Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың шілде айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Шілде айында мәдениет мекемелері 2 679 іс-шара өткізді, оған 357 452 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленді.
Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында игі дүниелер қайта жаңғырып, тың бастамалар бой көтереді. Ақмола облысы бойынша Ұлттық домбыра күніне орай 1000-нан астам іс-шаралар өткізілді.
Көкшетау қаласының «Абылай хан» алаңында Ұлттық домбыра күніне орай аталып өткен «Домбыра» атты флеш-моб 1,5 мыңға өнерпаздарды біріктірді. Облысымыздың кәсіби домбырашылары, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көркемтау», «Кербез сұлу» домбырашылар ансамблдері, Көкшетау қаласының Біржан Сал атындағы музыкалық колледжі, Ақан Сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері, қала мектептерінің, Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Целиноград, Сандықтау, Қорғалжын, Бұланды, Шортанды, Зеренді аудандары мен Көкшетау, Қосшы қаласының бірлескен домбырашылар ансамблі мен күй мектебінің шәкірттері бірлесіп, қазақ халық композиторларының күйлерін бір мезетте орындады.
Ауқымды өнер мерекесіне Көкшетау («Даниярова» ЖК, «Калиева Б.А.» ЖК, «Гульбану Гумурзакова» ЖК), Қосшы («Өнер-2012» ЖК) қалалары, Қоянды («Рахим» ЖК, «Нурислам» ЖК), Өркендеу («Адал Ниет Астана») елді мекендерінің мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында қызмет көрсететін домбыра мектептері мен үйірмелері де белсенді ат салысты.
Фестиваль қазақтың қара домбырасының қасиетін арттыру, елге ұлттық өнерді насихаттау және халыққа өз өнерлерін паш ету басты мақсатын ұстанды.
Ұлттық Домбыра күніне және қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Күмбірлеген күміс күй» облыстық күйшілер байқауы іріктеу және қорытынды екі кезеңнен тұрды.
Іріктеу кезеңге Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларынан 18-35 жас аралығындағы 20-дан астам күйші қатысты, оның ішінде 12 адам ақтық сайысқа жолдама алды.
2023 жылдың 2 шілдесінде Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында «Күмбірлеген күміс күй» облыстық күйшілер байқауының жүлдегерлері марапатталды.
Облыстық күйшілер байқауында өнер көрсеткені үшін 3-ші дәрежелі дипломымен және 35 мың теңге ақшалай сертификатымен Зеренді ауданынан Айнабек Оразалы мен Көкшетау қаласынан Иманғали Әнәс, 2-ші дәрежелі дипломымен және 80 мың теңге ақшалай сертификатымен Қорғалжын ауданынан Ырысты Жаңбыршиева марапатталды.
Ал, байқаудың 1-ші дәрежелі дипломы және 100 мың теңге ақшалай сертификатына Көкшетаулық күйші Әділ Тәуке лайық деп танылды.
4 шілде күні Ақмола облысы әкімдігі қолдауымен Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығы, алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық мәдени-рухани экспедициясы Бурабай ауданы, «Абылай хан» алаңынан бастау алды.
Экспедицияның мақсаты – Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттері арасын байланыстыратын экспедиция жасау арқылы, жоғарыдағы мемлекеттерде тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерліктермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады. Ресей Федерациясы мен Моңғолия Республикасында тұратын этникалық қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттау назарда ұсталынады. Сондай-ақ қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды дәріптеп, олардың қайраткерлік, елдік істерін дәріптеу.
Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумағындағы шамамен 9 000 шақырым жерді қамтыған экспедиция Көкшетау (Бурабай) – Астана – Павлодар – Бийск – Горно-Алтайск – Кошагаш – Баян-Улгий – Ховд – Баянхонгор – Хархорин – Номғон – Уланбатор – Налайхан – Улан-Удэ – Иркутск – Красноярск – Новосібір – Омбы – Көкшетау бағыты бойынша өтті.
«Отандастар қоры» Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық мәдени-рухани экспедициясының сапарынан аман-есен оралуы бойынша Көкшетау қаласы, «Абылай хан» алаңында іс-шара өтті.
Іс-шара барысында экспедиция мүшелері «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық тарихи-ғылыми экспедициясының табысты өтуіне белсене ат салысқаны үшін Ақмола облысы әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды. Эстрада әншілері Айгерім Дәулетхан мен Ақтоты Абдрахман жиналған қауымды керемет ән шашуымен қуантты.
Бурабай ауданы, «Оқжетпес» мәдениет үйінде Ақмола облысы мәдениет басқармасының 2023 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.
Іс-шараға облыс бойынша аудандық және қала мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде Ақмола облысы мәдениет инфрақұрылымының дамуы, 2023 жылдың мерейтойлық даталары мен оқиғалар қатарына дайындық және әлеуметтік желі арқылы мәдениетті насихаттау, Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру, 2023-2024 жылғы жылу маусымына дайындық, бюждеттің орындалуы, облыстағы клубтық мекемелердің, кітапханалардың жай-күйі, музейлердің маңыздылығы, монументалды өнер құрылыстарын орнату заңдылықтарын басшылыққа алу өзекті мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, Ұлттық домбыра күніне белсене ат салысқан аудандық домбыра ансамблдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында қызмет көрсететін домбыра үйірмелеріне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренованың атынан алғыс хаттары табысталды.
6 шілде күні Елорда күніне орай Көкшетау қаласы, «Қопа» көлінің жағалауында «Армысың, аяулы, ару Астана!» атты концерті өтті.
Мерекелік кеш аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Эстрадалық-симфониялық оркестрі, Симфониялық оркестрі бас дирижері Берік Сарыбай, Эстрадалық-үрлемелі оркестрі бас дирижері «Мәдениет саласының үздігі» Ерназар Уразалин, Абай Абажуров және филармония әртістері Айгерим Даулетхан, Данияр Кабдуалиев, Аякоз Калмаганбетова, Эльмира Камарницкая, Ляззат Едрисова, Марина Зяблинцева, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин, Саида Сагди отандық және шетел композиторларының Астана күніне арналағн шығармашаларын орындады.
Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Аршалы, Есіл, Атбасар, Егіндікөл, Астрахан, Жақсы, Қорғалжын, Шортанды, Ерейментау, Бұланды, Ақкөл аудандары мен Қосшы, Көкшетау қаласының эстрада әншілері мен көркемөнерпаз ұжымдары өнер көрсетті.
7 шілде күні ресми шақыру бойынша «Он алты қыз» халықтық би ансамблі Петропавл қаласында өткен Елорда күніне арналған II Халықаралық «Qyzyljar Music Fest» фестиваліне қатысып, жарқын да әсем билерімен көрермендерді қуантты.
Қатысушылар мен ансамбль жетекшісі Дусмогомбетова Мадина Темербулатқызы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі А.С.Сапаровтың Алғыс хатымен марапатталды.
Щучинск қаласында Олимпиадалық дайындық орталығы негізінде FIS Шаңғы роллер әлем кубогы кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарысқа әлемнің 8 елінің спортшылары қатысты: Италия, Қырғызстан, Қытай Тайбэй, Латвия, Норвегия, Тайланд, Швеция, Қазақстан.
Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің қатысушылары іс-шараның шымылдығын «Сылқым ару» биімен ашып, турнирге қатысушы мемлекеттер спортшыларын ресми шығару, марапаттау рәсіміне қатысты.
21 шілді күні Көкшетау қаласы, «Тәуелсіздік» алаңында Ақмола облысы әкімінің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесі өтті.
«Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 2006 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер, сондай-ақ жергілікті өндірушілерді қолдау, оларды тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және елде өндірісті дамыту мақсатында өткізіледі.
Өңірлік байқаудың жеңімпаздары мен лауреаттары осы жылдың соңында Елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады.
Байқауға 90-ға жуық ақмолалық тамақ өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп пен өнеркәсіп өндірушілері қатысты. Сондай-ақ, биыл «Бір ауыл-бір өнім» көрмесі аясында жергілікті мәдениет пен тұрмысты көрсететін ауылдық жерлердегі әйелдер өндіретін тауарлар ұсынылды.
Ақмола облысының үздік көркемөнерпаз ұжымдары мен эстрада әншілері көрме қатысушыларына керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады.
25 шілде күні «Аманат» партиясы Ақмола облысы филиалының Көкшетау аумақтық филиалының «Мәдениет» бастапқы партия ұйымының жиналысы өтті. Жиналыс барысында «Мәдениет» бастапқы партия ұйымы төрайымының орынбасарларына «Достар» МС-ның шығармашылық жөніндегі директоры орынбасары Ибраева Әсем Советқызы мен М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК-ның кітапхананың дамуы бөлімінің жетекшісі Жезлова Елена Николаевна сайланды.
27-28 шілде аралығында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Бурабай, Бұланды, Ақкөл, Ерейментау, Шортанды, Аршалы, Целиноград аудандары бойынша қызметтік іс-сапарда болды. Іс-сапар барысында басқарма басшысы мәдениет ошақтарының ағымдағы/күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Клуб мекемелерін (кәсіпорындарын) қаржыландыруға 587 086,5 млн. теңге бөлінді. Ақылы қызметтер жоспары 4017,0 мың теңге, орындалуы 2 284,6 мың теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың шілде айында облыстың 331 кітапханасында 13 473 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 163 205 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 237 677 адам.
Кітап қоры 4 574 005 дана, бір ай ішінде 6 088 дана әдебиет келіп түсті, 1 534 дана шығарылды.
Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 308 кітапхана, телефондандырылған – 319 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 1 718 іс-шара өткізіліп, оған 51 452 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 16 701,4 мың теңге бөлінді.
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Ұлттық домбыра күніне арналған «Әгугай, домбыра!» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Әсем әнімен, шаттық үнімен жанды жадыратар Ұлттық домбыра мерекесі жыл сайын елімізде дәстүрлі өткізіліп келеді. Аталмыш іс-шара баршамызға ортақ құндылығымыз болған қасиетті домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара Қайыржан Рауана және Азаматұлы Әмірәлінің орындауында «Салкүрең» атты халық күйімен басталды. Шара барысында күмбірлетіп күй төгіліп, әуелетіп ән шырқалды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық, екі шекті, тоғыз пернелі аспабы жайлы қызықты, толық мәліметтер айтылды. Болашақ таланттардың шабытын шалқытқан шаттық мерекесі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен жоғары рухта аяқталды.
Кітапхана ұжымы оқырмандар назарына 6 шілде – Елорда күніне орай «Астана – туған елдің жүрегі», Халықаралық шахмат күніне орай «Шахмат – әділ де адал ойын» атты кітап көрмелерін ұсынды.
2023 жылдың шілде айында облыс музейлерімен 298 экскурсия, 21 дәріс, 12 көрме өткізіліп, 331 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 8 639 адам.
Шілде айы бойымен облыстық музейлермен келушілер назарына музей залдары бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 40 269,7 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 2 600,0 мың теңгені құрады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
Ұлттық домбыра күніне орай Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығыі Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының 1-4 сынып оқушыларына Көкшетау қаласының Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театры жанында орналасқан «Домбыра» мүсіндік композициясы алдында «Күй атасы –Құрманғазы» акциясын өткізді.
Аталмыш іс-шараның мақсаты: қазақ халқының ұлттық аспабы домбыраны дәріптеу, домбыраны құрметтеу.
Тарихы мен табиғаты, сәулеті мен бүкіл тіршілігі дара, тарихымыздың түндігі – жас қала Астананың күн сайын еңсесі биіктеген калаға айналуы өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандыруда.
Астана күніне орай, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының 1-4 сынып оқушыларына орталық алаңда орналасқан «Тәуелсіздік» стеласы жанында «Жайнай бер, жас Астана!» атты акциясын өткізді.
Аталмыш іс-шараның мақсаты – Республиканың орталығы – Астана қаласын мақтан тұта білуге тәрбиелеу және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елжанды азамат болуға тәрбиелеу болып саналады.
Шілде айында облыс театрлары 2 спектакль көрсетті, оның ішінде 1 премьера, барлығы 256 адам қатысты.
Қазақ жерінің тұтасты жолында аянбай тер төккен, дара тұлға Жұмабек Тәшеневтің өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында театр репертуарындағы Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспан» драмасы қазақ радиосының «Шабыт» радиотеатрында таспаланды.
Абай телеарнасының талантты жастарға арналған «Есімдер» бағдарламасының кезекті шығарылымы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, театрымыздың әдебиет бөлім меңгерушісі әрі көркемдік жетекші м.а., ақын Манарбек Қыдырбайұлына арналды.
1 шілде күні Ақмола облыстық орыс драма театрының 46-шы театр маусымы М.Гиндин және В.Синакевичтің «Зверь. Post-Apocalypse» драмасының тұсаукесерімен салтанатты түрде жабылды.
Қойылымда бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері қозғалады: Адам мен жануардың арасындағы неге бұлыңғыр? Неліктен оны өту оңай? Бізде адамгершілікті не жояды?
Осы сұрақтардың бір бөлігіне Сіз қойылым барысында жауап таба аласыз, ол өз кезегінде көптеген басқа сұрақтарды тудырады ...
Театрларды қаржыландыруға 82 835,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 590,0 мың теңгені құрады (Ақмола облыстық орыс драма театры – 590,0 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың шілде айында 2 іс-шара өткізді, оған 2300 көрермен қатысты.
Әзірбайжанның Шеки қаласында Әзірбайжан, Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші ұжымдары қатысқан XII Халықаралық «Жібек Жолы» музыкалық фестивалінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі өнер көрсетті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар-Әзірбайжан Мәдениет министрлігі мен Композиторлар одағы, сондай-ақ Шеки қаласының атқарушы билігі.
Ансамбльдер Мәдениет саласының үздіктері Ануарбек Файзуллин мен Гүлмира Ордабаеваның жетекшілігімен фестиваль қатысушылары мен көрермендерінің жоғары бағасына ие болып, құрмет-кошеметіне бөленді.
Ағымдағы жылдың шілде айында филармонияны қаржыландыруға 93 311,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтерден түскен табыс 901,2 мың теңгені құрады.