2023 жылдың наурыз айындағы негізгі көрсеткіштері

Ақмола облысы мәдениет басқармасының

2023 жылдың наурыз айында атқарылған жұмыстары туралы

АҚПАРАТ

 

2023 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша облыста барлық меншік нысанындағы 618 мәдениет объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 594 мемлекеттік, оның ішінде:

- 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның ішінде ауылды жерде – 226;

- 331 мемлекеттік кітапхана, оның ішінде ауылды жерде – 289 (Зеренді ауданы Баратай ауылында ауылдық кітапхана ашылды);

- 11 музей, оның ішінде ауылды жерде – 2;

- 2 театр;

- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – 1;

- 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы;

- 1 Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.

Наурых айында мәдениет мекемелері 3 103 іс-шара өткізді, оған 461 490 адам қатысты.

Облыстың клубтық кәсіпорындарының негізгі және мерейтойлық іс-шаралары.

Алғыс айту күні – ұлттық бірлікті, қазақстандық патриотизмді және халықтың әлеуметтік оптимизмін нығайтып, барша қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігін, достығы мен сүйіспеншілігін көрсетуге ықпал етеді. Әр-түрлі салаларда және кәсіптерде адал қызмет етіп, азаматтық және еңбектік ерлік жасап, әсіресе соңғы (пандемия) жылдары, елдің дамуына үлесін қосып жүрген, сондай-ақ түрлі оқиғалар мен жағдаяттар кезінде белсенділік пен азаматтық ұстанымын танытқан қазақстандықтарға алғыс айтып, назар аударуға мүмкіндік береді.

Мейірімділік пен ризашылық күніне орай Ақмола облысы мәдениет мекемелерімен іс-шаралар жоспары бекітіліп, әзірленді.

Алғыс айтү күні қарсаңында «Алғыс айту – парызым!» атты өңірдің тарихшылары, өлкетанушылары, қоғамдық ұйымдарымен кездесу кеші өтті.

Іс-шараға өлкетанушы, ҚР журналистер Одағының мүшесі, Ақмола облысының өлкетанушылар ассоциациясының төрайымы Салық Гүлбаршын Дәкенқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейтқасымов Аманай Асылбайұлы, педагогика ғылымдарының магистры, Жоғарғы медицина мектебінің Симуляциялық Орталығының меңгерушісі, жалпы практика дәрігері Жандарбекова Бегим Талапқызы, сонымен қатар еліміздің тарихын зерттеп, көптеген тарихи фактілерді халыққа танытқан өлкетанушылар Қонқаев Қабыкен Қонкайұлы мен Косович Павел Владимирович, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысты.

«Арамыздағы қаһармандар» челленджі аясында Халық әртісі Жібек Бағысова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ЭҮО әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» Евгений Субботин, филармония кітапханашысы, «Мәдениет саласының үздігі» Елена Новикова, музей қызметкері Гүлден Изанова, Алма Құнанбаева, музей зейнеткері, өлкетанушы Гүлбаршын Салық туралы бейнероликтер түсірілді.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми «Рахмет саған, Ұлы дала елі» атты ақпараттық сағат және көрмесі, «Алғыстың лебізі әдал ниет егізі» атты бейне-интервью, «Ұлт ұлысқа – ортақ үй Қазақстан!» атты әдеби кештер ұйымдастырылды.

«РИО» сауда орталығында жалпыадамзаттық құндылықтар туралы шығармалардың «Мәңгілік құндылықтар» атты көшпелі көрме мен буккросинг қойылды. Келушілердің назарына басылымдарды алмастыру, достарға табыс ету ұсынылды.

«Болашақ сарайы», «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қатысуымен мерекелік іс-шаралары өтті. Ақмола облысының үздік шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды.

3 наурыз күні Әдебиет және өнер музейінде Дүниежүзілік жазушылар күніне орай Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова көкшелік ақын-жазушыларымен кездесті.

Күн тәртібінде Жазушылар Одағымен бірлесіп өткізілетін іс-шаралар бойынша 2023 жылға жұмыс жоспары бекітіліп, алға қойылған міндеттер анықталды.

Ұмыт болуға айналған ұлттық төл мәдениетіміз бен өнерімізді қайта тірілтіп, салт-дәстүрді жаңғырту, әсіресе қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру арқылы әділеттікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу мақсатында Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Бұрымды қыз» аймақтық байқауы өтті. «Бұрымды қыз» аймақтық байқауының қорытындысы бойынша Исабай Аяжан (Көкшетау қаласы) Бас жүлде иегері атанды.

Биыл Ақмола облысында Наурыз мерекесі ерекше нақышта аталып өтіледі.

Мерекелік онкүндікте 14-24 наурыз аралығында ауқымды жобалар жоспарланған, олардың ішінде: «Әжемнен қалған асылым» атты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен кездесу, шеберлік сыныптарын өткізу, ұлттық ойындар ұйымдастыру, «Босағаның құдіреті келін», «Мисс Наурыз-2023» сұлулық байқаулары, «Көктем шуағы» көшпелі концерттік бағдарламалары, «Наурыз нақыштары» қылқалам шеберлерінің байқауы, «Ғылым – теңіз, білім – қайық» зияткерлік сайысы, «Дәстүрім асыл қазынам» қалалық байқауы, «Ұлттық киім – ұлт мәдениеті» ұлттық киімдері челленджі және басқалары.

Наурыз мейрамының мерекелік онкүндігін 14 наурыз күні «РИО» СОО-да облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік концерттік бағдарламасы ашты. Көкшелік тұрғындар назарына сауда ойын-сауық орталығының қонақтарына қазақтың ұлттық тағамы-қымыз бен бауырсақ таратылды.

Сол күні №1, №3 қалалық автобус бағыттары бойынша «Наурыз-Думан» мерекелік шеруі өтті. Қала тұрғындарын келе жатқан Ұлыстың ұлы күнi — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын сақтау және дамыту мақсатында автокөлiк жолаушыларына бiрқатар тақырыптық сұрақтар қойылып, қызықты мағлұматтар ұсынылды. Көлік жолаушылары шабыттана қазақ ұлттық әндерін жүргізушілермен бірге қоса орындады.

«Қайырымды Ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында «Аялау» орталығы тәрбиеленушілеріне тәтті сыйлар тарту етілді.

Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, қолданбалы шығармашылығын насихаттау мақсатындда Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығымен «Ата – әулеттің тірегі, әже –ұрпақтың жүрегі» атты облыстық фестиваль-байқауы ұйымдастырылады. Іс-шараға облыстың 15 аудандарынан ата-апалар қатысады. Фестиваль ережесіне сәйкес, қатысушылар шығармашылық дағдылары мен өнерлерін ортаға салады.

21 наурыз күні «Абылай хан» алаңында Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарын облыстың үздік көркемөнерпаздар ұжымдары, би ансамблдері, театр әртістерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты ауқымды театрланған қойылымы ұсынылды.

Тұңғыш рет Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Көшпелі өркениет фестивалі» мен «Қолөнершілер фестивалі» өтті. Іс-шаралар аясында көшпелі мәдениеті көрмелері мен 100-ден аса қолөнер шеберлерінің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

Ұлттық мәдениетті, ата-бабаларымыздың ұлттық мұрасын және ұлттық кодын сақтау мақсатында «Абылай хан» алаңында мерекелік безендірілген киіз үйлерде келушілер назарына «Көне дәуір өркениеті», «Кітап – білім бұлағы», «Әдет-ғұрып», «Күміс әшекейлер», «Ұлттық киімдер», «Ұлттық бұйымдар», «Ұлттық өнер», «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық тағамдар» және  «Ұлттық құндылықтар» көрмелері ұсынылды.

Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарына Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония әртістері, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актерлері, «Көкшетау», «Достар» мәдениет сарайларының шығармашылық ұжымдары, облыстың үздік көркемөнерпаздар ұжымдары, би ансамбльдері, театр әртістерінің қатысуымен өтетін «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Тәуелсіздік» алаңы қала тұрғындарын қазақ күресі, тоғыз құмалақ,  арқан тарту, қаптармен жүгіру және басқа да көптеген ұлттық ойындар мен спорттық іс-шараларға шақырды.

Мерекелік іс-шара қонақтарына наурыз көже, құрт және бауырсақ таратылды.

Қаланың «Жайлау», «Сарыарқа», «Бірлік», «Автогородок» сынды шалғай шағын аудандары тұрғындары үшін «Наурыз мейрамы – Ұлы даланың ұлағаты» атты көшпелі концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.

Қала тұрғындары көктемнің керемет көңіл-күйінде көңілді әндер және билермен Наурыз мейрамын қарсы алды. Құрметті ақсақалдар мен әжелер қауымы барша жұртшылықты көктемгі жаңару мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтап, ақ батасын арнады.

Ақынның шығармашылық мұрасын дәріптеу, жастар арасында қазақ өнерін насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтау, патриотизм сезімін, өз еліне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, айтысты халық шығармашылығы жанры ретінде дамыту, өңірдің жас талантты ақындарын анықтау мақсатында Степняк қаласының аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысын өтті. Биылғы жылы оқушылар айтысы ақын, публицист, педагог-ағартушы, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

Жыл санап айтысқа қатысушылар саны артып келеді. Аршалы, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан келген 12-18 жас аралығындағы 14 оқушы айтыс жанрында өз өнерлерін көрсетті. Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Хызырбек Сырым-Бұланды ауданы жеңіп алды.

Клуб мекемелерін (кәсіпорындарын) қаржыландыруға 411 965,9 млн. теңге бөлінді. Ақылы қызметтер жоспары 10 384,1 мың теңге, орындалуы 4 985,1 мың теңгені құрады.

 

Ағымдағы жылдың наурыз айында облыстың 331 кітапханасында 45 504 оқырманға қызмет көрсетілді, кітап беру 598 267 дананы құрады. Келушілердің жалпы саны – 402 975 адам.

Кітап қоры 4 596 267 дана, бір ай ішінде 3 409 дана әдебиет келіп түсті, 7 318 дана шығарылды.

Интернет желісіне 257 кітапхана қосылған, компьютерлендірілген – 308 кітапхана, телефондандырылған – 319 кітапхана.

Есепті кезеңде облыс кітапханаларында 2 656 іс-шара өткізіліп, оған 108 504 адам қатысты.

Алғыс айту күнін мерекелеу аясында облыс кітапханаларында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, бұл: «Барша әлем, саған рахмет!» диалог алаңы, «Благодарность – уникальное слово» рухани-адамгершілік сағаты, «Қазақстан – ортақ үйіміз» әдеби сағаты, «Жылы жүрек, жомарт қол» акциясы, «Ризамын саған» челленджі және тағы басқалар.

Ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтау, қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасына ұқыпты қарауға тәрбиелеу мақсатында Наурыз мейрамы қарсаңында облыс кітапханаларында «Светлый праздник Наурыз» танымдық-ойын-сауық бағдарламасы, «Көрісу күні - ынтымақ пен берекенің бастауы» театрландырылған іс-шарасы, «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» құттықтау іс-шарасы, «Қазағымның дәстүрлері» әдеби қонақжай, «Тәрбие көзі –ұлттық құндылықтар» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы, «Бақ – берекем, құт мерекем – әз Наурыз!» эко тайм, «Салт-дәстүр – саф мұра» этнографиялық сағаты, «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» мерекелік концерттік бағдарламалары және тағы басқалар өтті.

Кітапханаларды қаржыландыруға 19 047,1 мың теңге бөлінді.

 

2023 жылдың наурыз айында облыс музейлерімен 196 экскурсия, 36 дәріс, 45 көрме өткізіліп, 277 іс-шара ұйымдастырылды. Келушілер саны – 13 297 адам.

Көктемгі мереке қарсаңында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазіргі З.Сыздықова, Е.Сүлейменова, А.Сыздықова, Р.Шәріпова шеберлердің зергерлік бұйымдарының алуан түрлілігі қойылған «Әшекейдің сыңғыры мен сыры» атты көрмесінің ашылуы өтті.

Әдебиет және өнер музейінде «Көктем шуағы» балалар көркемсурет мектебі ұжымының көрмесі ашылды.

Дәстүрлі ән өнері, әдебиет және ұлттық мәдениеттің қалыптасуына зор үлес қосқан ақын, солист-композитор, журналист Кәрім Ильсовтың 95 жылдығына орай Әдебиет және өнер музейінде «Арқаның арқалы әншісі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Ұлттық өнерді сақтай отырып, ол өз өлкесінің шежіресінде мәңгі із қалдырды.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сандықтағы музей» жобасының тұсаукесерін ұсынды. Жоба аясында музей қызметкерлері жыл бойы қаламыздың кәсіпорындары мен мекемелеріне барып, сандықта сақталған жәдігерлердің тарихы туралы әңгімелейді.

«РИО» сауда-ойын-сауық орталығындағы «Наурыз кестелері» ұлттық шеберлерінің көрмесі өтті, оның мақсаты халық қолөнерін дәріптеу, шебер қолөнершілер үшін тәжірибе және дағдылармен алмасу алаңын ұйымдастыру болып табылады. Көрме аясында жергілікті қолөнершілер жасаған ағаштан, былғарыдан, құрақ-көрпеден жасалған бұйымдар ұсынылды.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Көкшетау қаласының тұрғындарының назарына Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Өнермен өрілген ғұмыр» көрмесін ұсынды.

Көрменің алғашқы тұсаукесері Қазақстан Республикасының Астана қаласындағы Ұлттық музейінде және Алматы қаласындағы Алматы метрополитенінде өтті. Бүгін Ақмола облысы мәдениет басқармасының қолдауымен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеде Бикен Римованың өзі пайдаланған жеке заттары, марапаттары, көйлектері және әр рөлдерде түскен фотосуреттері бар.

Облыс музейлерін қаржыландыруға 45 865,0 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақылы қызметтер жоспары – 288,0 мың теңгені, орындалуы – 278,0 мың теңгені құрады.

 

Облыста 1661 ескерткіш (2021ж.-1793) және тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 5-і: Ш.Ш.Уәлиханов ескерткіші, Көкшетау қаласының тарихы музейі (бұрынғы В.Куйбышев үйі), Біржан сал ауданындағы Біржан сал қабірі, Қорғалжын ауданындағы Бытығай кесенесі және Бурабай ауданындағы Абылайхан алаңқайы, 1035 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 46 киелі орын, Ақмола облысындағы 11 нысан жалпыұлттық нысандар тізімі, 35 – аймақтық нысандар тізіміне енді.

20 ақпанда Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

 

Наурыз айында облыс театрлары 79 спектакль көрсетті, оның ішінде 2 премьера, барлығы 11 122 адам қатысты.

Ш.Құсаинов атындағы қазақ музыкалық драма театрында әлемдік классик В.Шекспирдің әйгілі «ОТЕЛЛО» трагедиясының премьерасы өтті.

Әлемдік классик, ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармалары қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл спектакль қызғаныш пен сатқындықтың пердесіне оранған батыл Отеллоның айналасында өрілген тағдырлардың тоғысуын көрсетеді.

Ақмола облыстық орыс драма театрында Леонид Зориннің «Варшавская мелодия» лирикалық мелодрамасының премьерасы өтті.

Болмайтын кездесудің кейіпкерлердің бүкіл өмірін өзгерткен лирикалық драмасы желісі. Барлық өмірлік жағдайларға қарамастан, әдемі махаббат хикаясы көрермендердің жүрегінде жағымды әсерлер қалдыратыны сөзсіз.

Кішкентай көрермендер үшін облыстық театрлардың бірнеше сахналық алаңдарында Наурыз мейрамына орай «Наурыз приходит в каждый дом!», «Наурыз көже» ертегілері ұсынылды. Ертегі кейіпкерлерініңқатысуымен қызықты ойындар, билер балаларға ұмытылмас әсерлер мен жарқын эмоциялар сыйлайды.

Облыс орталығының көрермендері Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көптен күткен сүйікті «Жаңа күн» концерттік бағдарламасының кезекті қойылымын асыға күтті. Көрермендердің назарына қызықты әзіл-сықақ және музыкалық нөмірлер ұсынылды.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында театрлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, көрнекті Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтау, театр өнеріндегі комедия жанрын дәріптеу, жұртшылық назарын қазіргі заманғы комедия жанрына және жаңа театрлық үдеріске аудару мақсатында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы мен Халықаралық театр күніне орай «СӘЛЕМ» халықаралық комедиялық театр фестивалі өнерсүйер қауымға шымылдығын ашты.

Театр фестиваліне 9 аталым бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрлары қатысты.

27 наурыз күні фестиваль ашылуына орай Өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз маслихаты өтті.

Театр ұжымдары төмендегідей номинациялармен марапатталды:

«Үздік дебют» номинациясымен-  Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры», «Пранк-Махаббат» комедиясындағы  Қымбат рөлі үшін — Лаззат Қуанышова марапатталды, Авторы: Қанат Жүнісов, Режиссері: Дәурен Серғазин;

«Үздік сценография» номинациясысымен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран» театры марапатталды. «Тилло табассумлар» комедиясы, Авторы: Абдуллы Кадырий, Қойылым режиссері: Мелиев Сайфиддин Сайриддинович;

«Үздік актерлық ансамбль» номинациясымен Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры марапатталды, «Сұлтанның аты сұлтан» комедиясы, Авторы: Саадала Ваннус, Қойылым режиссері: Барзу Абдураззаков;

«Үздік эпизодтық роль» номинациясымен Токтоболот Абдумомынов атындағы Қырғыз Мемлекеттік академиялық театры, «Алда жаш жубайлар, ай» комедиясы, Лазаттың элеси ролі үшін –Арген Карагулов марапатталды. Авторы: Мухамедкалый Касенов, Қойылым режиссері: Эркин Эгембердиев;

«Үздік музыкалық безендіру» номинациясымен «Шымкент қалалық әзіл- сықақ және сатира театры» марапатталды. «Айман-Шолпан» комедиясы, Авторы: Мұхтар Әуезов, Қойылым режиссері: Мақсат Айтжанұлы;

«Үздік әйел бейнесі» номинациясымен Райымбек Сейтметов атындағы  Түркістан қаласының сазды-драма театры, «Турандот ханшайым» комедиясындағы Турандот  рөлі үшін –Гүлзада Айтбаева марапатталды. Авторы: Карло Гоцци, Қоюшы режиссері: Қуандық Қасымов.

«Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры марапатталды. «Венециялық егіздер» комедиясы, Авторы: Карло Гольдони, Қоюшы режиссері: Баатырбек Шамбетов;

«Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры марапатталды «Қазақы комедия» комедиясы, Авторы және қоюшы режиссері: Болат Ұзақов;

«Үздік комедиялық қойылым» номинациясымен «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры  марапатталды; «Чарли Чаплин» трагикомедиясы, Авторы және қоюшы режиссері: Николай Балобан.

Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы-журналист ӘСКЕН НӘБИЕВ атындағы арнайы жүлдесімен марапатталды:

Астана қаласының Жастар театрының режиссері Дәурен Серғазин;

Жетісу облыстық Б.Римова қазақ драма театры;

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры; 

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры.

Театрларды қаржыландыруға 67 617,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтердің орындалуы 5 596,0 мың теңгені құрады (Ақмола облыстық орыс драма театры – 3 607,0 мың теңге, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры – 1 989,8 мың теңге).

 

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы ағымдағы жылдың наурыз айында 13 іс-шара өткізді, оған 2 102 көрермен қатысты.

10 наурыз күні бас дирижер Жанат Рашиттың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде филармония солисі Аягөз Қалмағанбетованың жеке концерті өтті. 

Аякөз Қалмағанбетова – Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің (Астана қ.) түлегі.

Кеш иесі Аягөз Қалмағанбетова екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасының бірінші бөлімінде Мұратбек Бегалиев, Төлеген Мұхамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Садық Кәрімбаев, Қанабек Байсейітов, Шәмші Қалдаяқов, Манарбек Ержанов сынды қазақстандық композиторлардың танымал шығармалары мен Арқаны дүбірлеткен сал-серілер: Үкілі Ыбырай, Ақан Серінің жауһар туындыларын орындады.

Ал бағдарламаның екінші бөлімінде атақты шетелдік композиторлар: Джоаккино Россини, Луиджи Ардити, Леонкавалло, Агустин Лараның төл туындылары мен Имре Калманның «Сильва» опереттасынан ария, ұйғыр халық әні және т.б. да композициялар орындалды. 

Наурыз мейрамы қарсаңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанованың жеке концерті өтті.

Дирижер Жанат Рашиттың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде көпшілікке танымал халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармалары да орындалды.

Кеш барысында дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов пен «Гәкку» би ансамблі де өз өнерлерін ортаға салды.

28 наурыз күні филармония төрінде композитор, «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісі мен «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Құрмет Сақайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жасай бер, жаса, сүйікті ел!» концерті өтті.

Кеш барысында композитордың «Көкше сұлуы», «Асқақтай бер, қазақ елі», «О, туған жер ардағым!», «Жасай бер, жаса, сүйікті ел!» және тағы басқа да көпшілікке танымал әндерін филармония әншілері:
«Мәдениет қайраткерлері» Гүлжан Ахметова, Жанат Есов, «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағанбетова, Абзал Ес, Айгерім Дәулетхан орындады.

Музыкалық нөмірлер дирижерлер: «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаров пен Руслан Қойшыбаевтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде көрермендер назарына ұсынылды.

Ағымдағы жылдың наурыз айында филармонияны қаржыландыруға 44 738,0 мың теңге бөлінді. Ақылы қызметтерден түскен табыс 2 038,0 мың теңгені құрады.

2023 жылдың наурыз айындағы негізгі көрсеткіштері
Дата публикации
06 июня 2023