Ақмола облысы мәдениет басқармасының
2023 жылдың маусым айында атқарылған жұмыстары туралы
АҚПАРАТ
2023 жылғы 31 маусымдағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:
- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;
- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);
- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;
- 2 театр;
- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;
- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;
- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Маусым айында мәдениет мекемелері 3 110 іс-шара өткізді, оған 427 159 адам қатысты.
Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.
4 маусым күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қатысуымен патриоттық акциясы өтті.
Іс-шара барысында «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көркемтау» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Альбина Касенова мен Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Жақып Мадияр «Жыл патриоты – 2023» белгісімен марапатталды.
Аталмыш «Қопа» көлінің жағалауында жазғы шығармашылық маусымының ашылу салтанаты аясында «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздары Ерейментау, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласы өнерпаздарының концерті өтті.
18 маусым күні облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары ән мен күйдің бесігі, сал-серілердің мекені атанған сұлу Көкше төрінде «Ұлттық киім – Ұлт ажары» республикалық байқауы тамашалады.
Заманауи сән үлгісіне сай дәстүрлі этникалық костюмнің бірегей құндылықтарын және оның сан алуандығын көрсету, кәсіби және әуесқой дизайнерлерді қолдау мақсатында өткен байқауға Алматы облысы, Астана, Көкшетау қаласынан барлығы 33 киім дизайнерлері, шеберлері қатысып, ұлттық нақыштағы үздік киімдерін жұрт назарына ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен 1 орын Көкшетау қаласы «Ақай» ательесі, 2 орын Алматы облысынан Серікбай Айжанға, 3 орын Көкшетау қаласынан Ехлакова Светланаға тиеселі болды. Сонымен қатар, ынталандыру сертификатымен Көкшетау қаласынан Тәшенова Әлия мен Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінен Аскарова Лаура марапатталды.
22 маусым күні облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайында «Сувенир» халықтық би ансамблінің 60 жылдығына орай мерейтойлық концерті өтті. Концерттік бағдарламада ең жарқын, ең әсем хореографиялық композициялар орындалды.
Ұжымды және жетекшісі Маргарита Авдеенконы Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сабитова, «Көкшетау» халықтық би ансамблі, халықтық ардагерлер хоры құттықтады. «Сувенир» ансамблінің бұрынғы жетекшісі Пахомова Татьяна Алексеевна Кубань аймағынан бейнеқұттықтау жолдады.
30 маусым күні Көкшетау қаласының «Достар» мәдениет сарайында Ұлттық Домбыра күніне және қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Күмбірлеген күміс күй» облыстық күйшілер байқауы өтті.
Байқау күй өнерін Құрманғазының музыкалық мұрасын, халық шығармашылығының жанры ретінде сақтау және дәріптеу, сондай-ақ домбыраны қазақ халқы тарихының ажырамас бөлігі ретінде насихаттау, кәсіби шеберлікті арттыру, тәжірибе алмасу және жаңа таланттарды анықтау мақсатын ұстанды.
Екі кезеңнен құралған байқаудың іріктеу кезеңіне Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларынан 18-35 жас аралығындағы 20-дан астам күйші қатысты, оның ішінде 12 адам ақтық сайысқа жолдама алды.
Клуб мекемелерін (кәсіпорындарын) қаржыландыруға 775 799,6 млн. теңге бөлінді. Ақылы қызметтер жоспары 5 685,9 мың теңге, орындалуы 4 467,0 мың теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың маусым айында облыстың 331 кітапханасында 29 365 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 421 073 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 301 627 адам.
Кітап қоры 4 566 794 дана, бір ай ішінде 5 549 дана әдебиет келіп түсті, 4 689 дана шығарылды.
Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 324 кітапхана, телефондандырылған – 319 кітапхана.
Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 152 іс-шара өткізіліп, оған 101 072 адам қатысты. Кітапхананы қаржыландыруға 15 426,8 мың теңге бөлінді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Біз бақытты баламыз!» атты ашық аспан астында көңілді іс-шара өткізді.
Балғын балақайлар қызықты сұрақтарға жарыса жауап беріп, өздерінің тапқырлықтарын көрсетті. Аталмыш іс-шараға №2 мектеп оқушылары қатысты. №21 мектеп оқушылары Жұмабаева Меруерт пен Жәнібек Кәусар «Туған жер», «Біз бақытты баламыз» атты ән шырқап, іс-шараның көркін келтірді. Балалар түрлі ойындарға белсене қатысып, өздерінің ұлттық ойындардан жетік білімдерін көрсете білді. Іс-шара соңында, «Гормолзавод» компаниясының демеушілік көрсетуімен, балаларға балмұздақтар таратылды.
Облыстық кітапхана Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай «Алып тұлғаның бітімі – Сұлтан Бейбарыс» атты библио-дартс өткізді. Аталмыш шарада оқушыларға Сұлтан Бейбарыс жайлы деректер беріліп, оның өміріне қатысты викториналық сұрақтар қойылды.
Өз елін, өз жерін мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын анықтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын терген, сұлу жырымен оқырманын сүйсінткен ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы №2 мектеп жанындағы лагерь оқушыларына «Қараңғылықты жүрек сәулесімен оятқан ақын» атты әдеби батл ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты: оқушыларға Мағжанның өмірі мен шығармашылығын таныту арқылы оның ақындық тұлғасы мен философиялық ойларын жастарға жеткізу. Аталмыш іс-шарада кітапхананың тұрақты оқырманы Қайрат Мадина «Қазақ тілі», «Мен жастарға сенемін», мектеп оқушылары «Өзеннің суын жел тербеп», «Сағындым» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
2023 жылдың маусым айында облыс музейлерімен 343 экскурсия, 49 дәріс, 30 көрме өткізіліп, 422 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 11 518 адам.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Әдебиет және өнер музейi қала мектептерi оқушыларының арасында «Бiз бақытты баламыз» атты сурет сайысын өткiздi.
Балаларды шығармашылыққа бейiмдеу, олардың ерекше қабiлетiне қолдау бiлдiру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бiрi. Сайыстың мақсаты да бүлдiршiндердiң шығармашылығын насихаттау болып саналады. Биылғы сайыс тақырыбы «Туған жер» деп бектілген еді.
Бұл дәстүрлi сурет сайысына қала мектептерiнен 119 оқушы қатысты. Суретшi, мүсінші Юрий Попов, суретші-педагог Наталья Булгакова мен Наталья Лосева сынды қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделi III орын Красный Яр №2 орта мектебінің оқушысы Құнанбай Ерәліге бұйырса, II орынды №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Дүйсенбек Абай иелендi. Көкшетау қаласы №18 орта мектептiң оқушысы Қаматай Айжарық конкурс жеңiмпазы атанды. Өнер бәйгесiне қатысқан оқушылардың бәрiне ынталандыру сыйлығы табысталды.
Айтулы мерекеге орай, Мәлік Ғабдуллин музейінде «Балғын балалар!» қөңілді старт жарысы өтті. Жарысқа №4 орта мектептің 3-4 сынып оқушылары қатысты. Мектеп оқушылары музейдің экспозициялық залдарын аралап, Батырдың өмір жолымен және шығармашылығымен танысып шықты. Одан әрі балалар музей ауласында екі топқа бөлініп, көңілді сайыста күш сынады. 4 кезеңнен құралған тартысты күресте «Мәлік Ғабдуллин» командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Қатысушыларға тәтті сыйлықтар табысталды.
Көкшетау қаласының тарихы музейі ұжымы қаланың кішкентай тұрғындары үшін «Сиқырлы сандық» ойынын, ертегілер бойынша викториналар, қуыршақтар көрмесін, сондай-ақ сурет салып, «Сүйікті қалам» тақырыбында мозаика құрастыратын шығармашылық алаң дайындады.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Музей балаларды шақырады» анимациялық бағдарламасын ұсынды.
29 маусым күні Әдебиет және өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Владимир Быстрицкийдің «PRO ЖИВОПИСЬ» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
Көрменің мақсаты: Суретшінің шығармашылығын халық назарына ұсыну, насихаттау, өнер адамының еңбек жолын жас буынға үлгі ету, көркемсуретке қызықтыру, халықты мәдени ошақтарға тарта отырып, эстетикалық талғамын қалыптастыру, музей ісінің алға басуына, тапнымалдығының артуына ықпал ету.
Владимир Брониславович облыстық, қалалық және аудандық көрмелердің белсенді қатысушысы. Суреттері Ресей, АҚШ, Австрия, Германия және Қытай коллекцияонерлерінің жеке коллекциясында сақтаулы.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ЖОО-ның ұстаздары мен студенттері, түрлі БАҚ өкілдері, суретшілер және өнер қайраткерлері қатысты.
Облыс музейлерін қаржыландыруға 40 461,9 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер орындалуы – 1 770,3 мың теңгені құрады.
Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.
«Қазыналы қазба – ұлт құндылығы» жобасы аясында Қызылұйым ауылы маңындағы қорғанды қазу барысында, оңтүстік сектордағы сұр дақты ашу кезінде 1,7х0.65 м адамның жерленгені анықталды.
Адам сүйегі оң жағымен, басы солтүстік-батысқа қарай қаратып, қол-аяғы бүгілген күйде орналасқан. Нашар сақталған остеологиялық қалдықтар табылды, оның ішінде бас сүйектің бөліктері, білек сүйектері, аяқтың тірсек сүйектері, аздап жамбас сүйектері жарым-жартылай сақталған. Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары (алқа) табылды.
Жерлеу ерекшеліктеріне сүйене отырып, уақыт кезеңі қола дәуіріне жатады деп болжауға болады (б.з.д. алғашқы 1-2 мың жылдық). Бұл нұсқаның толық расталуы қорғанды толық зерттеп, табылған жәдігерлерге тиісті талдау жүргізгеннен кейін белгілі болады.
Маусым айында облыс театрлары 40 спектакль көрсетті, оның ішінде 1 премьера, барлығы 4 273 адам қатысты.
«Золотая рыбка» қуыршақ ертегісі, авторы А.Пушкин, қоюшы режиссері: А.Плохой.
Алтын балық ертегінің негізгі мәні – адамның ашкөздігін айыптау. Автор бұл жағымсыз қасиет материалдық немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық адамдарға тән екенін көрсетеді.
Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бразилия байлығы» ертегісінің қойылымы сахналанып, бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.
Ақмола облыстық орыс драма театры Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Чужих детей не бывает» конкурстық ойын бағдарламасы, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, кішкентай бүлдіршіндерді құттықтады.
Чапай Зұлхаш атындағы режиссерлар мен сценографтардың республикалық форум-фестивалінде Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Жақып Мадияр «Лютый» спектакліндегі басты рөл үшін «Үздік актер» номинациясының иегері атанды. Спектакль режиссері Тимур Кулов «Р.Отарбаев руханият қоры» жеке қорының арнайы сыйлығымен марапатталды.
27 маусым күні Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев М.Әуезовтің романы бойынша сахналанған «Лютый» спектаклін тамашалады. Спектакль Гран-при иегері және көптеген халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаты атанды. Атап айтсақ, «Апас, Тетюши, Буа – культурная дуга» Халықаралық театр фестивалінің дипломанты, Буинск қ., Татарстан Республикасы, Ресей Федерациясы; Орталық Азия елдерінің VIII Халықаралық театр фестивалінде «Үздік режиссура» номинациясының жеңімпазы, Алматы қаласы; «Те-ART-Көкше» IV Халықаралық театр фестивалінің Гран-при иегері, «Үздік спектакль» - «Алтын бүркіт» номинациясы; А.А.Брянцева атындағы ХХІV Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, Санкт-Петербург қаласы; Чапай Зулхаш атындағы I Республикалық режиссерлер мен сценографтар фестиваль-форумында әртіс Жақып Мадияр спектакльдегі басты рөлді сомдағаны үшін «Үздік актер» атанды, ал спектакль режиссері Тимур Кулов «Р.Отарбаев руханият қоры» жеке қорының арнайы жүлдесінің иегері атанды.
Театрларды қаржыландыруға 46 209,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 4 634,0 мың теңгені құрады (Ақмола облыстық орыс драма театры – 3 447,0 мың теңге, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры – 1 187,0 мың теңге).
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың наурыз айында 11 іс-шара өткізді, оған 767 көрермен қатысты.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кішкентай бүлдіршіндер үшін open air ойын-сауық сазды бағдарламасын ұсынды.
2 маусым күні филармония сахнасының төрінде «Би әлемі» концерті өтті. Еліміздің алдыңғы қатарлы екі бірдей ұжымы Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансамблі, көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері «Мәдениет саласының үздігі» Гүлбану Мырзабаева және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі, жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева көрерменге таңғажайып концерттік бағдарламасын ұсынды.
4 маусым күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Folk-Symphony Kokshetau» фестивалінің жабылуы аясында симфониялық оркестр мен «ТURAN» этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтті.
Бағдарламаның бірінші бөлімінде «ТURAN» этно-фольклорлық ансамблі «Той думан», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Сырласу», «Қазақ елі» және т.б. шығармаларды орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Гүлмира Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» ансамблінің би қойылымдары әр нөмірді безендіріп, ажарландыра түсті.
Бағдарламаның екінші бөлімінде «ТURAN» этно-фольклорлық ансамблі симфониялық оркестрмен бірлесіп, дирижер, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілік етуімен «Ұлы Тұран мәңгілік» шығармасын, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Берік Сарыбайдың жетекшілігімен «Ер Тұран», «Қара жорға» туындыларын, дирижер Абай Ақбужуровтың жетекшілігімен «Қилы заман», «Көроғлы» шығармаларын өнер сүйер қауымның назарына ұсынды. Екі ұжымның тандемінен төгілген әр туынды тыңдарманын ерекше әсерге бөлеп, жүректерін баурап алды. Шығармашылығы шыңдалған, орындау мәнері ерекше ұжымдардың бірлесе берген концерті көкшелік көрермендер үшін нағыз мерекеге айналды.
Кеш фестивальге қатысушылар мен арнайы шақырылған қонақтарға, дирижерлерге дипломдар мен естелік кәдесыйлар табыстаумен аяқталды.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 19-22 маусым аралығында тұңғыш рет «Дала сыры» атты республикалық қазақ халық аспаптар оркестрлерінің фестивалі өткізді.
Еліміздің 4 аймағынан арнайы шақырылған, шығармашылығы шыңдалған оркестрлер Көкшетаулық көрермендердің назарына қанықты концерттік бағдарламаларын ұсынды. Атап айтсақ, 19 маусым күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (Астана қ.), 20 маусым күні М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі (Ақтау қ.), 21 маусым күні Әміре Қашаубаев атындағы Абай облыстық филармониясының Б.Төлегенова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Семей қ.), 22 маусым күні Жетісу облыстық филармониясының М.Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Талдықорған қ.) көкшелік көрермендерге өз өнерлерін паш етіп, тың концерттік бағдарламасын ұсынды.
22 маусым күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің негізінде, басқа аймақтардан келген дирижерлер мен солистерінің қатысуымен Көкше жерін ән-жырға бөлеп, сусындатқан, ұлттық өнерімізді асқақтата насихаттап жүрген қазақ оркестрлерін бір сахна төріне жинаған «Дала сыры» фестивалінің корытынды гала-концерті өтті.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова фестивальдің барлық қатысушыларына жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетіп, ерекше концерттік нөмірлерін ұсынып, халық аспаптарының табиғи дыбысталуын ләззаттана тыңдауға мүмкіндік беріп, ару Көкшені, сұлу Көкшені ән мен күйге бөлегені үшін алғысын айтып, ұйымдастырушы алқасы дипломдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапаттады.
Ағымдағы жылдың маусым айында филармонияны қаржыландыруға 47 034,9 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтерден түскен табыс 702,0 мың теңгені құрады.