Қайырлы күн, Ерейментау ауданы мен қала тұрғындары!
Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа құжаттың осыған дейін қолданыста болған нұсқасынан қандай артықшылығы бар екенін тікелей эфир барасында түсіндіруге рұқсат етіңіздер.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану.
Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді.
Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Сонымен бірге, Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандары мен қала аудандары әкімдерінің, облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қала әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ облыс әкімі аппарат басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауға өкілеттік берілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бізге, адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие.Мемлекеттік қызмет жүйесінде қалыптасып отырған бірқатар сын-тегеуріндерді шешу Әдеп кодексін жаңа редакцияда қабылдауға басты себеп болды.
Жаңа Әдеп кодексінде не өзгерді деген сауалға тоқталайын.
Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.
Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.
Мұнымен қатар, жаңа Кодексте Агенттік пен оның аумақтық органдары, қызметтік әдепті бұзудың профилактикасын үйлестіруші органдар ретінде айқындалып отыр. Осыған байланысты, алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, Комиссиялар мен кеңестердің әдеп бұзушылықтарды ескерту және алдын алу бойынша жұмыстары жандандырылатын болады.
- Жаңа Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.
Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, байқасаңыз, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Жалпы алғанда, негізгі өзгерістер осы бағыттарда болып отыр. Кодекске енгізілген түзетулер сервистік, ашық және халық үшін қолжетімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ықпал етеді деп күтілуде.
Жаңа Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік институттарға сенім деңгейінің артуына ықпал етеді деп үміттенеміз.