Қазақстан экономикасы 5 айда 4,6%-ға өсті
Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.
ҚР ҰЭМ басшысының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ды құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.
Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақталды. Әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында жұмыс істеп келеді.