Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың қыркүйек айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Қыркүйек айында мәдениет мекемелері 3 612 іс-шара өткізді, оған 395 252 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
Бірлігі жарасқан, берекелі, өнерлі отбасыларын дәріптеу, олардың кәсіби өсуіне және шығармашылығына көмек керсету, отбасы институтын нығайту және дамыту, қоғамдағы әке мен ананың мәртебесін көтеру мақсатында Отбасы күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылған «Өнерлі шаңырақ» облыстық фестиваль байқауының жеңімпаздары анықталды.
«Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек», деп атап өтті Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Облыстық фестиваль байқауының нәтижесі бойынша Бас жүлде иегері Қорғалжын ауданының Құсайыновтар отбасы атанып, «Adagio» гитарасын қанжығасына байлады.
Барлық қатысушылар дипломдармен және музыкалық колонкалармен марапатталды.
19 қыркүйек күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының әдебиет және өнер музейінде облыстың мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер, ғалымдар, шығармашылық бірлестіктер және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ақмола облысы мәдениет басқармасы жанынан құрылған көркемдік кеңес отырысы болып өтті. Өңірлік көркемдік кеңес музей-кітапхана ісі, театр-цирк өнері, музыкалық-концерттік қызмет жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Күн тәртібінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдарының жылдық репертуарлық жоспары, Ш.Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрының мен Ақмола облыстық орыс драма театрының гастрольдік жоспары, репертуарлық саясаты және 2024 жылы Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығы, Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы) 160 жылдығы, Сәкен Сейфулиннің 130 жылдығы, Көкен Шәкеевтің 100 жылдығы, С.Жүнісовтың 90 жылдығы, Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы, Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы және көкшелік Баянғали Әлімжанов, Қапаш Құлышева, Бисара Макенова, Мырзабек Құдайберлі сынды т.б. көптеген өнер майталмандарының мерейтойлары, сонымен қатар, Көкшетау қаласының 200 жылдығын атап өту талқыланды.
Отырыс барысында «Көкше тұлғалары» жобасы аясында мерейтойлық даталарды жоғары деңгейде атап өту, тетарларда қойылым қою үшін қазақстандық режиссерларды тарту сияқты т.б көптеген ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, көркемдік кеңес мүшелері мәдениет ошақтарының жұмысына және Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне орай өткізілген мерекелік концертке жоғары баға берді.
Ақмола облысында ұлттық мереке – Республика күніне орай мерекелік іс-шаралар бастау алды. «Бурабай аңыздары» тұңғыш суретшілер симпозиумы Астана қаласы, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарының суретшілерін Қазақстанның інжу-маржаны – Бурабайда біріктірді.
Бурабай өлкесімен ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған көптеген қызықты аңыздар байланысты, солардың біреуі – көлдің ортасында орналасқан Жұмбақтастың пайда болу тарихы. Бұл жердің табиғатының сұлулығы, тарихы мен аңызы бай өлке.
Қылқалам шеберлері Бурабайдың көз тартар табиғатының сұлулығын суреттері арқылы бейнеледі.
Симпозиум аясында жазылған суреттер Ақмола облысының қорын толықтыратын болады: Т.Байгалиев «Бурабай көлі», Н.Булгакова «Этюд», В.Быков «Оқжетпес», В.Быстрицкий «Боровое», «Страж Бурабая», И. Иса «Жаңғырық», А.Игембаев «Алма ағашы», Д.Қоспанов «Жеке батыр», М. Байтенов, «Уәде», Т. Мажитов «Бурабай», Н. Булгакова «Аңыз», Г.Абенова «Оқжетепес», И. Иса, «Құрақ», Г.Коломенская «Утро», А.Қалдыров «Атамұра», Қ.Нұркенов «Оқжетпес», А.Игембаев «Көкшетау.Бурабай. Оқжетпес. Аңыздар ізімен», Т.Мажитова «Көкшетау. Бурабай. Оқжетпес», Н.Яковлева «Диалог с легендами», Т.Байгалиев «Бурабай құпиясы», Н.Яковлева, «Священный Бура», М.Байтенов «Бақсы Бурабай», В.Быков «К Легендам Бурабая», Д.Қоспанов, «ЖЕКЕ БАТЫР», Т.Соловьева «Линия Бурабая», А.Қалдыров «Әлем».
Симпозиум қатысушылары, әрбір суретші алғыс хатпен және 300 мың теңге сомасына сертификатымен марапатталды.
ҚР суретшілер Академиясының академигі, «ҚР мәдениет қайраткері» ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Еуразия дизайнерлер одағының академигі , суретші Байтенов Мәжит Садықұлы симпозиум қатысушылары атынан ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында мерекелік декаданың ашылуымен құттықтады.
Көкшетауда дәстүрлі ән өнерін қайта жаңғырту, төл өнерімізді дәріптеу мақсатында «АСЫЛ-ӘН» музыкалық мектебі ашылды. Өнер ордасының ашылуын өнер сүйер қауым ерекше қуанышпен қарсы алды.
5 жастан бастап қабылдайтын «Асыл-ән» өнер мектебінде домбыра, жетіген, қомыз сынды ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп қана қоймай, сонымен қатар, дәстүрлі әндерді айтуды меңгеруге мүмкіндік алады.
28 қыркүйек күні заңғар жазушы, драматург, аудармашы, публицист Төлеген Сыздықұлы Қажыбаевтың «Төкеңнің төл мұрасы» атты шығармалары жинағының тұсаукесері өтті.
Іс-шарада Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының дәстүрлі әншілері Жанар Сақтаған мен Әділ Құсайынов арқаның әсем әндерінен шашу шашса, «Гәкку» би ансамблі әсем биімен тамсандырды. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Төбе бидей Төлеген» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Республика күні қарсаңында кербез Көкше топырағында дүниеге келіп, өнер өрісінің қазақ даласында өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан, тұғыры биік, рухы өршіл Арқа өңірінің ақиық дүлдүлдері – Ақан сері Қорамсаұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында «Көкшетау» мәдениет сарайында «Арқаның ән дариясы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.
Қатысушылардың әділ бағасын берер әділ-қазылар құрамына Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің директоры, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі», қазылар алқасының төрағасы Саян Болатұлы Мұхамедияр, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ерен еңбегі үшін төс белгісінің иегері, Өнер университетінің доценті, дәстүрлі әнші Толғанбай Тоқтағанұлы Сембаев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Кенжебай Жәнібекұлы Мұқышев, Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Асхат Батырханұлы Мағауин енді.
Өнерлі доданың қорытындысы бойынша
жүлделі ІІI дәрежелі дипломымен және 300 мың теңге ақшалай сертификатымен Диана Алтайқызы, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Нұртілек Ақтаев, Қызылорда облысы,
жүлделі ІІ дәрежелі дипломымен және 500 мың теңге ақшалай сертификатымен Төлеген Аманов, Көкшетау қаласы және
жүлделі І дәрежелі дипломымен және 800 мың теңге ақшалай сертификатымен Ідірбай Байбақты, Алматы облысы марапатталды.
«Арқаның ән дариясы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсетіп, орындаушылық шеберлігін танытқаны үшін БАС ЖҮЛДЕ 1 млн. теңге ақшалай сертификатымен және ұйымдастыру алқасының дипломымен Таңат Мұқышев, Абай облысы марапатталды.
Байқауға белсене қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының дипломымен және 100 мың теңге ақшалай сертификатымен Нұрбол Мұхит, Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Еркебұлан Қарипов, Солтүстік Қазақстан облысы, Қуандық Төкенов, Қарағанды облысы, Фархад Жәкіш, Ұлытау облысы, Арманбек Қалелбек, Астана қаласы, Әлихан Дүйсенбай, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Бейбіт Қажғалиев, Батыс Қазақстан облысы марапатталды.
30 қыркүйек күні Көкшетау қаласы, «Тәуелсіздік» алаңында Республика күнін мерекелеу аясында Даналық айына арналған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Көкшетау төрінде Көкшетау қаласы мен Степногорск, Аршалы, Бурабай, Целиноград, Зеренді, Егіндікөл және Сандықтау аудандарының ауылшаруашылық саласының белді-белді өкілдері сан алуан өнімдерін қала жұртшылығына ұсынды.
Концерттік бағдарламаны Целиноград, Қорғалжын, Бурабай, Егіндікөл, Зеренді аудандары мен Степногорск, Қосшы, Көкшетау қаласының шығармашылық ұжымдары ұсынды.
Клуб мекемелерін (кәсіпорындарын) қаржыландыруға 10 041,0 мың теңге бөлінді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыстың 331 кітапханасында 17 399 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 294 248 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 263 448 адам.
Кітап қоры 4 547 507 дана, бір ай ішінде 6 279 дана әдебиет келіп түсті, 5 219 дана шығарылды.
Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 308 кітапхана, телефондандырылған – 319 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 088 іс-шара өткізіліп, оған 116 009 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 15 085,9 мың теңге бөлінді.
Мағжан Жұмабаев атындағы АОӘҒК-мен Қазақстан Республикасы халқының тілдері апталығына орай «Тіл тазалығы – ұлт тазалығы» атты ақпараттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде республикамыздың аумағында дамып келе жатқан және әрекет ететін тілдер туралы қызықты ұсынылды.
2023 жылдың 22 қыркүйегінде Ақмола облысының мәдениет басқармасында Көкшетау қаласының кітапхана қызметкерлері мен шығармашыл жастары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілерін талқылады.
Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы туралы толық ақпарат берді, Жолдау аясында атқарылатын іс-шараларға тоқталды, жиын қатысушыларын баяндамашылармен таныстырды.
Сөз барысында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының, сондай-ақ аудандардағы мәдениет үйлерінің күрделі жөндеуден өткізілуіне қаражат бөлінгенін, облыстық Мәдениет басқармасында үлкен мерейтойлы іс-шаралар жоспарланғандығын, келесі жылы да мәдениет саласының қызметкерлері үшін аса жауапкершілігі мол, қызу еңбек күтіп тұрғанын баса айтты.
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімінің библиографы Әкімбаева Айсұлу Қазезтайқызы өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауының өзекті мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде Салтанат сарайының кітапханашысы Айдосова Бақытжан Досымбекқызы қатысушыларға Президенттің жолдауы аясында қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат беріп, Жолдауда атап өтілген мәселелердің маңызды тұстарына ерекше тоқталып, алдағы уақытта қарапайым еңбек адамдарының өнеге-үлгісін жас ұрпақ тәрбиесіне енгізу жоспарларын қолға алу ниеті барын айтты.
Соңында жиынға қатысушылар айтылған баяндамаларды қорытындылап, өз пікірлерін ортаға салды.
2023 жылдың қыркүйек айында облыс музейлерімен 132 экскурсия, 12 дәріс, 15 көрме өткізіліп, 159 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 3 169 адам.
Қыркүйек айы бойымен облыстық музейлермен келушілер назарына музей залдары бойынша экскурсиялары ұйымдастырылды.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 38 419,4 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 718,0 мың теңгені құрады.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР МСМ Мәдениет комитетінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен ұйымдастырылған «Ботай. Дала өркениетінің бастауында» көшпелі көрмесін ұсынылды.
9 қыркүйек күні «Қоғамдық келісім» КММ алаңында «Ел бірлігі» Вайнах мәдениетінің күндеріне орай «Кеше. Бүгін. Ертең» фестивалі өтті. Мерекеге еліміздің әр-түрлі облыстарынан қонақтар келді. Осыған орай Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкерлері О.В.Сартова мен А.К.Амиржанова қала қонақтарына автобустық экскурсияны өткізді. Сапар кезінде меймандар қала тарихымен танысып қана қоймай, сонымен қатар қарау алаңынан Көкшетаудың көріністерін тамашалады.
Қазақстан Президентінің 2013 жылғы Жарлығымен белгіленген қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі.
Осыған орай, 20 қыркүйек күні Көкшетау қаласының тарихы музейі Ақмола облысының еңбек инспекциясы басқармасымен бірлесе Ақмола облысының АКБ кәсіподақ орталығында іс-шара өткізді. Мерекелік іс-шара барысында кеш қонақтары назарына еңбек адамдарына арналған «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» атты фотокөрме ұсынылды.
Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға бағытталған мерекеге арналған фотокөрме 22 қыркүйек күні «Аманат» партиясы ҚБ Ақмола облыстық филиалы залында өз жалғасын тапты.
28 қыркүйек күні Әдебиет және өнер музейі төрінде ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай Ақмола облысы суретшілерінің «Ғасырлар тоғысында» атты шығармашылық көрмесі өтті.
Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы А. Сәбитова қылқалам шеберлерін көрменің ашылуымен құттықтап, Ақмола облысы мәдениет басқармасы атынан алғыс хат табыстады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
27 қыркүйек күні Ақмола облысы мәдениет басқармасы жанындағы «Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия» отырысы өтті.
Қыркүйек айында облыс театрлары 25 спектакль көрсетті, оның ішінде 1 премьера, барлығы 2 024 адам қатысты.
13 қыркүйек күні Әдебиет және өнер музейінде Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының XXVII театр маусымының ашылуына орай «Қойылымдарды безендіру бөлімі» цехтарының еңбегін насихаттау мақсатында «Сахнадағы сырлы әлем» атты көрме апталығының салтанатты ашылуы өтті.
«Бүгінгі XXVII театр маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған «Сахнадағы сырлы әлем» атты жаңа жобаның салтанатты ашылуы – осынау керемет шығармашылық саласы қызметкерлеріне деген үлкен құрмет деп білемін», деп атап өтті Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Көрме қыркүйек айының 13-25 күндері аралығында өтті.
Көкшетауда Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының XXVII театр маусымының ашылуы аясында алғаш рет қойылым костюмдерінің дефилесі өтті. Көрсетілім қатысушылары «Ақан сері – Ақтоты», «Калигула», «Турандот», «Күлше қыз», «Мүйізтұмсық», «Еріккендер ерлігі», «Алиса айналар әлемінде», «Отелло», «Құлыншақ пен бөлтірік», «Қып қызыл ақша», «Отбасылық құпия», «Жын ойнақ», «Келіндер көтерілісі» және басқа да қойылымдарының костюмдерін ұсынды».
Көрсетілім аясында қажырлы еңбек етіп «Адал азамат» ұғымын бейнелейтін еңбек адамдары – тігін, машина, реквизит цехтарының мамандары, сахна техниктері, жарық бойынша мамандар, гримерлер, костюмерлер, бутафорлар Ақмола облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жыл сайынғы «ТеАРТ-Көкше» Халықаралық театр фестивалі шығармашылық байланыстарды дамытуға және нығайтуға, өзара байытуға және театр өнерін танымал етуге ықпал ететін жоғары театр мәдениетін сақтау мен жаңғыртудың жақсы дәстүріне айналды.
Орыс драма театры өзінің көп жылдық тарихында Қазақстанның қазіргі заманғы театрларының талаптарына сай келетін танымал, табысты театрлардың біріне айналды.
Театр әр жылдары көптеген танымал өнер фестивальдерінің қатысушысы және лауреаты атанды.
Осындай кең ауқымды іс-шараны өткізу Ақмола облысының театрлары үшін ғана емес, сонымен қатар Көкшетаудың өңірдің мәдени театр орталығы ретіндегі имиджін ілгерілету, театр мәртебесін арттырудағы үлкен мереке болып саналады.
Алты күндік фестиваль аясында көкшелік көрермен үшін Астана, Атырау, Петропавл, Ақтау, Теміртау қалаларының және Татарстан, Армения, Грузия, Қырғызстан және Ресейдің шет елдерінің үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
«Театр фестиваліне қатысушыларға театрға деген адалдығыңыз, шығармашылыққа және театр өнерінің барлық жанкүйерлеріне деген құрметіңіз үшін ризашылығымды білдіремін», - деп Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова атап өтті.
Театрларды қаржыландыруға 71 800,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 3 232,2 мың теңгені құрады (Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры – 346,0 мың теңге, Ақмола облыстық орыс драма театры – 2 886,2 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың қыркүйек айында 15 іс-шара өткізді, оған 2 913 көрермен қатысты.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 77-концерттік маусымының ашылуы аясында 19 қыркүйек күні ұлы ақын, композитор, философ Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Оркестрдің бас дирижері Жанат Рашит, дирижері Руслан Қойшыбаев.
Бағдарламаға «Мәдениет саласының үздігі» Галина Колесникова жетекшілік еткен камералық хор да қатысты.
Кешті дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов жүргізіп, әр орындалатын әннің ерекшелігіне тоқталып, көркемсөзбен әрледі.
28 қыркүйек күні дирижер Абай Акбужуровтың жетекшілік етуімен симфониялық оркестрдің концерті өтті.
Концерттік бағдарламада әлемге әйгілі классик композиторлардың жауһар туындылары орындалды. Людвиг ван Бетховеннің симфониясы мен увертюрасы, Карл Мария фон Вебердің концертинасы классикалық музыканы бағалаушылардың назарына ұсынылды. Концертті дәрісші-музыкатанушы Юлия Никитенко жүргізді. Бұл композиторлардың шығармалары әлемдік музыка мәдениеттің алтын қорына жатады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 49 750,0 мың теңге бөлінді.