Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлер штаты немесе саны қысқартылған жағдайда жұмыс берушіге қызметкермен еңбек шартын бұзу құқығы беріледі.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасында қызметкерлер санын немесе штатты қысқарту кезінде бірқатар талаптар мен шектеулер белгіленеді.
Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) талаптарына сәйкес қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда еңбек шартын бұзуға жол берілмейді:
- жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде;
- жұмыскердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында болу кезеңінде;
- жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен.
Қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, егер еңбек немесе ұжымдық шарттарда ескертудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші қызметкерге бір ай бұрын еңбек шартын бұзу туралы жазбаша ескертуге міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек шартын бұзу хабардар ету мерзімі өткенге дейін жүргізілуі мүмкін.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 56-бабына сәйкес мемлекеттік органның штат саны қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде таратылған (жойылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін берген кезде, берілген функцияларды, өкілеттіктерді орындаған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде таратылған (жойылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік органда олардың біліктілігіне сәйкес тең дәрежелі мемлекеттік лауазымдар ұсынылады.
Тең дәрежелі лауазым болмаған жағдайда, мемлекеттік әкімшілік қызметшіге белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда осы мемлекеттік органда өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға жатады.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде таратылған (жойылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
Ақмола облысы қаржы
басқармасының әдеп
жөніндегі уәкілі
Т. Ю. Белая