Кәсіпкерлік бөлімінің ережесі

«Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесі

1 тарау. Жалпы ережелер

        

  1. «Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын қолдау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. Мемлекеттік мекеменің ведомстволары жоқ.
  3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес, Қазахстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен жүзеге асырады, сондай-ақ осы Ережемен белгіленеді.
  4. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
  5. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  6. Мемлекеттік мекеме, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  8. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
  9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индекс 020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, М.Әуезов көшесі 141.
  10. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.
  11. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
  12. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында берілсе онда алынған кірістер, егер өзгеше болмаса, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері 

  1. Міндеттері:

1) кәсіпкерлік қызметті қорғауды және қолдауды қамтамасыз ету;

2) Көкшетау қаласының аумағында кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасау;

3) Жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау;

4) Көкшетау қаласының өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту үшін жағдай жасау;

5) дамушы нарықтық қатынастар жағдайында аграрлық сектордың экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайту;

6) Көкшетау қаласын дамытудың стратегиялық жоспарлары мен жекелеген бағдарламаларын іске асыру;

7) қалалық агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қатынастарды реттеу және салааралық үйлестіру;

8) ауыл шаруашылығы саласындағы аграрлық және өзге де мемлекеттік бағдарламаларды, Көкшетау қаласының агроөнеркәсіптік кешенінде жеке бизнесті қолдау және дамыту стратегиясын іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасау;

9) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік техникалық инспекцияны жүзеге асыру;

10) ауыл шаруашылығындағы реформаларды жетілдіру және тереңдету, шаруашылық жүргізудің алуан түрлі нысандарын дамыту;

11) Көкшетау қаласында аграрлық реформаны жүзеге асыруға қатысу;

12) заңнамамен жүктелген басқа да міндеттерді жүзеге асыру.

  1. Өкілеттіктер:

Құқық:

1) белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті атқарушы органдарға, меншік нысанына қарамастан кәсіпорындар мен мекемелерге, өзге де мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарға баруға, олардан белгіленген құзыреті шегінде мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті мәліметтер мен материалдарды белгіленген мерзімдерде сұрату және алу.

2) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, қала аумағында орналасқан мемлекеттік органдар мен мекемелерден мемлекеттік мекемеге жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті ақпаратты сұрату және алу;

3) өзіне жүктелген функцияларға сәйкес «Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен өткізілетін іс-шараларды жүзеге асыруға кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын келісім бойынша тарту;

4) қала әкімінің және әкімдігінің қарауына өз құзыретіне жататын мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар енгізу болып табылады;

Міндеттері:

1) іскерлік байланыстар орнату, ақпарат және жұмыс тәжірибесімен алмасу мақсатында шет елдердің тиісті құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау;

2) мемлекеттік мекеменің құзыретіне жататын мәселелер бойынша келісімшарт негізінде қазақстандық және шетелдік консультанттарды, кеңесшілер мен сарапшыларды тарту;

3) мемлекеттік мекеменің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер, конференциялар және басқа да іс-шаралар шақыруға және өткізуге;

4) ішкі сауда саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға және мынадай бұзушылықтар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқылы:

- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 202-бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерінен асып кету, сондай-ақ сауда базары әкімшісінің Ішкі сауда субъектілерінің назарына сауда базарларындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін жазбаша нысанда жеткізбеуге;

- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 193-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, бағалар затбелгісімен ресімделген тауардың теңгедегі бағасын көрсетпей өткізу не сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, құны затбелгімен ресімделген бағадан асатын тауарды Қазақстан Республикасының аумағында өткізу не жария шарт жағдайларында Қазақстан Республикасының аумағында оны өткізу кезінде тауардың бағасын теңгемен көрсетпеуге;

- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 204-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган белгілеген орындардан тыс сауда жасауға;

- сауда нарығының әкімшісі бекіткен нарық регламентінің болмауы, яғни онда келесілері көрсетілмеуі:

  1. сауда базарының жұмыс режимі және ішкі сауда субъектілерінің, сауда базары әкімшілігінің сатып алушылары мен қызметкерлерінің сауда нарығына қол жеткізу тәртібі туралы мәліметтер;
  2. сауда нарығы ұсынатын қосымша қызметтер тізбесі (бар болса);
  3. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 204-2 - бабына сәйкес ішкі сауда субъектілеріне сауда орындарын беру тәртібі, олардың сипаттамалары, мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптары;

- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 204-3-бабына сәйкес, сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісінің азық-түлік тауарларын берушімен азық-түлік тауарларын беру шартын жасасу кезінде сатып алынған азық-түлік тауарлары бағасынан сыйақының бес проценттік мөлшерін асыруы немесе оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға байланысты сыйақыны заңсыз талап етуі;

- ішкі сауда субъектісінің Қазақстан Республикасы Кодексінің 204-4-бабына сәйкес «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруы.

5) кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу және мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру.

6) мемлекеттік мекемеге бекітілген Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін қалыптастыруға бақылауды жүзеге асыру.

7) ауыл шаруашылығын өңірлік дамыту бағдарламасын әзірлеу және іске асыру және Көкшетау қаласының агроөнеркәсіптік кешенінің қызметі мәселелері бойынша тиісті жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсыныстар енгізу;

8) бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендіру;

9) өзін-өзі қамтамасыз етудің өңірлік бағдарламасын әзірлеу;

10) нарық жағдайында жұмыс істеу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтамасыз етуді және қайта даярлауды ұйымдастыруға жәрдемдесу;

11) ауыл шаруашылығы тұжырымдамасын әзірлеу және іске асыру, үрдістерді талдау, оның перспективаларын болжау және айқындау;

12) ауыл шаруашылығы өндірісінде маркетинг жүйесін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге және қайта өңдеуге инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығының барлық салаларының қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасауға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау;

13) өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін аграрлық, мал шаруашылығы, техникалық инспекция саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;

14) есепке алуды, жедел, статистикалық және бухгалтерлік есептілікті ұйымдастыру және жетілдіру;

15) ауыл шаруашылығының тракторларға, комбайндарға, автомобильдерге, жабдықтарға, ауыл шаруашылығы машиналарына, отынға және басқа да материалдық ресурстарға қажеттілігінің болжамдарын әзірлеу;

16) барлық деңгейдегі мемлекеттік және шаруашылық басқару органдарында қаланың ауылдық тауар өндірушілерінің мүдделерін білдіру және қорғау;

17) азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы мал мен құс басын есепке алу;

18) Көкшетау қаласының әкіміне аграрлық саясат саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге, «Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жүргізуіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-талдау және өзге де материалдарды және Қазақстан Республикасының нормативтік актілерінде көзделген өзге де функцияларды дайындауды жүзеге асыруға;

19) «Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызмет саласына қатысты тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тапсырмалар беруге, олардың орындалуын бақылауға, сондай-ақ қала мен облыстың жергілікті атқарушы органдары өткізетін іс-шараларға қатысуға;

20) машиналарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында және машиналардың меншік иелері мен иелерінің тіркеу іс-қимылдарын жүзеге асырудың алдындағы міндеттерін орындау үшін машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу қағидаларында белгіленген мерзімдердің сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

21) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу;

22) машиналарды мемлекеттік техникалық қарап-тексеруге қойылатын талаптарды регламенттейтін, машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық қарап-тексеруді жүргізу қағидаларында бекітілген нормативтік-техникалық құжаттар тізбесінің талаптарына сай келмейтін немесе жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаны қорғау талаптарына қатер төндіретін ақаулары бар машиналарды пайдалануға тыйым салуға құқылы;

23) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына емтихандар қабылдау және куәліктер беру;

24) кепілді мемлекеттік тіркеу (тіркеуден шығару), өзгерістерді, толықтыруларды тіркеу (оның ішінде меншік құқығының басқа тұлғаға ауысуы, талап ету құқығын басқаға беру, кейіннен кепілге салу (қайта кепіл) және тіркелген кепілдің қолданысын тоқтату, сондай-ақ тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен, өтімділігі жоғары арнайы машиналарға куәлік беру.

  1. Функциялар:

1) кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, осы салада қоғамдық бірлестіктермен және өзге де мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау;

2) кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасын әзірлеу, орындауды ұйымдастыру және үйлестіру;

3) кәсіпкерлікті қолдаудың қалалық инфрақұрылымының қалыптасуына және қалыптасуына ықпал ету;

4) кәсіпкерліктің сыртқы экономикалық қызметін үйлестіру, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесетін отандық және шетелдік әріптестермен ғылыми-техникалық және өндірістік-коммерциялық байланыстарды орнатуға жәрдемдесу болып табылады;

5) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың өтініштерін қарау;

6) бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мәселелерін жариялауды ұйымдастыру;

7) кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша форумдар, кеңестер мен семинарлар ұйымдастыру және өткізу;

8) кәсіпкерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру;

9) бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, қала аумағында сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының қызметін, Қазақстан Республикасының нормативтік - құқықтық актілерін, Ақмола облысы және Көкшетау қаласы әкімдігінің және әкімінің актілерін орындау бойынша және мемлекеттік мекеменің жұмысына қатысты мәселелер бойынша бақылау;

10) сауда көрмелерін, жәрмеңкелерді, аукциондарды, конкурстарды және сауданы дамытуға байланысты басқа да іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру және бақылау;

11) белгіленбеген орындарда сауданы жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу, белгіленген құзыреті шегінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру.

12) қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарын, өз қызметі саласында мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

13) кешенді жоспарды орындау бойынша ақпаратты жинау және қорыту арқылы қаланың рейтингін тоқсан сайын айқындай отырып, агроөнеркәсіптік кешенде қалалық даму бағдарламаларын іске асырудың бағалау көрсеткіштерінің орындалуына талдауды жүзеге асыру;

14) ауыл шаруашылығы техникасы, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, егіс тұқымдары, жемшөп, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер қажеттілігінің бар-жоғына мониторинг жүргізу;

15) облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидия төлеу үшін қаланың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен (шаруа қожалықтарын қоса алғанда) алынған құжаттарды беру;

16) қаланың ауыл шаруашылық құрылымдарында дала жұмыстарын ұйымдастыруға көмек көрсету;

17) топырақ құнарлылығын арттыруға, астық шаруашылығын нығайтуға, мал шаруашылығы үшін берік жемшөп базасын құруға бағытталған агротехникалық және ұйымдық – экономикалық іс-шараларды қамтамасыз ету, әзірлеу және енгізу;

18) асыл тұқымды төл өсіру жөніндегі асыл тұқымды субъектілердің қызметін үйлестіру;

19) өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, асыл тұқымдық істі дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ету;

20) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілерден асыл тұқымды мал туралы деректер жинауды жүзеге асыру;

21) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілерден есептер қабылдау;

22) қаланың тауар өндірушілерінің қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;

23) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияны ұйымдастыру;

24) машиналардың мемлекеттік тіркеуінің болуы немесе болмауы туралы анықтамалар береді;

25) Мемлекеттік (жергілікті) атқарушы органның құзыретіне кіретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізу;

26) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді), тіркеу есебінен шығаруды және тіркеу құжатын (телнұсқасын) және олар үшін мемлекеттік нөмірлік белгі беруді жүргізеді;

27) өздерінің базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың меншік иелерінен (иеленушілерінен) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдарды алуды қамтамасыз етеді;

28) қала және облыс әкімдігінің отырыстарына кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша материалдар дайындау;

29) кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларына жататын ақпараттық  дерекқорды қалыптастыру, жинақтау, қорыту және сыныптау жөніндегі жұмысты жүзеге асыру.

30) балалардың ойын алаңдарына арналған аттракциондардың, жабдықтардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

31) ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету

 

3 тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері (бар болса)

 

  1. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
  2. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
  3. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
  4. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттігі:

1) Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) заңнамаға сәйкес мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

3) Мемлекеттік мекеменің актілеріне қол қояды;

4) Мемлекеттік мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

5) заңнамада белгіленген тәртіппен белгіленген құзыреті шегінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерін көтермелеу туралы шаралар қабылдайды және оларға тәртіптік жаза қолданады;

6) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізеді және ол үшін дербес жауапты болады;

7) Өз құзыреті шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

  1. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

 

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

 

  1. Мемлекеттік мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
  2. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

  1. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Дата публикации
17 октября 2023