Қорғалжын ауданы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

Қорғалжын ауданы әкімдігінің
2025 жылғы 13 қазандағы
№ А-10/112 қаулысымен
бекітілді

Қорғалжын ауданы әкімі аппаратының       
сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағына, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №285 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт «Қорғалжын ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және белгіленген тәртіп ережелерін қатаң сақтау мақсатында атқаратын іс-әрекеттері мен шешімдерін айқындайды.

Осы стандарттың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне нөлдік төзімділікті қалыптастыруға бағытталған ұсынымдар жүйесін бекіту.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың міндеттері:

  • қызметкерлер арасында тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыру;
  • сыбайлас жемқорлық көріністерін дер кезінде анықтау және олардың теріс салдарын болдырмау;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың орындалуын қамтамасыз ету.

Осы стандарт:

  • Мекеме қызметінде өз функцияларын жүзеге асыру және жеке мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында қолданылады;
  • Мекеменің барлық қызметкерлері үшін орындалуы міндетті болып табылады;
  • стандарт талаптарын тиісінше орындамаған қызметкерлер жеке жауапкершілікке тартылады.

2-тарау. Мекеме қызметкерлері мен лауазымды тұлғалардың мінез-құлық қағидалары

  1. Мекеме қызметкерлері мен лауазымды тұлғалар өз қызметінде:
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді қатысуға, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін анықтауға және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау үшін жеке жауапкершілікке ие болуға;
  • адал, әділ, қарапайым болуға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайылық пен әдептілік танытуға;
  • жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етуге;
  • өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан сын туғызбауға, сын айтқандарды қудаламауға, сын-ескертпелерді кемшіліктерді жою мен қызметті жетілдіру құралы ретінде пайдалануға;
  • құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті сақтауға және әріптестерінен де соны талап етуге;
  • Мекеменің мүдделеріне қайшы келетін, табыс алуға бағытталған заңсыз әрекеттерден бас тартуға;
  • азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын іске асыруға кедергі келтіретін әрекеттерге немесе әрекетсіздікке жол бермеуге;
  • өзге тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға итермелеуге жол бермеуге;
  • өз лауазымдық міндеттері үшін ақша, сыйлық, тауар немесе қызмет түріндегі кез келген сыйақыларды қабылдамауға;
  • қызметтік немесе таратылуға жатпайтын ақпаратты жеке пайда табу мақсатында пайдаланбауға;
  • «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңда көзделген мәліметтерді ұсынудан негізсіз бас тартпауға;
  • шындыққа сай келмейтін ақпарат таратпауға;
  • лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға, бюрократияға, дөрекілікке және негізсіз бейтараптыққа жол бермеуге;
  • азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • жеке мақсаттағы мәселелерді шешу үшін лауазымдық өкілеттігін пайдаланбауға;
  • Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға міндетті.
  1. Басқарушылық және өзге де шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде:
  • өз өкілеттіктері шегінде қызмет атқаруға;
  • сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда белсенділік танытуға;
  • белгілі болған сыбайлас жемқорлық фактілері мен қандай да бір заңсыз сыйақы ұсыну жағдайлары туралы дереу басшылыққа хабарлауға;
  • әріптестерге, басшыларға сыйлық бермеуге және қызметтік емес қызмет көрсетпеуге;
  • жеке мүдделілік, мүдделер қақтығысы немесе сыйлық алу туралы басшыға уақтылы хабарлауға;
  • жеке және заңды тұлғаларға артықшылық бермеуге;
  • алынған тапсырманың заңдылығына күмән туған жағдайда ол туралы жазбаша түрде басшыға мәлімдеуге;
  • орын алған немесе дайындалып жатқан сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы дереу хабарлауға;
  • бағынышты қызметкерлердің өкілеттіктерін нақты айқындауға және әділ жүктемені қамтамасыз етуге;
  • қызметкерлердің еңбегін әділ бағалауға және көтермелеу мен жазалау шараларын әділетті қолдануға міндетті.
  1. Мекеме ішкі нормативтік құжаттарын әзірлеу кезінде:
  • азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етуге;
  • жобалар мазмұны заңнамалық актілерге қайшы келмеуге тиіс;
  • ішкі құжаттар Мекеменің және өзге ұйымдардың заңды мүдделерін бұзбауы керек;
  • жобалар Мекеме құзыретінің шегінен аспауға тиіс;
  • өзге құрылымдық бөлімшелердің мүдделерін қозғайтын құжаттар тиісті келісу рәсімдерінен өтуге тиіс;
  • құжаттарда сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмауға;
  • жекелеген тұлғалардың мүддесіне бағытталған нормаларды енгізуге жол берілмейді.
  1. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде лауазымды тұлғаларға ұсынылады:
  • сатып алуға бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану;
  • әлеуетті жеткізушілерге тең мүмкіндік беру (заңмен көзделген жағдайларды қоспағанда);
  • сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету;
  • сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;
  • сот орындаушыларының бірыңғай тізілімінде берешегі бар жеткізушілер мен қосалқы мердігерлердің қатысуына жол бермеу.
  1. Мекеме қызметі саласында туындайтын өзге де қатынастар кезінде:
  • азаматтардың өтініштерін қабылдаудан негізсіз бас тартпауға және қарауды созбалаңға салмауға;
  • лауазымдық өкілеттіктерін жеке пайда табу үшін пайдаланбауға;
  • дөрекілікке, әдепсіздікке, адамдық қадір-қасиетті кемсітуге жол бермеуге;
  • кадрларды іріктеу мен орналастыруда туыстық, жерлестік немесе жеке адалдық қағидаттарын қолданбауға, меритократия қағидатын сақтауға;
  • заңға қайшы немесе орындауға мүмкін емес тапсырмалар бермеуге;
  • қызметкерлерді жеке мақсаттағы тапсырмаларды орындауға тартпауға;
  • қызметтік этика кодексін сақтауға;
  • белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы басшылыққа немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
  • азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, өтініштерді заңмен белгіленген мерзімде қарауға және тиісті шаралар қабылдауға;
  • басшылардың заңды бұйрықтары мен өкімдерін орындауға;
  • қызметкерлердің жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты мәліметтерді таратпауға;
  • Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті.

 

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты әзірлеуші Қорғалжын ауданы әкімі аппаратының   мемлекеттік құқықтық бөлімі  болып табылады.

Дата публикации
17 ноября 2025