Әлеуметтік желілерде заңсыз митингілерді, акцияларды, наразылықтарды және басқа да құқыққа қарсы іс-әрекеттерді ұйымдастыруға және оларға қатысуға шақырулар жариялануда.
Осыған орай, «Прокуратура туралы» Заңның 32-бабы тәртібінде, құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда митингілер өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі заңнамалық түрде белгіленгенін түсіндіреміз.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң (бұдан әрі - Заң) бойынша митинг өткізудің белгіленген күнінен 5 күн бұрын жергілікті атқарушы органға жазбаша хабарлама беру қажет.
Онда ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың мақсаты мен нысаны, деректері көрсетіледі (Заңның 10-бабы).
Бұл хабарламаны әкімдіктер оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс (Заңның 11-бабы). Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Өз кезегінде Заңды бұза отырып өткізілген митингтерге қатысу құқыққа қайшы болады және ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды (200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу).
Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.
Осыған байланысты, барлық азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларының талаптарын сақтауға және заңдылықты бұзуға жол бермеуге, сондай-ақ арандатушылыққа бой бермеуге шақырамыз.
Қорғалжын ауданының прокуратурасы