«Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі нормаларын сақтау»
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мен азаматтардың билік органдарына деген сенімін нығайтудың маңызды шарты болып табылады. Әдепті мінез-құлық – бұл тек кәсібиліктің емес, сонымен қатар мәдениеттің, жауапкершіліктің және қоғамға деген құрметтің көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Президент Жарлығымен бекітілген. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары, қызметтік этика талаптары және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру міндеттері айқындалған.
Мемлекеттік қызметшінің басты қағидаларының бірі – азаматтарға сыпайы, әділ және құрметпен қарау. Әр қызметші қарым-қатынаста әдептілік пен сабырлық танытып, дөрекілікке немесе бейжайлыққа жол бермеуі тиіс.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті де оның кәсібилігі мен жауапкершілігінің көрінісі болып табылады. Ұқыптылық, ресми киім стилін сақтау және жинақылық – қызметке деген құрмет пен мәдениеттіліктің белгісі.
Қызметтік көлікті және мемлекеттік мүлікті ұқыпты пайдалану – Әдеп кодексінің маңызды талабы. Мемлекеттік ресурстар тек қызметтік мақсатта қолданылуы тиіс, жеке істерге пайдалану заң мен әдеп қағидаттарына қайшы келеді.
Сондай-ақ қазіргі таңда әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінуі қажет. Мемлекеттік қызметші әлеуметтік желілерде өз пікірін білдірген кезде әдептілікті сақтап, қоғамның сеніміне нұқсан келтіретін жазбалар мен пікірлер жарияламауы тиіс. Мемлекеттік қызмет беделін түсіретін, жалған ақпарат немесе дөрекі сөздер қолданылған жазбалардан аулақ болған жөн. Әлеуметтік желілерде де мемлекеттік қызметшінің бейнесі – мемлекеттің бейнесі екенін есте ұстау қажет.
Әріптестер арасындағы қарым-қатынаста да әдеп нормаларын сақтау қажет: сыйластық, өзара көмек, жағымды жұмыс ахуалын сақтау – ұжымның табысты жұмысының негізі.
Жалпы, Әдеп кодексінің нормаларын сақтау – бұл формальді міндет емес, кәсіби мәдениеттің маңызды бөлігі. Әр мемлекеттік қызметші өз мінез-құлқымен мемлекеттің бейнесін қалыптастырады.
Әдеп кодексі нормалары бұзылған жағдайда азаматтар мен қызметкерлер бұл туралы Ерейментау ауданы әкімінің аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Сагиева Гульбагдат Төкенқызына хабарласа алады:
телефон 8 71633 2 31 76, WhatsApp 8 778 447 03 37 (фото және видео материалдарды қосуға болады).
Біз барлығымыз адалдықты, әділдікті және әдептілікті басшылыққа ала отырып, қоғамның сеніміне ие болатын кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастырамыз деп сенемін.