
Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының құрылғанына 30 жыл!
Тағылымы зор тарих
Бір сәт кейінге бұрылып, өткенді білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Биылғы жыл елімізде үлкен саяси және тарихи оқиға жылы ретінде есте қалмақ. Олай деуге себеп - ұлы да ұлық мерейтой тәуелсіздігіміз бен прокуратура органдарының құрылғанына 30 жыл қатар толып отыр.
1991 жылдың 6 желтоқсаны Тәуелсіз Қазақстанның қадағалаушы органдары құрылған күні деп білеміз.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулысымен прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі құрылды. 1992 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заңы қабылданды.
Дегенмен, Қазақстанның прокуратура тарихы осы үш онжылдықпен шектелмейтінін, тамырын ғасырға жуық тереңге тартқанын өз облысымыздың сарғайған парақтарда сақталған шежіресінен-ақ баяндап беруге болады.
Ақмола прокуратурасының іргетасы 1920 жылдың 1-ші қыркүйегінде қаланған.
Бұрынырақта Ақмола облысы, әкімшілік орталығы Омбы қаласы болатын Омбы губерниясының құрамына кірген. Кейін Ақмола губерниясы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болады. Губернияның прокуроры болып Федор Иванович Ковалев тағайындалды. Көптеген атауды басынан өткерген өңіріміздің облыс болғанға дейінгі уез, оркуг деп өзгеруімен бірге прокуратураның да атауы өзгеріп, басшылары ауысып отырды. Саланың майталмандары Ыдырыс Мустамбаев, Василий Князев, Нұрәлі Сатығұловтардың есімі ерекше аталады.
1928 жылдың басында Ақмола губерниясы таратылып, аудандар уездерге қарайтын болды. Петропавл қаласының губерниялық прокуратурасының әкімшілік бағыныштылығында болған Ақмола уездік прокуратурасы құрылды. Ал күзде Ақмола округінің құрылуына байланысты уездік прокурорлар таратылып, штаттық саны үш жедел қызметкерден тұратын -прокурор, оның орынбасары, көмекшісі бар Ақмолда округінің прокуратурасы жасақталды.
1932 жылдың наурызында Қарағанды облысы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болды. Осы аймақта құрылған Қарағанды облыстық прокуратурасына 22 аудандық, 3 қалалық прокуратуралар бағынышты болды. Прокурорлардың міндетін атқарған мамандар Тимофей Филлипович Кочергин, Николай Федерович Спиридонов, Пампур-Андреев Андрей Христиановичтардың аттары алтын әріппен жазылады.
1939 жылдың 14 қазанында Ақмола облысы құрылып, алғашқы прокуроры болып Қожахмет Жақыпұлы Бейсембин тағайындалды. Прокуратура жүйесінде 43 жыл қызмет еткен Бейсембин Ұлы Отан соғысы кезінде де өзі қатарлы әріптестерімен бірге табанды еңбек ете жүріп, ерлік көрсетті.
Одан кейін прокуратура тізгінін қолға алған Сапарғали Аугамбаев қызмет атқарды.
Облысымыздағы прокуратура қызметімен есімі байланысты тағы бір ардақты азамат Ақмола облысы Арықбалық ауданының төл тумасы, қоғам қайраткері Ғалым Бәжімұлы Елемесов. Облыстық прокуратураның бөлім прокурорынан бастап КСРО Жоғарғы Сотының мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы, Қазақ КСР-ның Бас Прокурорына дейін кәсіби мансаптың барлық сатысынан абыроймен өткен азамат. Ғ.Елемесов еліміздің заң саласын нығайтуға орасан зор үлес қосты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс прокуратурасын басқарған О.Н. Гайданов, А.Н. Левкин, А.М. Адилхан, С.С. Ерімбетовтер т.б. жаңа елдің жаңа заңдарының сақталуына қадағалау жасаған.
Ғасыр бұрын үш адамнан құрылған прокуратура бүгінде үлкен құрылымға айналды. Ақмола облысының прокуратурасында 20 аудандық, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жұмыс істейді. Екі жүзден аса жедел және мемлекеттік қызметкерлер жұмыс жасауда.
Ақмола облысы прокуратурасы әрдайым жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Еліміздің Конституциясының, заң нормаларының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етеді.
Ақмола облысының прокуратурасы