COVID-19: Індет қаупін сезіне жүруіміз керек

ҚазАқпарат – Өткен жылдың соңынан бері медицина саласының мамандары коронавируспен сырқаттанудың алдыналуға қатысты ескерту жасап жатыр. Қазіргі кезде әлем елдерінде аурудың таралуының жалғасуы қауіптің сейілмегенін байқатып отыр. Бұл тұрғыда  сақтық іс-шараларын орындау маңызды екені анық.

Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның пайымынша, індеттің таралуы мәселесінде адамдар бұл процесті өзі басқарады. Коронавирустың жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін.

«Бір-бірімізге вирустық аншалықты тарататынымызға байланысты. Мәселен, қатаң шаралар қабылданған, үйден шығармаған кезеңді алып қарайық. Сол кезде вирустың адамнан адамға тарайтыны көп айтылды.Температура жылыма, суық па, аяз ба, аптап ыстық па – вирусқа бәрі бір. Себебі індет – адам арқылы тарайды», - деді Динагүл Баешева.

Осы орайда маман мамыр айында ТЖ режимі алынып тасталып, карантин енгізілгенін еске салды. Бұл кезеңде адамдар жағдайды әлі толық түсінбеді. Бәлкім, біздің елде мұндай індеттің бұрын болмағаны да, мұндай шаралардың ешқашан қабылданбағаны да себеп  болған шығар.

«Бір қатар елде дәрігерлер мен эпидемиологтардың кеңесін бұлжытпай орынғанын көрдік. Бізде халықтың біраз бөлігі сол кезде вирустың жоқтығын айтысып, мұны әдейі жасалып жатқан шектеулер ретінде қабылдады. Негізсіз уәж айтып, соның салдарынан көбісінде күдік болды. Маусымда карантин мен ТЖ режимі алынып тасталып еді, бәрі көшеге шығып, қоғамдық орындарды аралап кетті», - дейді инфекционист.

Оның айтуынша, мыңдаған адам базарға шығып, қыдырып кеткен. Адамдар сақтық шараларына мән бермей, ақпаратты қабылдамады. Ақыры бір аптада ғана науқастар күрт көбейіп, сырқатты ауыр көтеретіндер де өсіп кетті. Мұның бәрі – инкубациялық кезеңнің аяқталуынан болды. Ештеңеге сенбей, бір-бірі мен байланыста, қарым-қатынаста болғандар көбейді. Бұл тұрғыда Динагүл Баешева ел халқын осы қателіктерді қайталамауға шақырды. Алда қысқы мерекелік күндеркөп болғандықтан, осы демалыс кезеңінде әрбір қала мен елді-мекен тұрғындары сақтық шараларына ерекше мәнберуі керек.

«Биылдың басынан бері адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай болды. Індетқаупін сезіне жүруіміз керек. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Мамандар белгілеп берген іс-шараларды ұстанған абзал. Вирус жыл мезгіліне қарамай тарап жатыр. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті – өкпеге жетсе болды. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға екпін қойып отырмыз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал», - деді Динагүл Баешева.

Дата публикации
08 апреля 2021