Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің мәртебесі мен өкілеттіктері туралы
Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің мәртебесі мен өкілеттіктері туралы Учаскелік сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы сотта және басқа да мемлекеттік органдарда комиссияның мүдделерін бiлдіреді, сондай-ақ осы өкілеттiктердi сенімхат беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін оның лауазымдық өкілеттіктерін немесе «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Сайлау туралы Конституциялық заң) талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін лауазымынан босату туралы комиссияны сайлаған мәслихатқа ұсыныс жасауға құқылы. Учаскелік сайлау комиссиясының қандай да бір мүшесі шығып қалған жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы учаскелік сайлау комиссиясын құрған мәслихатқа және жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына ұсыныспен жүгінеді. Жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясы тиісті мәслихат Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен учаскелік комиссияның мүшесін сайлағанға дейін шығып қалған комиссия мүшесінің орнына учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерi сайлау өткiзу кезеңiнде өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң ұйғарымы бойынша жұмыстан шығарылмайды не басқа жұмысқа ауыстырылмайды. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 19 және 20-баптарына сәйкес қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып табылады, олардың арасындағы еңбек қатынастары олар жасасатын еңбек шартының негізінде туындайды. Кодекстің 127-129-баптары еңбекақы төлеу нормаларын реттейді, осыған байланысты сайлау комиссияларының мүшелеріне Кодекстің жалпы нормасы қолданылады. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңіне өздерінің қалауымен комиссияның шешімі бойынша сайлауды өткізуге бөлінген қаражаттың есебінен ақы төлене отырып, өндірістік немесе қызметтік міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін. Сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде өздерінің негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сайлау комиссияларының өзге мүшелеріне осы кезеңде сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен кемінде ең төменгі үш жалақы мөлшерінде жалақы белгіленеді. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеу жасалған шарт шеңберінде уақытты есепке алу табелі бойынша нақты жұмыс істеген сағаттары үшін жүзеге асырылады. 4 Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізуге бөлінген қаражаттың есебінен жүзеге асырылады. Учаскелік сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлауды даярлау мен өткізу кезеңіне кеңесші дауыс құқығын бере отырып өз өкілін тиісті сайлау комиссиясына жіберуге құқылы.
Учаскелік сайлау комиссияларына арналған жаднама