Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, облыс «қызыл» аймаққа кiрдi. Бұл туралы Өңiрлiк коммуникациялар қызметiнде @rsk_akmola өткен брифингте Ақмола облысының бас санитар дәрiгерi Айнагүл Мусина мәлiмдедi.
23 қарашадағы жағдай бойынша облыста 4 692 науқас тiркелген, оның 4 160 сауығып шықты, бүгiнде 209 ем қабылдауда. Ал соңғы тәулiкте 68 СOVID-19 нәтижесi расталған жағдай тiркелiп отыр. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есеге өскенiн көрсетедi.
Айта кетейiк, қараша айында Көкшетау, Степногорск қалаларында, Бурабай, Зерендi, Бұланды, Атбасар және Сандықтау аудандарында ең көп КВИ жағдайы анықталса, облыс орталығында ауруды жұқтырғандар саны өңiрдегi жалпы аурулар санының 58% құраған.
«Адамдар ауруды қандай жағдайда көп жұқтырған?» деген сұраққа спикер: «Көп жағдайда тұрғындар қоғамдық көлiктердi пайдаланады, сондай-ақ, сауда орталықтары мен базарда жүредi, отбасылық шаралар ұйымдастырады. Бүгiнгi күнi науқастардың басым бөлiгiн зейнеткерлер құрап отыр», — дейдi.
Спикердiң айтуынша, сырқаттанудың негiзгi себебi — карантиндiк шаралардың сақталмауынан. Эпидемиологиялық тергеу нәтижесiнде тұрғындардың адамдар көп шоғырланатын жерге барулары, түрлi отбасылық шаралар ұйымдастыру, маска тағу режимiн орындамау сынды жағдайлар кездеседi. Осыған орай, бүгiнде карантиндiк талаптарды қадағалау бойынша шаралар күшейтiлген. Мобильдiк топтар күн сайын мониторингтiк жұмыстар жүргiзуде.
