Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың тамыз айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Тамыз айында мәдениет мекемелері 2 123 іс-шара өткізді, оған 435 727 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
3 тамыз күні Сандықтау ауданында Ақмола облысының әкімі Маржықпаев Ермек Боранбайұлының қатысуымен «Ақ-бидай-2023» XXXIV жазғы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мәдени іс-шараға Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі, облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау», «Он алты қыз» халықтық би ансамбльдерінің негізгі және орта топтары, сонымен қатар облыстың үздік шығармашылық ұжымдары қатысты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Ұлы ақынның құрметіне Абай күні болып белгіленді.
Абай Құнанбаев – әлемдік мәдениеттің тұлғасы, мемлекет мүддесін қорғаушы, халық бірлігі идеясының жақтаушысы. Абай мұрасы тақырып-мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде де ұланғайыр. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп отыр.
Ақынның туған күні аясында Ақмола облысы мәдениет мекемелерімен 500-ден астам әдеби, мәдени-танымдық, ағартушылық, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ақмола облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.
Атаулы күні мәдениет мекемелерімен Ұлы тұлғаның құрметіне бірқатар айтулы іс-шаралар жүзеге асырылды. «Көкшетау» МС-ның шығармашылық ұжымы ақынның шығармашылығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты концерттік бағдарламасын, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі келушілер назарына «Асыл сөзді іздесең ....» атты Абайдың қара сөздерін жатқа оқу марафоны, «Абай – қазақтың рухани көсемі» атты ақпарат досье, «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты әдеби көрме ұсынылды.
Қала қонақтары мен тұрғындары сонымен қатар Көкшетау қаласының орталық саябағында М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК-ның және Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты мерекелік көрмесін тамашалай алды.
Абайдың мұрасын қайта жаңғырту, ұрпақ тәрбиесіне насихаттау мақсатында Көкшетау қаласы «Абай» кафесінде «Абай – дана, Абай – дара...» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Кеш барысында өңіріміздің танымал ақындары, әншілері және музыканттары Ұлы ақынның шығармашылығынан өлең жолдары мен әндерін орындады.
Ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» және «Желсіз түнде жарық ай» әндері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солистері Сәрсенбай Хасенов пен Аягөз Қалмағанбетованың орындауында кештің сәнін келтірді.
«Көкшетау» мәдениет сарайының «Көркемтау» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Альбина Қасенова ақынның «Торы жорға» мен «Май түні» күйлерін орындады. Ақниет Абдулланың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әніне жиналған қауым бірлесе ән шырқап, керемет көңіл-күй сыйлады.
Ақмола облысы мәдение басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD философия докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы – Ерболат Баятұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, Көкшетау қалалық кітапханасының директоры – Серік Жетпісқалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, жазушы Алмас Темірбай, Қазақстан жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, ақын – Мерген Тоқсанбай, Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері, ақын Оралбек Нұрыш ыстық ықылас тілектерін арнады.
17 тамыз күні «Болашақ сарайы» мекемесінде Құрылысшылар күніне орай салтанатты іс-шарасы өтті.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі, Абзал Ес және өңіріміздің үздік көркемөнерпаз шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды.
Марапаттау рәсімін «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау» және «Он алты қыз» халықтық би ансамблдерінің қатысушылары өткізді.
Іс-шара жүргізушілері Бейбіт Кешу және Алтынай Искакова.
Ақмола облысында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Марапаттау рәсімін «Он алты қыз» және «Көкшетау» халықтық би ансамблдерінің қатысушылары өткізді.
Ақмола облысының кәсіби және көркемөнерпаз халық шығармашылығы ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды.
Концерттік бағдарламада «Көкшетау» мәдениет сарайының «Кербез сұлу» халықтық фольклорлық ансамблі, «Он алты қыз» халықтық би ансамблі, солистері Санжар Айткулов, Инара Мукушева, сонымен қатар «Сағым», «Сұңқар» квартеттері, «Шабыт» триосы, республикалық байқаулардың лауреаттары Фархат Сағымбай, Саят Бабаев, Дмитрий Петюль, Анастасия Медетова, Ильяс Муратбек, Жулдыз Мукушева өнер көрсетті.
22 тамыз күні Зеренді аудандық мәдениет үйінде қазақтың ұлы жырауы, ақын Бұқар жыраудың 355 жылдығына арналған «Даланың жыр шежіресі» облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Байқаудың басты мақсаты халқымыздың мәдени мұрасын сақтау және дамыту, бабалардың елдік пен ерлік жырлары арқылы сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық рухты көтеру, ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамыту, жыр-терме өнерін жастардың арасында дәріптеу арқылы тәлім-тәрбие беріп, жаңа есімдерді анықтау, өскелең ұрпақтың шығармашылық өнеріне қолдау көрсету болды.
Байқау екі кезеңнен тұрды: іріктеу және қорытынды кезең. Іріктеу кезеңге Атбасар, Ерейментау, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Ақкөл аудандары мен Қосшы қаласынан 16-40 жас аралығындағы 8 жыршы-термешілер қатысты.
Қазылар алқасының құрамына Құдайберлі Мырзабек Рахымбекұлы – ақын-импровизатор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, қазылар алқасының төрағасы;
Хасенов Сәрсенбай Оразұлы- Ақмола облысы мәдениет басқармасының жанындағы «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының дәстүрлі әншісі, халық әндерінің шығу тарихын зерттеуші;
Әбенов Асылбек Қайырбекұлы – Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы енді.
Жүлделі бірінші орынға Дүйсенбай Әлихан (Қорғалжын ауданы) ие болды. Екінші орынды Айтжан Райымбек (Қосшы қаласы), үшінші орынды Тойшин Нұрдәулет (Атбасар ауданы), ал Ерейментау ауданынан келген Есімхан Жасұлан Арнайы жүлде иегері атанды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
25 тамыз күні Кенші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Марапаттау рәсімін «Көкшетау» және «Он алты қыз» халықтық би ансамбльдерінің қатысушылары өткізді.
Концерттік бағдарламаны Целиноград ауданының квартеті және республикалық байқаулардың лауреаттары Ақбота Құснадин, Айгерим Даулетхан, Арай Букаева, Айдын Қабдулмажит ұсынды.
Конституция күні – барлық қазақстандық үшін қасиетті мереке. Конституция біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың сақталуының, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның дамуының сенімді кепілі.
Ақмола облысында аталмыш мереке аясында 5 000 жуық адамды қамтыған 500-ге жуық іс-шаралар аталып өтті.
30 тамыз күні Көкшетау қаласы Жағалауында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Оркестрлер шеруі» open air кеші өтті.
Мерекелік кешті «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау» халықтық би ансамблі «Шашу» биімен ашты.
Қала тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтап, Целиноград ауданынын Айнур Байнулдинова, Олжасұлы Сүлеймен, Руслан Базаров, Зеренді ауданынан Айтолқын Жарылқапова, София Флейшгауэр және Көкшетау қаласынан «Достар» триосы, Евгения Короткова, Айдын Қабділмажит, Анастасия Марина өнерлерін паш етіп, көрермендерін өзінің ерекше дауысымен тәнті етті.
Мерекелік кештің ең басты оқиғасы – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі әуенінің әсемдігі мен сырлы сазы әрбір көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көңілінен орын тапты.
Көрермендер назарына Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», Түркеш «Көңіл ашар» күйлері, Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», Ақан Серінің «Балқадиша», Абайдың «Айттым саған Қаламқас», «Тор жорға», Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», Н.Тлендиевтің «Сарыжайлау» және шетелдік авторлардың танымал әндері ұсынылды.
Өнер ордасының «Гәкку» би ансамблі мың бұралған биімен кештің сәнін келтірсе, солистері Аякөз Қалмағанбетова, Сәрсенбай Хасенов, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин, Жанар Сақтағанова, Жамиля Джаркимбаева, Эльмира Толеубаева, Ляззат Идрисова, Марина Зяблинцева, Нурлан Рахимжанов және Дмитрий Петюль көңілді әндері мен әуенінің ырғағымен тындармандарды әсерлі сезімдерге бөледі.
Клуб мекемелерін (кәсіпорындарын) қаржыландыруға 32 973,7 млн. теңге бөлінді.
Ағымдағы жылдың тамыз айында облыстың 331 кітапханасында 13 946 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 234 374 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 169 858 адам.
Кітап қоры 4 546 462 дана, бір ай ішінде 2 331 дана әдебиет келіп түсті, 29 874 дана шығарылды.
Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 308 кітапхана, телефондандырылған – 319 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 1 582 іс-шара өткізіліп, оған 52 524 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 59 266,7 мың теңге бөлінді.
10 тамыз күні қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философ, композитор, аудармашы Абай Құнанбаевтың туған күніне орай М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК «Абай әлемі» атты кітап көрмесін ұсынды.
Абайдың әдеби мұрасы өлеңдер, шығармалар мен аудармалардан тұрады. Абай поэзиясы әуезді, сырпы «Қара сөз» классикалық тала ой-сезімінің қоймасы. Көрмеде ақынның философиялық ойлары, атақты өлеңдері, аудармалары, жазушының шығармалары қойылды.
17 тамыз күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тұрақты жас оқырмандары арасында «Суретшілер қаласы» атты тақырыпта ашық аспан астында сурет байқауын ұйымдастырды. Байқау қатысушылары қиялдарының ұшқырлығын, кез-келген тақырыпта еркін ойлау білетіндіктерін көрсетті.
2023 жылдың тамыз айында облыс музейлерімен 188 экскурсия, 14 дәріс, 11 көрме өткізіліп, 214 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 4 478 адам.
Тамыз айы бойымен облыстық музейлермен келушілер назарына музей залдары бойынша экскурсиялары ұйымдастырылды.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 41 147,2 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 2316,3 мың теңгені құрады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
7 және 22 тамыз күндері Ақмола облысында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Тамыз айында облыс театрлары 2 спектакль көрсетті, барлығы 63 адам қатысты.
Театрларды қаржыландыруға 43 301,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 100,5 мың теңгені құрады (Ақмола облыстық орыс драма театры – 100,5 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың тамыз айында 5 іс-шара өткізді, оған 730 көрермен қатысты.
Ағымдағы жылдың тамыз айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясын қаржыландыруға 35 725,0 мың теңге бөлінді.