Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын бекіту туралы

Мемлекеттiк мүлiктi есепке алу саласында мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң стандарттарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 285 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 25 мамырда № 11154 тіркелді

      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңының 10-бабының 1-ші тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес «Мемлекеттік мүлік тізілімінен ақпарат беру (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесі; Мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар)» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес «Мемлекеттік мүлікті жалға алушылармен (сенімгерлік басқарушылармен) жасалған жалдау (сенімгерлік басқару) шарттары бойынша оларға Мемлекеттік мүлік тізілімінен шарт бойынша есептеулер, өсімпұл мен мемлекеттік бюджетке түскен төлемдер туралы мәліметтерді қамтитын анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;
      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес «Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және жеке тұлғалардың мүлікке құқығын сыйға беру шарты бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының қабылдауы» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 08.08.2016 № 484 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Э.К. Өтепов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі                             Б. Сұлтанов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі
      ____________________ Ә. Исекешев
      2015 жылғы 25 сәуір

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі
      __________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 26 сәуір

Қазақстан Республикасы
 Қаржы министрінің 
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 285 бұйрығына 1-қосымша

   «Мемлекеттiк мүлік тізілімінен ақпарат беру (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесі; мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар)» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

   1. Жалпы ережелер

      1. «Мемлекеттiк мүлік тізілімінен ақпарат беру (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесі; мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар)» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
      3. Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
      Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру www.e.gov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

   2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Көрсетілетін қызметті алушы порталға сұрауды ұсынған сәттен бастап мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері – 10 (он) минут.
      5. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны – электрондық (толығымен автоматтандырылған).
      6. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесі; осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар.
      7. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.
      8. Порталдың жұмыс кестесі – тәулік бойы (жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда).
      9. Көрсетілетін қызметті алушы порталға жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
      осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 3-қосымшаға сәйкес мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесі бойынша;
      осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 4-қосымшаға сәйкес мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар бойынша.

   3. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша
көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды
адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану
тәртібі

      10. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 12-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына беріледі.
      Шағым пошта арқылы жазбаша түрде не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы қолма қол беріледі.
      Көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің кеңсесінде күні мен уақытын, шағымды қабылдаған лауазымды адамның тегі мен аты-жөні, берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орны көрсетіле отырып, шағымды тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) оның қабылданғанын растау болып табылады.
      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің атына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қараудың, нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілген қызметті алушыға пошта арқылы жолданады не көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің кеңсесінде қолма қол беріледі.
      Портал арқылы өтініш білдірген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777 немесе 1414 телефоны бойынша алуға болады.
      Портал арқылы шағымды жіберген кезде көрсетілетін қызметті алушыға «жеке кабинеттен» көрсетілетін қызметті берушінің өтініштерді өңдеу барысында (жеткізілу, тіркелу, орындалу туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) жаңартылып отыратын өтініш туралы ақпарат қолжетімді болады.
      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.
      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
      11. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті, оның ішінде электрондық нысанда көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

      12. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
      1) Министрліктің www.minfin.gov.kz интернет-ресурсында;
      2) порталда орналастырылған.
      13. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдың «жеке кабинеті», сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
      14. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.minfin.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777, 1414.

Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын бекіту туралы
Дата публикации
11 мая 2020