Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы туралы
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
Әдеп кодексінің ережелерін сақтау сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады және мемлекеттік қызметте болудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс мінез-құлқы да қоғам, азаматтар тарапынан жіті назарда болады.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметші мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік стильге сәйкес келуге тиіс.
Әдеп кодексінде қамтылған мемлекеттік қызметшілердің талаптарды сақтауы олардың қызметтік борышы болып табылады, ал бұзушылық – ҚР заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Мемлекеттік қызметшілер орындауға тиіс негізгі этикалық талаптар:
- жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға негізделген мемлекеттік қызметтің этикалық негіздері мен қағидаттарын сақтау;
- мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу;
- егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлау;
- «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда белгіленген міндеттерді орындау, тыйым салулар мен шектеулерді сақтау;
- мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасамау;
- мүдделер қақтығысын болдырмау және шешу бойынша шаралар қабылдау;
- егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асырмау;
- қызметтік функцияларды орындаудың неғұрлым тиімді, нәтижелі, ашық тәсілдерін табуға және пайдалануға ұмтылу;
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болу;
- қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың лауазымдық өкілеттіктері шеңберінен шығатын тапсырмаларды орындауды талап етпеу;
- қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне қандай да бір игіліктер мен артықшылықтар қабылдамау;
- қызмет бабын теріс пайдаланудан, пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделіліктен аулақ болу;
- пара немесе параға сатып алу ретінде бағалануы мүмкін іс-әрекеттерге жол бермеу;
- қызмет бабында бетімен кетушілікке немесе қамқорлыққа жол бермеу;
- мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде қолдампаздыққа, отбасылылыққа жол бермеу;
- шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға, әріптестерге заңсыз артықшылық көрсетпеу;
- еңбек тәртібін сақтау, басшылардың бұйрықтары мен өкімдерін уақытылы орындау;
- қызметтік ақпаратты, оның ішінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жария етпеу;
- мемлекеттік қызметшілер Қазақстанда тұратын барлық халықтардың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын және тілдерін құрметтеуге тиіс;
- лауазымдық өкілеттігін орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың қызметін жеке мақсатында пайдаланбау;
- әріптестерімен және азаматтармен іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау;
- қызметтен тыс уақытта мінез-құлық стандарттарын сақтау, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеу;
- ұжымда өзінің діни көзқарасын көрсетпеуге не бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу;
- сыртқы келбетінің ресмилігін, ұстамдылығын және дәлдігін сақтау;
- сыбайлас жемқорлық көріністерін жасады деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, оларды теріске шығару жөнінде шаралар қолдану;
- көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттарын сақтау;
- мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, кез келген пікірталасты әдепті түрде жүргізу.
Қаржы басқармасының
әдеп жөніндегі уәкілі
Т. Белая