
Негіздеме: "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңы http://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1400000202#z113
25 бап. Рұқсаттарды алуға арналған өтініштерді қараудың жалпы тәртібі
1.Рұқсат беру органы * лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге арналған құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті.
Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру органы көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.
2.Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарды) алу үшін, рұқсат беру органы Өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алуға арналған құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің алдағы қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салу жібереді.
Мемлекеттік органдар рұқсат беру органының сұрау салуы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті рұқсат беру органына өтініш берушінің лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауап жібереді.
Екінші санаттағы рұқсаттар үшін нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 1-тармағында, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзге де мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3.Мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған жағдайда рұқсат беру келісілген болып есептеледі.
Осы тармақтың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісті ескертпе бар рұқсаттарға қолданылмайды.
4.Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін тиісті рұқсат беру органына немесе Мемлекеттік корпорацияға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды.
Өтініш Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда, рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, тиісті өтініштің қабылданғанын растау туралы құжат беріледі.
Рұқсат беру құжаттарын бергені үшін алым мөлшерлемелері Қызмет түріне қарай сараланады (Салық Кодексінің 554-бабы, рұқсат беру құжаттарын бергені үшін алым мөлшерлемелері)
* Рұқсат беру органдары — лицензиарлар және екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдар;
лицензиар-осы Заңға сәйкес лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;