген арнайы жаңа жылдық ертеңгіліктері өтті.
Атап өтсек, облысымыздың қара шаңырағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрымен балаларға базарлық «Шыршалар әлемі» атты ертегі тұсаукесері ұсыналды. Авторы Джанни Родари, қоюшы-режиссері: әріптесіміз Аян Алимбаев.
Оқиға желісі Марио есімді тентек балақайдың кенеттен тап болған «Шыршалар әлемі» атты ғаламшардағы басынан кешкен түрлі оқиғалары жайында болды. Қойылым шынайылық пен әдептілікке, барды бағалауға, жақсы жолға қадам басуды меңзейді.
Театр ұжымымен, сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесіне орай арнайы «@КЕЛіН_КӘ.KZ» атты әзіл-ысқақ аралас думанды қойылым әзірленді. Қоюшы режиссер: Төлеубек Көңбай.
Ақмола облыстық орыс драма театры көрермендерін «Фунтик и компания» жаңа жылдық ертегісі мен «Новогоднее PARTY у Барби» атты жаңа жылдық ертеңгілігіне шақырды.
Театрларды қаржыландыруға 43 947,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 11 893,9 мың теңгені құрады (Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры – 3 801,7 мың теңге, Ақмола облыстық орыс драма театры – 8 092,2 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың желтоқсан айында 28 іс-шара өткізді, оған 3 145 көрермен қатысты.
5 желтоқсан күні Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Мәдениет қайраткері» Гүлжан Ахметованың авторлық жобасы өтті. Кешті журналист, ақын, жазушы Ерболат Баятұлы жүргізді.
Ән және поэзия кеші барысында ақынның қаламынан туған әндер көпшіліктің назарына ұсынылады. Концертмейстер Ольга Гергельдің фортепиано сүйемелдеуімен «Мәдениет қайраткері» Гүлжан Ахметова «Ақмаңдайлым», «Сүйген болсаң сағынарсың» әндерін, Аякөз Қалмағанбетова «Ақсұңқарым», «Көктем вальсі», «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов баян аспабында «Маралдым», Жанар Сақтағанова домбырада «Өзің де жігіт қызықсың» әндерін орындады.
7 желтоқсан күні қазақ примадоннасы, «Қазақстанның Алтын дауысы, «Орта Азия Бұлбұлы атанған Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» Роза Рымбаеваның шығармашылық өнер жолының 50 жылдығы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Көкшетау» облыстық мәдениет сарайының сахнасында жеке ән кешінің өткендігін хабарлайды.
Ән кешінде халық әртісімен бірге эстрада жұлдыздары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қалың елге таныс керемет туындыларды жанды дауыспен шырқады.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ақын, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған Сәрсенбай Хасеновтің «Сұраған жанға сәлем айт» атты жеке концерті өтті.
Концерттік бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, дәстүрлі әнші Жанар Сақтағанова, Аякөз Қалмағанбетова, Тоқтарбек Құрманұлы қатысты.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында музыкант, әрі педагог Людмила Багапованың жетекшілік етуімен ішекті квартеттің «Волшебство музыки» атты музыкалық кофеханасы өтті.
Майталман шебердің жетекшілік етуімен дайындалған концерттік бағдарламада филармония солистері: Наталья Грицаева (фортепиано), Анна Батлукова (флейта), Жамиля Жарқымбаева (сопрано), Аякөз Қалмағанбетова (сопрано), камералық хор (жетекшісі Галина Колесникова), сонымен қатар музыка мектебінің оқушысы Маша Кокареваның орындауында шетелдік классик-композиторлардың (И.С.Бах, Д.Каччини, Т.Альбинони, Л.Коэн, П.И.Чайковский, А.Вивальди және т.б.) классикалық музыкасы көпшіліктің назарына ұсынды.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы кішкентай бүлдіршіндерге «Троль сақшысы» интерактивті жаңа жылдық қойылымын ұсынды.
«Bipl musical» театр ансамблінің актерлері спектакль кейіпкерлерін сомдап, балаларды керемет би, ойын-сауық, мереке әлеміне тартып, бойлатып, жақсы іс жасауға, бір-біріне көмек қолын созуға және адал достыққа тәрбиелейді.
Спектакль интерактивті сипаттағы ойын бағдарламасы бар сюжетті қамтиды. Сиқыр мен ойынға құмар біздің жас көрермендеріміз ертегі кейіпкерлеріне күрделі оқиғаны шешуге және жаңа жылды қайтаруға көмектеседі.
«Аманат» би мектебінің, жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева, қатысушыларының орындауындағы жаңа жылдық қойылым әрбір жас көрерменнің көңілінен шығып, керемет жаңа жылдық әсерлер сыйлайтыны сөзсіз.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 48 966,2 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 2 494,0 мың теңгені құрады.