
ҚР Президенті сайлаушыларды ауыл әкімдерін сайлауға белсенді қатысуға шақырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушыларды 25 шілдеде Қазақстанда өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Бұл туралы "ҚазАқпарат"ХАА хабарлайды.
"25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де .
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 24 мамырда Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу мәселелері бойынша заң жобаларына қол қойды. Алдағы тікелей сайлау ауылдық аумақтардың 2 346 әкімдеріне қатысты болады, олардың 775-і осы жылы халық сайлайтын болады. Кандидаттарды ұсыну 9 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасты, оларды тіркеу 14 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталды және бірден үгіт-насихат жұмыстары басталды. Сайлау алдындағы үгіт 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 24 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады. "25 шілдеде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Оларды өткізу туралы бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ұсынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы дауыс беру саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді, жүргізіліп жатқан реформалардың дәйектілігі мен тиімділігін көрсетеді. Сайлау науқаны барысында азаматтар жоғары белсенділікті, адамдардың мемлекет пен қоғам ісіне терең тартылуын, қазіргі және болашақ үшін ортақ жауапкершілікті көрсетті. Президент атап өткендей, "шын мәнінде, бұл шынайы азаматтық патриотизм". Жергілікті атқарушы органдардың басшылары болып табылатын әкімдер мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруда шешуші рөл атқаруға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар ауылдар мен қалалардың тұрғындарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Мемлекет басшысы барлық сайланған кандидаттар өз ісінің нағыз маманы болатынына және халықтың сенімін ақтай алатынына сенім білдіреді", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те.