Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қоғамда адалдық, жауапкершілік және заң талаптарын сақтау қағидаттарын орнықтыру – ел дамуының маңызды шарттарының бірі.
Қорғалжын ауданында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүддлерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі ең алдымен алдын алу шараларына байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, шешім қабылдау кезінде заңдылық пен әділдік қағидаттарын басшылыққа алуы ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік органның әрбір қызметкері өзіне жүктелген міндетті адал орындап, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ашықтық пен сыпайылық, объективтілік пен заңдылық – басты талаптардың бірі.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрландырылып, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бұл адами факторды азайтып, қызмет көрсету үдерісін жеңілдетуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды төмендету бағытындағы ішкі талдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мұндай талдаудың негізгі мақсаты – заң бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолдану ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін себептер мен жағдайларды алдын ала анықтап, оларды жою.
Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік органдардың қызметімен ғана шектелмеуі қажет. Қоғамдық бақылаудың болуы, азаматтардың өз құқықтарын білуі және заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауы да маңызды.
Әр азамат мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңсыз талаптарға немесе сыбайлас жемқорлық белгілеріне тап болған жағдайда, тиісті органдарға хабарлауға құқылы. Мұндай азаматтық ұстаным қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қалыптастыруға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен жүзеге асырылмайды. Оның негізінде ең алдымен адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жатыр. Отбасында, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында адал еңбек ету, заңды құрметтеу және өзгенің құқығына жауапкершілікпен қарау құндылықтары насихатталуы қажет.
Қорғалжын ауданының әкімдігі үшін халықтың сенімі – басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан мемлекеттік орган қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындармен кері байланысты нығайту және олардың көтерген мәселелерін заң аясында шешу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Біздің ортақ мақсатымыз – заң талаптары қатаң сақталатын, мемлекеттік қызметші мен азамат арасындағы өзара сенімге негізделген, адалдық пен әділдік қағидаттары берік орныққан қоғам қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрқайсымыздан басталады. Заңды сақтау, адал еңбек ету және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – елдің жарқын болашағына қосқан нақты үлесіміз.
Қорғалжын ауданының әкімі
А. Алин