Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың қараша айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Қараша айында мәдениет мекемелері 2 971 іс-шара өткізді, оған 362 239 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасының 30 жылдығы аталып өтуде. Аталмыш датаға орай «Болашақ сарайы» мекемесінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжановтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында өңіріміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қаржы саласы қызметкерлері марапатталды. Марапаттау рәсімін «Көкшетау» мәдениет сарайының «Он алты қыз» халықтық би ансамблі қатысушылары өткізді.
Концерттік бағдарламаны «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау» халықтық би ансамблі, вокалды трио, солистері Дінисламбек Жайлаубай (Аршалы ауданы), Диана Алтай, Жалғас Сұлтан, Бәтима Изенаева, Ермек Бірімжанов (Целиноград ауданы), Ләззат Құсайынова, Төрежан Бейсенбеков (Қорғалжын ауданы) ұсынды.
Көкшетауда XIX Жазғы Азия және IV Параазия ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарға қатысушыларымен кездесу өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спортшыларды наградаларымен және медальдарымен құттықтап, Мемлекет басшысы спорт пен спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Марапаттау рәсімін «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің қатысушылары өткізді.
Марапат иелерінің құрметіне концерттік бағдарламаны «Самғау» біріккен домбырашылар ансамблі, «Шабыт» триосы және «Ұланғасыр» квартеті ұсынды.
Халық игілігі жолындағы еңбегі, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы құттықтап, марапаттады.
«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты іс-шарада марапаттау рәсімін «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау» халықтық би ансамблі және «Тұмар» заманауи халықтық би ансамбльдерінің қатысушылары өткізіп, «New faсe» модельді мектебінің оқушылары ауылшаруашылығы саласының құрметті аргерлер қауымына гүл шоқтарын табыстады.
Концерттік бағдарламада «Көкшетау» мәдениет сарайының «Он алты қыз» халықтық би ансамблі, жетекшісі Мадина Дусмогомбетова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбекоа атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, бас дирижері және көркемдік жетекшісі Жанат Рашит, «Гәкку» би ансамблі, жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева, солистері Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағанбетова, Жамилә Жарқымбаева және Салтанат Қисатова, домбырашылар Бауыржан Балтин, Саят Бабаев, «Ұланғасыр» квартеті, «Мұра» тобы (Қосшы қаласы) өнер көрсетті.
17 қараша күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының кеңсесінде өткен «Кітап-AMANAT» партиялық жоба аясында іске асырылып жатқан «Кітап-AMANAT» кітап орталығының салтанатты ашылуына қатысты.
Сол күні Басқарма басшысы Айгүл Сәбитова Ақмола облысы Іскер әйелдер кеңесі және Ақмола облысы әкімдігі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат бөлімі ұжымымен Көкшетау қаласының 20 миллиондық қазақстандықтар есебін бастаушы нәрестелеріне кішігірім сыйларын табыстады.
Іс-шаралар қатарында Ақмола облысында 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келуіне орай Көкшетау қаласы, «Тәуелсіздік» алаңында кезекті ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Осынау айтулы қуанышты мерекеге орай концерттік бағдарламаны Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласының шығармашылық ұжымдары ұсынды.
Биыл Ақмола облысының мәдениет мекемелері «Рухани қазына-2023» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің фестиваліне 12 номинациялар бойынша қатысты. Атап айтсақ,
29 қараша күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасында ұйымдастырылған «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.
Іс-шараға, сонымен қатар, ҚР Парламентінің депутаттары, Ақмола облысының әкімшілігінің қызмтекерлері, «Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының мүшелері, музей қызметкерлері мен тарихшы ғалымдар қатысты.
Айгүл Баубекқызы аталмыш экспедицияның ғылыми-тарихи, мәдени-рухани мәнін атап өтіп, экспедиция басшысы Мұрат қажы Ыдырысұлына Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың алғыс хатын табыстады.
Халық арасында кеңінен таралып, өз уақытының шлягері болған әндерді қайта жаңғырту, дарынды орындаушыларды анықтау, оларға қолдау көрсету, шығармашылығын насихаттау мақсатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы Республика күнін мерекелеу және Қарттар мен мүгедек жандарды қолдау айлығы аясында Атбасар аудандық мәдениет үйінде «Сағындырған әндер-ай!» облыстық байқау-фестивалін өткізді.
Өнер додасына облыс аумағында тұратын, қатысуға ниет білдірген шығармашылық көркемөнерпаздар ұжымдары, солистер, дуэттер, вокалдық ансамбльдер (трио, квартеттер), вокалдық-аспаптық ансамбльдер қатысты.
Гала-концертте қорытынды кезеңнің жеңімпаздары қазақстандық және шетелдік эстраданың әндерін орындады.
Қазақ би өнерін дамыту, жастардың хореографияға деген қызығушылығын арттыру, тәжірибе алмасу және орындаушылық шеберлігін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында Степногорск қаласындағы «Горняк» орталық мәдениет сарайында «Бұраң бел» облыстық хореографиялық байқауы өтті.
Аршалы, Атбасар, Біржан сал, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларынан келген 13 хореографиялық ұжым қазылар алқасының назарына қазақтың халықтық және стильденген билерін ұсынды.
Үміткерлерімізге төрелігін айтып, бағасын берген қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынға Көкшетау қаласынан келген «Көкшетау» халықтық би ансамблі ұжымы ие болды. Екінші орынды екі ұжым иеленді – «Қазына» би ансамблі Қорғалжын ауданы және Степногорск қаласынан келген «Қазына» би ансамблі ұжымы, жүлделі үшінші орынды «Үркер» би ансамблі Қосшы қаласы және «Радуга» халықтық би ансамблі, Степногорск қаласы, өзара бөлісті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар, «Бұраң бел» облыстық хореографиялық байқауы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» құрмет белгісінің иегері Ордабаева Гүлмираның шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған, халқымыз дүниеге әкелген көркем құндылықтардың шыңы. Құрманғазы Сағырбайұлы ұлт мәдениетінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейге шығарған өнер иесі. Халқымыз үшін күй мен Құрманғазы есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Құрманғазы ұлтымызға, елімізге ортақ, адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Менің өнерім ұрпаққа өнеге» облыстық фестивалі өткізілді.
Фестивальге Қолғанат Рахметуллин, Аяулым Сейдеғалымова, Ақбөбек Ғинаятова (Жарқайың ауданы), Диас Орынбасар (Есіл ауданы), Жандос Ануарбек (Ақкөл ауданы), Қайрат Тілектес (Атбасар ауданы), Аян Сансызбай (Астрахан ауданы), Бақталант Ұлықпанұлы (Целиноград ауданы), Азамат Қадылұлы, Элина Майер (Красный Яр ауылы), Роман Борисовский (Көкшетау қаласы) қатысты.
Фестивальдің барлық қатысушыларына дипломдар мен естелік сыйлықтар – қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыра табысталды.
Есепті кезеңде Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығын қаржыландыруға 8 662,0 мың теңге бөлінді.
Ағымдағы жылдың қараша айында облыстың 331 кітапханасында 17 194 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 464 720 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 319 038 адам.
Кітап қоры 4 539 978 дана, бір ай ішінде 13 686 дана әдебиет келіп түсті, 12 410 дана шығарылды.
Интернет желісіне 263 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 309 кітапхана, телефондандырылған – 320 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 014 іс-шара өткізіліп, оған 95 090 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 60 489,5 мың теңге бөлінді.
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеніне 80 жыл толуына орай Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығы студенттерінің қатысуымен «Аты аңызға айналған қаһарман» атты патриоттық кеш өткізді.
Іс-шара ұлы тұлға ойшылдың еңбектері арқылы өскелең ұрпақтың бойына әділдік, парасаттылық және сенім құндылықтарын сіңіру мақсатында өткізілді.
8 қараша күні М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы журналист, ақын Аманжол Қорағанбек Ғалымтайұлының 70 жасқа толуына орай «Жырғұмыр белестері» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеде өнер иесінің шығармалары, кітаптары, мерзімді басылымдағы жарияланған материалдары және ол туралы айтылған қанатты сөздер, мақалалар мен фотолары қойылды.
Өнер иесіне орай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау көпсалалы колледжінің кітапханасында ақын, жазушы, аудармашы Қорғанбек Аманжоловтың 70 жылдық мерейтойына орай «Көсем сөздің қыраны, өлең сөздің пырағы» атты оқырман конференциясы өтті.
Филология бөлімінің студенттері қатысқан конференцияда, Қорғанбек ағамыздың «Біржан бұрмалары» атты кітабындағы әңгімелер талқыланды. Болашақ педагогтардың жанарларынан білімге деген құштарлықтары байқалды.
Конференция соңында Қорғанбек ағамыздың кіндік қаны тамған, зерделі Зеренді жайлы өлеңдер оқылды.
10 қарашасы күні облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Шоқан Уәлиханов атындағы көпсалалы колледжінің оқу залында қазақтың ақыны, ағартушы-демократ – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына орай «Сөз сұлтаны – Сұлтанмахмұт» атты әдеби кеш өтті.
Аталмыш шараға ақын, жазушы, философия докторы – Ерболат Баятұлы қатысып, студенттерге Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы тың деректермен бөлісті. Оның шығармашылығындағы көркемдік ерекшеліктерін жіктеп айтып берді.
Ағымдағы айда Облыстық кітапхана директоры Қуаныш Оспанов және инновациялық қызметтер бойынша директордың орынбасары Әсел Смагулова Атырау облысы, Атырау қаласында өткен Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Махамбет мұрасы – елдіктің өшпес рухы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.
20 қараша күні Көкшетау қаласының №12 мектебінде Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай онлайн теле-көпір өтті.
Аталмыш теле-көпірге арнайы шақырылған кітапхана қызметкері Оралбек Есімұлы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тарихы жайлы сөз сөйледі. Кітапханамыздың тұрақты оқырманы, Мағжан оқуларының бірнеше дүркін жеңімпазы Қайрат Мадина ақынның өлеңдерін жатқа оқып, көрермен көзайымы болды.
Оқытушылар мен оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын сүйіп оқитындарын атап өтті.
Ұлы тұлғаның мерейтойына арналған іс-шаралар қатары облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Әдебиет және өнер музейінде өткен «Күннен туған, Ғұннан туған Пайғамбар» атты әдеби кешке ұласты.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, сыршыл да лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа айтып берді.
2023 жылдың қараша айында облыс музейлерімен 241 экскурсия, 39 дәріс, 29 көрме өткізіліп, 309 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 5 972 адам.
5 қараша Кеңес Одағының батыры, академик, қоғам қайраткері М.Ғабдуллиннің туғанына 108 жыл толып отыр.
Жыл сайын Батырдың туған күнін салтанатпен атап өтіп, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімін өткізуді дәстүрге айналды. Биыл да Көкшетау жұртшылығымен батыр рухына тағзым етілді.
Іс-шарада Мәлік Ғабдуллин музейі директоры Кенжебай Мукушев, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, полковник – Ерлан Әлібеков даңқты жерлесіміздің ерлігі, өнегесі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталу керек екендігін ерекше атап өтті.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, ардагерлер, мәдениет мекелерінің басшылары, академия курсанттары, әскери мектептің оқушылары, М.Ғабдуллин атындағы «Жас Ұлан» әскери патриоттық клубының мүшелері қатысып, батыр рухына тағзым етті.
Қазақ халқының батыр ұлы Мәлік Ғабдуллинді еске алу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, Мәлік батырдың ерен ерлігі, халқы үшін атқарған айтулы еңбектерін жас ұрпаққа ұдайы насихаттау біздің ортақ міндетіміз.
Мәлік Ғабдуллин музейінде Мәлік Ғабдуллиннің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы негізінде шыққан «Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы М.Ғабдуллиннің оқырман қауым жылы қабылдаған «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы мектеп педагогикасына арналған. Бірнеше жылдар Қазақтың Абай атындағы Педагогикалық институтында ұстаздық еткен Мәлік Ғабдуллин аталған педагогикалық еңбегінде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде қазақ халық ауыз әдебиетіндегі батырлық жырларын пайдаланудың тиімді жолдарын көрсетеді.
Бұл еңбек Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Көкшетау қаласындағы «Көкше-полиграфия» баспасынан 500 данада жарық көріп отыр. Жарық көрген кітаптың негізін этнопедагогикалық бағыттағы мақалалар құрады.
Іс-шаралар қатары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының акт залында «Батыр-тағдыр, ғылыми-ғұмыр» атты семинарына ұласты. Модератор – ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, техника ғылымдарының кандидаты, полковник Е.Ә.Әлібеков болды.
Семинар барысында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы А.Алин, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Төлеғұл, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ.Мырзабек құттықтау сөз сөйледі.
ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы ӘГПТжПД кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.К.Қасымова «Майдан хаттары ұлы отан соғысының антропологиялық мазмұнын зерделеудің қайнар көздері ретінде», ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы ӘГПТжПД кафедрасының оқытушысы Ж.М.Бексұлтанова «Ұлы тұлға мұрасы – ұрпаққа өнеге» және Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері Э.Е.Ержанова «Соғыс психологиясы», А.Ж.Есжанова «Отанды сүю – батырлыққа бастар жол» тақырыбында баяндамалар оқыды. Семинар жұмысының соңында «БАТЫР-ТАҒДЫР, ҒЫЛЫМИ-ҒҰМЫР» ғылыми семинардың резолюциясы қабылданды.
Әдебиет және өнер музейінде ақын, аудармашы, журналист Қорғанбек Аманжолдың 70 жасқа толған мерейтойына орай әдеби-сазды кеш болып өтті. Осымен өнер иесінің мерейтойына арналған іс-шаралар декадасы салтанатты түрде бастау алды. Жалпы, мерейтой иесіне орай облыстық мәдениет мекемелерімен 50-ге жуық іс-шаралар жоспарланды. Қорытынды іс-шарасы 8 желтоқсан күні Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өтеді.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі ҚР Ұлттық валютасының 30-жылдығына орай ҚР Ұлттық банкі, Kaspi, Халық, Forte, Jusan банктері филиалдарының бөлім басшыларын біріктіріп, «Теңге – ұлт мақтанышы» атты іс-шара өткізді.
ҚР Ұлттық банкінің Ақмола облысы филиалының бөлім басшысының орынбасары Әсел Нурмуканова келе жатқан мерекемен барша қаржы саласы қызметкерлерін құттықтап, музейге «Қазақстан монеталары» атты кітап сыйлады.
Осылайша музейдің қоры тағы бір кітапқа толықты. Банк қызметкерлеріне Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Рахымбекұлы алғыс хаттар мен кітаптар сыйлады. Музейге келушілерге көрме мен залдар бойынша экскурсия жүргізілді.
22 қараша күні Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен республикалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубына жаңа мүшелерімен толықты.
Республикамыздың түкпір-түкпірінде Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептер арасында байланыс орнату, батырдың тұлғасын, өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында 2016 жылы құрылған «Жас ғабдуллиншілдер» клубының жұмысы күні бүгінге дейін сәтті жүзеге асырылып келеді.
Жас ғабдуллиншілдер қатарына жаңадан қосылған оқу озаттары салтанатты түрде ант қабылдады. Клуб мүшелеріне арнайы куәліктер мен төсбелгілерді музей директоры Кенжебай Мукушев пен мектеп-гимназиясының директоры Ардақ Ахметжанова тапсырды. Іс-шара мектеп оқушыларының шағын концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 40 148,6 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 229,2 мың теңгені құрады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-сі Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп Көкшетау қаласында орналасқан тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне экскурсия өткізді.
Бүгінгі таңда салынған монументалды өнер және сәулет қалақұрылыс ескерткіштер шын мәнінде кез келген адамға ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін басынан өткерген, тарихтың бізге беймәлім сырлары тұнған бұл мұралар халқымыздың өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді. Сондықтан да осы ескерткіштерді зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және жас ұрпаққа насихаттау – басты борышымыз деп білеміз.
Ақмола облысында волонтерлік бастамаларды ілгерілету мақсатында, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ Ақмола филиалының өкілдерімен бірлесіп, Арна колледжінің студенттеріне «AsylMura» бағыты бойынша тарихи-мәдени мұраны сақтау, тарих, мәдениет және мемориалдық кешендер ескерткіштерін қалпына келтіру және консервациялау туралы кездесу өткізді.
Дөңгелек үстел форматында өткен іс-шарада азаматтар мен жастардың мінез-құлық мәдениетінің проблемалық мәселелері, кешенді шаралар мен іс-шаралар арқылы мәдени-тарихи құндылық объектілерін сақтауға және қорғауға бағытталған тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға қатысты тұрақты қасиеттерді қалыптастыру жолдары талқыланды.
Қараша айында облыс театрлары 60 спектакль көрсетті, оның ішінде 2 премьера, барлығы 4 815 адам қатысты.
Қараша айында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры «Абылай» қойылымының көрсетілімін қайта жаңғыртып сахналады. Авторы: Сәкен сері Жүнісов, қоюшы режиссері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов.
Қойылымның сюжеттік желісі, оқиғалық тартысы XVIII ғасырдың басындағы қазақ даласындағы жойқын ұрыс, жоңғар шапқыншылығына байланысты өрбиді. Үш жүздің басын қосып, орта жүздің сұлтандығынан алты алаштың айбарлы ханына көтерілген Абылай хан исі қазақтың басын біріктіріп, қайтадан ілгері мемлекет деңгейіне жеткізді.
Аталмыш спектакльмен театр ұжымы Атырау қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне қатысты.
Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жалынды жыршысы, халқымыздың азаттығын көксеген қазақтың өр рухты ақыны Махамбет шығармалары халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы.
Фестивальдің ашылу салтанатында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бүгінде қазақтың күрескер ақыны, Махамбет бабамыздың Махамбет мұрасы хатталып, халқының жүрегінде мәңгі қалғанын ерекше атап өтті.
Ақмола облыстық орыс драма театрымен есептік кезеңде «Веселый роджер» (авторы: Д.Салимзянов, қоюшы-режиссері: В.Гречанников) және «Кто сказал МЯУ» балалар ертегілерінің (авторы: В.Сутеев, қоюшы-режиссері: А.Плохой) тұсаукесерлері өтті.
Театр ұжымы 21-27 қараша аралығында Йошкар-Ола қаласында (Ресей Федерациясы) өткен «Мост дружбы» ХХ Халықаралық театр фестиваліне қатысып, «Варшавская мелодия» спектаклін сахналады (авторы: Л.Зорин, қоюшы-режиссері: В.Гречанников).
Сонымен қатар, 15-21 қараша аралығынада театр директоры Б.Бахтыгереев Санкт-Петербург қаласында (Ресей Федерациясы) өткен «Форум объединенных культур» халықаралық мәдени форумына қатысты.
Форум аясында үш күн бойы жетекші мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, билік органдарының өкілдері пікір алмасып, қазіргі мәдени ортаны дамытудың үрдістері мен өзекті мәселелерін талқылады.
Театрларды қаржыландыруға 47 152,6 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 4 875,8 мың теңгені құрады (Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры – 1 249,1 мың теңге, Ақмола облыстық орыс драма театры – 3 626,7 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың қараша айында 9 іс-шара өткізді, оған 2 198 көрермен қатысты.
3 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында бар өмірін сүйікті ісіне арнаған жезтаңдай әнші, «Мәдениет қайраткері» Мереке Бекмағамбетовті еске алу кеші өтті. Кешті журналист, жазушы Байқал Байәділов жүргізді.
Кеш барысында бар өмірін сүйікті ісіне арнап, 40 жылдан астам сахна төрінде, халықтың алдында өнер көрсетіп келген Мереке Мәжитұлын еске ала отыра, әншінің сүйіп орындаған әндерін үзеңгілес жолдастары мен филармонияның жас буын әншілері көпшіліктің назарына ұсынды.
Бағдарламада К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, «Мәдениет қайраткерлері» Жанат Есов, Гүлжан Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаева, Серікболсын Бекмолдин, Аякөз Қалмағанбетова, Абзал Ес, Ерұлан Камел, Сәкен Біржанов өнер көрсетті.
Мереке Мәжитұлымен өнер жолында, өмір жолында дәмдес болған, бірге жүрген барлық дос-жарандары, әріптестері, туыстары және де өз ісіне адал, біртуар өнер иесінің шығармашылығына қызығушылық танытқан көпшілік жиналған кеш – әншінің есімі Ақмолалық өнер сүйер қауымның мәңгі есінде екендігінің белгісі.
Көкше жерінде екінші мәрте әнші Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның Айбозы» ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.
Ән өнерінің тылсымына бөленіп, киесі қонған Көкшенің Айбозы – Жахин Қажыбай Бадықұлы – сәулелі, мағыналы, жарқын өмірімен, дара шығармашылық еңбегімен өзінің соңынан мәңгілік рухани мұра – қазақ өнеріне ән мектебін қалдырды.
Киелі қара домбырасымен еліміздің және алыс-жақын шетелдердің аспанында қазақ әндерін әуелетіп, ұлылығы мен өміршеңдігін дәлелдеген, халық әндерін, Алты Алашың ардақтылары Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди Бәпиұлы, Сәкен Сейфуллин және басқа да өнер майталмандарының ән жауһарларын нақышына келтіре шырқап, өзіндік өнер мектебін қалыптастырды.
Екі күнге ұласқан ән байқауына төрелік етіп, бағасын берген қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабекова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қуаныш Оспан, Мәдениет қайраткері Мара Есмұханова, әнші, Арқа әндерін зерттеуші Сәрсенбай Хасенов, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Төлеубаева енді.
«Жүзден - жүйрік, мыңнан- тұлпар» деген қазақтың тамаша сөзі бар. Ән байқауына үміттерін жетелеп келген қатысушылар орындары келесідей анықталды:
3-ші дәрежелі дипломы мен 300 мың теңге ақшалай сертификатымен Бауыржан Марксов марапатталды, Абай облысы;
2-ші дәрежелі дипломы мен 700 мың теңге ақшалай сертификатымен Мөлдір Смайыл марапатталды, Ұлытау облысы;
1-ші дәрежелі дипломы мен 1 млн теңге ақшалай сертификатымен Ерқанат Ерұланбек марапатталды, Ақмола облысы;
Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның Айбозы» ІІ Республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін, бас жүлде – 3 млн теңге ақшалай сертификатымен Зәмзәгүл Смағұл марапатталды, Астана қаласы.
Гала концерті аясында мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін мәдениет қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен, Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
15 қараша күні бас дирижер Ерназар Уразалинның жетекшілік етуімен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солисі Серікболсын Бекмолдинның жеке концерті өтті.
Серікболсын Бекмолдин – Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің (Астана қ.) түлегі. Керемет лирикалық баритон дауыстың иесі, жезтаңдай әнші Ғ.Жұбанова атындағы республикалық байқаудың лауреаты; «Х-ФАКТОР» теледидар жобасының қатысушысы.
Жас әншінің репертуарында қазақ, орыс, шетел композиторларының романстары мен ариялары, халық әндері, қазіргі заманғы эстрадалық композициялар бар.
Серікболсын Бекмолдин симфониялық оркестрмен, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен, «Айнакөл» фольклорлық ансамблімен және камералық музыка ансамблімен де репертуарын толықтырып, шеберлігін шыңдау үстінде.
Өнер иесі көпшіліктің назарына отандық және шетелдік авторлар мен композиторлардың шығармашылығынан концерттік бағдарламасын ұсынды.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова өнер иесіне жылы лебізді тілектерін арнап, «Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнеріңізбен қуанта беріңіз! Әрдайым абыройыңыз асқақ, мерейіңіз үстем, өнердегі жұлдызыңыз жарық болсын деп тілеймін!» деп атап өтіп, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренованың алғыс хатын табыстады.
17 қараша күні Астрахан аудандық мәдениет үйінде «Мәдениет қайраткері» Жанат Есовтың жеке концерті өтті. Жезтаңдай әнші туған жері Астрахан төрінде «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен Эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде өнер көрсетіп, жерлестерінің назарына тың концерттік бағдарламасын ұсынды.
21 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахна төрінде қазіргі заманғы алдыңғы қатарлы әйгілі музыкант, әлем әртісі Марат Бисенғалиев пен филармонияның камералық оркестрінің концерті өтті.
М.Бисенғалиевтың Ақмола облыстық филармониясымен шығармашылық ынтымақтастығы көптеген жылдар бойы жалғасып келеді.
Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Марат Бисенғалиевтің алғашқы концерттік дебюті тоғыз жасында болды. Скрипкашының фантастикалық ойынын, оның жоғары кәсібилігі мен шеберлігін, бай техникасы мен ерекше эмоционалдылығын атап өткен беделді қазылар алқасы Марат Бисенғалиевті «Саусағынан бал тамған хас шебер» екендігін мойындады.
Музыкалық Олимпті бағындыру жолындағы алғашқы қадамды 1991 жылы әлемге әйгілі «Naxos» және «Marco Polo» дыбысжазу компанияларымен жасалған келісімшарты болып саналады.
Концерттік бағдарламада майталман скрипкашы мен филармония оркестрінің орындауында ағылшын композиторы Карл Дженкинстің шығармалары орындалып, «Сарықыз», «Палладио», «Зағипа» және т.б. шығармаларда қазақ халық әуендері мен фольклорлық аспаптардың дыбысталуы қолданылды.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының бастысы Айгүл Сәбитова өнер иесіне ыстық ықылас тілектерін арнап, алғыс хатын табыстады.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында көрнекті халық ақыны, әнші Ақан серінің 180 жылдығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» атты ән кеші өтті.
Қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасаған, елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енген, алты алаштың ардақтысы болған Ақан серінің шығармашылығына арналған ән кешінде көрермендердің назарына ел еркесінің жауһар туындылары ұсынылды.
Қазақ өнерінің төресі – дәстүрлі ән өнері шарықтаған концертке еліміздің танымал әншілері: Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қапаш Құлыш, Бисара Мәкенова, Республикалық байқаулардың лауреаты Салтанат Қисатова және филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысты.
Сонымен қатар филармонияның дәстүрлі әншілері: Сәрсенбай Хасенов, «Мәдениет саласының үздігі» Эльмира Төлеубаева, Жанар Сақтағанова да өнер көрсетті.
Ағымдағы жылдың қараша айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 43 221,0 мың теңге бөлінді.