Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға орналасқан жағдайда ол бұрынғы лауазымынан шығарылғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейін жаңадан кірген болып есептелмейді.
Бұл жағдайда мемлекеттік қызметшіге міндетті түрде арнайы тексеруден өту, сынақ мерзімін белгілеу туралы және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.
Уәкілетті комиссияның шешімімен "Б" корпусының мемлекеттік әкiмшілiк лауазымдарына конкурс өткізілместен мына адамдар орналаса алады:
1) өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындап жүрген қызметтегі судьялар, Парламент депутаттары, тұрақты негізде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, мемлекеттік саяси қызметшілер, халықаралық қызметшілер;
2) өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан халықаралық қызметшілер, судьялар;
3) уәкілетті комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыста болатын мемлекеттік саяси және әкiмшілiк қызметшілер лауазымдары тізіліміне сәйкес лауазымдары мемлекеттік саяси лауазымдарға жатқызылған жағдайда, өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан мемлекеттік саяси қызметшілер;
4) халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар;
5) мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейіні бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған адамдар;
6) республикалық маңызы бар ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бірінші басшы лауазымын немесе бірінші басшыдан кейін келесі төмен тұрған лауазымды кемінде екі жыл атқарып жүрген немесе атқарған адамдар;
7) Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбей ауыстыру тәртібімен орналасу қағидаларына сәйкес мемлекеттік лауазымға ауысу тәртібімен орналасу жүзеге асырылуы мүмкін:
1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары аппараттарының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінің "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, сондай-ақ осы мемлекеттік органдардан басқа мемлекеттік органдарға жіберілетін;
2) мемлекеттік органдардың ішінде,
3) мемлекеттік органдардың ішінде тең дәрежелі лауазымға;
4) мемлекеттік органдардың ішінде жоғары тұрған лауазымға мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда соңғы екі жылдан кем емес келесі төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда.
Мемлекеттік қызметшіде қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде, оның "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасуына жол берілмейді.