GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
Газбен жабдықтау
21 августа 2026
Целиноград ауданында 24 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қаражар және Қараөткел ауылдарын газдандыру жұмыстары аяқталды. Шамамен 240 шақырым газ тарату желісінің құрылысы нәтижесінде 24 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді.

Қаражар Целиноград ауданында толық газдандырылған жетінші, ал Қараөткел сегізінші елді мекен атанды. Екі жобаны қатар жүзеге асыруға ауылдардың бір магистральдық газ құбырының бойында орналасуы мүмкіндік берді. Сонымен қатар жұмыстар жоспардан бұрын аяқталды. Бастапқыда газ беруді 2028 жылы бастау жоспарланған болатын.

Осы айтулы оқиғаға орай Қаражар ауылының тұрғындарын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елорда маңындағы елді мекендерді дамыту жолында маңызды қадам жасап, газбен жабдықтау жүйесін іске қосып жатырмыз. Газдандыру – бұл тек коммуналдық инфрақұрылым мәселесі емес. Ең алдымен, бұл қоршаған ортаның жағдайын жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін газ тұтыну ақысына 20 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ тұрғын үйді газға қосуға 70 АЕК-ке дейін біржолғы көмек көрсетіледі», – деді Марат Ахметжанов.

Қаражар ауылында шамамен 53 шақырым газ желісі тартылып, 1,7 мың абонентке табиғи газға қосылу мүмкіндігі берілді. Олардың қатарында Ермұхановтар отбасы да бар.

«Біздің отбасымыз үшін газдың келуі – барлық ауыл тұрғындары үшін сияқты үлкен қуаныш. Үйде әлдеқайда ыңғайлы, таза әрі жайлы болды. Енді пешті үнемі бақылап, көмірдің қорын ойлап отырудың қажеті жоқ. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді Жанат Ермұханова.

Қараөткел ауылында алғашқы екі іске қосу кешені былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілсе, тағы үш кешен биыл аяқталды. Жалпы ауылда шамамен 185 шақырым газ желісі тартылды. Мұнда 4 мыңнан астам аула бар, оның ішінде шамамен 1,5 мың абонент газбен жабдықтау жүйесіне қосылған.

Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында тиісті жоба жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін шамамен 3 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобаларды 2027 жылы іске асыру жоспарланып отыр. Олар 30 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.

Жалпы Ақмола облысында қазіргі таңда шамамен 220 мың адам, яғни өңір халқының 28 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Газ инфрақұрылымын кеңейту, әсіресе елордаға жақын орналасқан елді мекендерді қамту облыстың коммуналдық шаруашылығын дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Жылумен жабдықтау
18 августа 2026
Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда

Жылыту маусымына дайындық мәселелері Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен Степногорск қаласында өткен көшпелі кеңестің негізгі тақырыбына айналды. Кеңес өткізу үшін бұл қаланың таңдалуы кездейсоқ емес. Степногорск өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.

Жұмыс сапары барысында кеңеске қатысушылар жылумен жабдықтау нысандарының жай-күйімен және қаланың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Негізгі назар жылу желілерін жөндеуге, қазандық жабдықтарын жаңартуға және энергиямен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге аударылды.

Степногорск қаласында жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бірінші кезек бойынша жоспарланған 8,5 шақырымның 7,4 шақырымы немесе 87%-ы жөнделді. Жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар магистральдық жылу желісін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстардың жартысы орындалды.

Степногорск ЖЭО-сында да жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мұнда қазандықтар, турбиналар, түтін мұржалары мен күл құбырларына жөндеу жүргізілуде. Бүгінде бір қазандық пен бір турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталып, екі түтін мұржасы қалпына келтірілді. Сондай-ақ ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу трассасы толық төселді.

Жұмыс сапары аясында Ақкөл қаласындағы блокты-модульдік қазандықтарға да барылды. Нысандардағы жұмыстардың барысы мен жабдықтардың алдағы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Қалада Абай көшесінде және «Орталық» блокты-модульдік қазандықтарының құрылысы жүргізілуде. Бірінші нысанның дайындығы 90%-ды, екіншісінікі 40%-ды құрайды. Жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, облыста қысқа дайындық бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Биыл өңірде 38,2 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 27,6 шақырымы немесе 70%-ы орындалды. Сонымен қатар 26 қазандықты ауыстыру көзделген, оның 20-сы орнатылды.

Щучинск қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда бірнеше қазандықтың жылу желілері реконструкциялануда. Атап айтқанда, №20 қазандықтың жылу желілеріндегі 6 шақырымның 5 шақырымы жөнделді. Жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Көкшетау қаласында Саин және Потанин көшелеріндегі жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар аудандық қазандықтардың жабдықтарын жөндеу жалғасуда. №9 қазандықтағы №2 аудандық қазандықта электр сүзгісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Атбасар қаласында жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге орталық қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылында блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталу сатысында. Нысанның дайындық деңгейі 80%-ды құрайды, қалған жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Макинск қаласында блокты-модульдік қазандықтардың бірінде сегіз қазандықты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жабдықтар Жақсы, Жарқайың, Егіндікөл, Есіл және Шортанды аудандарында да орнатылуда. Қосшы қаласында қазандық жабдығын қуатын арттыра отырып жаңғырту жұмыстары жалғасуда, ал Шантөбе кентінде жылу желілері жөнделуде.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының дайындығы да басты назарда. Бүгінде жылыту маусымына денсаулық сақтау саласының барлық 517 нысаны дайын. Білім беру саласындағы 406 нысанның 376-сы немесе 92%-ы жылу қабылдауға дайын. Өңірдегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 87%-ы жылыту маусымына дайындалды.

Коммуналдық қазандықтарға арналған отын қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Аудандар мен қалаларда көмір жеткізу бойынша шарттар жасалып, отын қорын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар энергия көздерін қажетті көлемде мазутпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Электр желілерін жылыту маусымына дайындау да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Энергия беруші ұйымдар электр желілері мен қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстарын жалғастыруда. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша электр желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету көзделген.

Алдағы апталарда негізгі назар жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жылу жүйелерін шаю мен гидравликалық сынақтан өткізуге, отынның нормативтік қорын жинақтауға және дайындық паспорттарын алуға аударылады. Барлық іс-шара белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс және тұрақты бақылауда болады.

Жылумен жабдықтау
17 августа 2026
Степногорск қаласында жылу инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Степногорскіде алдағы жылу беру маусымына кешенді дайындық жұмыстары жалғасуда. Қалада орамішілік және магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Негізгі міндет – тозығы жеткен учаскелерді жаңартып, қысқы кезеңдегі жүктемелер кезінде жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру.

Орамішілік жылу желілерінің 12 шақырымы жаңартылады

Негізгі жобалардың бірі – бірінші кезектегі орамішілік жылу желілерін қайта жаңарту. Жоба аясында бір құбырлы есептеуде 12 шақырым жылу желісін жаңарту көзделген.

23 шілдедегі жағдай бойынша мердігер ұйым – «КазЕвроСтрой» ЖШС – 10,5 шақырым ескі құбырды немесе жоспарланған көлемнің 80%-ын бөлшектеді. Жаңа желілер 8,08 шақырымға тартылды, бұл жалпы жоспардың 70%-ын құрайды.

Орамішілік инфрақұрылымды жаңарту желілердің тозу деңгейін төмендетуге, технологиялық ақаулардың туындау қаупін азайтуға және тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Диаметрі 530 мм магистраль 98%-ға дайын

Сонымен қатар «ТЭЦ «город»» учаскесіндегі магистральдық құбырды қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында диаметрі 530 мм жылу желісінің 13,97 шақырымын жаңарту қарастырылған.

Ескі құбырды бөлшектеу жұмыстары толық аяқталды. Жаңа құбыр 13,1 шақырымға орнатылды, бұл жалпы жұмыс көлемінің 98%-ын құрайды.

Жұмыстарды «УК Строй» ЖШС жүргізуде. Қайта жаңарту аяқталғаннан кейін жаңартылған учаске қаланың жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі магистральдардың бірінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші магистральдің тағы бір учаскесі 97%-ға дайын

Жылу беру маусымына дайындық аясында диаметрі 630 мм бірінші магистральдық жылу желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.

Жоба бойынша 710 метр құбырды ауыстыру көзделген. Бүгінде 660 метр аумақта ескі құбырлар бөлшектеліп, дәл осындай көлемде жаңа құбырлар орнатылды. Учаскенің дайындық деңгейі 97%-ды құрайды.

Жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда.

Негізгі жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады

Степногорск қаласындағы жылу желілерін жылу беру маусымына дайындау кешенді түрде жүргізілуде. Қалада орамішілік желілер жаңартылып, магистральдық құбырлардың бірі толықтай дерлік қайта жаңартылуда, сондай-ақ бірінші магистральдің жекелеген учаскелеріне жөндеу жүргізілуде.

Негізгі жұмыстарды жылу беру маусымы аралығында жүргізу инфрақұрылымды алдағы қысқы жүктемелерге дайындауға мүмкіндік береді. Желілерді жаңарту олардың тозу деңгейін төмендетуге, апатты жағдайлардың туындау қаупін азайтуға және жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған.

Қала тұрғындары үшін бұл, ең алдымен, жылу беру кезеңінде тұрғын үйлерге, мектептерге, балабақшаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға жылудың тұрақты берілуін қамтамасыз етеді.

Степногорск қаласын жылу беру маусымына дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

02 июля 2026
Ақмола облысында жаңа Конституцияның энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жұмысына ықпалы талқыланды

Ақмола облысында 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның ережелерін іс жүзінде енгізу жұмыстары жалғасуда. Осыған орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жұмыс кеңесі өтіп, жаңа конституциялық нормалардың ведомство қызметіне және халықпен жұмысты ұйымдастыруға ықпалы талқыланды.

Кеңес барысында заңдылық қағидаттарын сақтау, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға қатысты Конституцияның негізгі нормалары қаралды. Сондай-ақ коммуналдық қызметтерді көрсету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындармен өзара іс-қимыл бағытында конституциялық талаптарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Басқармада атап өткендей, жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына ортақ бағыт-бағдар айқындайды. Осыған байланысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды іске асыру кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын сақтау және мемлекеттік міндеттемелерді сапалы орындау басты басымдықтардың бірі болмақ.

Кездесу барысында қызметкерлер ішкі жұмыс үдерістерін одан әрі жетілдіру, тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарау және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін де талқылады. Сонымен қатар Конституцияда бекітілген өзгерістер тек нормативтік құжаттарда ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында нақты көрініс табуы тиіс екені айтылды.

Кеңес қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияның нормаларын тиімді іске асыру мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижелілігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

26 мая 2026
Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуде

Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын анықтау және зерделеу мақсатында 2026 жылғы маусымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді жоспарлап отыр.

Барлық мүдделі тұлғалар жұмыс тобының құрамында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға қатыса алады.

Талқылауға қатысу мәселелері бойынша Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының оорынбасары Анара Құланмергенқызы Нұрмағамбетоваға 2026 жылғы 2 маусымға дейінгі мерзімде 8 (7162) 29-80-03 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.

25 мая 2026
МЭКС это трамплин для отечественных товаропроизводителей

«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба – қазақстандық тауар өндірушілер үшін нағыз трамплин. Астанада өткен «ЭКСЖ ұлттық жобасында өндірісті оқшаулау» атты семинар-кеңесте Қазақстандық энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар мен энергетикалық жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов осындай мәлімдеме жасады.

ЭКСЖ қоғамдық кеңесінің өкілі, депутат Жанболат Жөргенбаевтың пайымдауынша, ұлттық жоба – бұл тек су, жылу, кәріз және электр желілеріне құйылатын ауқымды инвестиция ғана емес. Бұл – көптеген жылдан бері алғаш рет инфрақұрылымды жаңғыртуды өз өндірісімізді дамытумен байланыстыруға берілген үлкен мүмкіндік.

«Жоба аясында салынған немесе жаңартылған желінің әрбір километрі, әрбір сорғы станциясы, әрбір қазандық қазақстандық зауыттар үшін тапсырысқа, өңірдегі жаңа жұмыс орнына және ел бюджетіне түсетін салық болуы тиіс. ЭКСЖ Қоғамдық кеңесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы көпір ретінде қызмет атқарады. Сонымен бірге, бұл жұмыстың барлығы –  желілерді жаңғырту, өндірісті локализациялау, тарифтік әдістемені жаңарту – халық үшін тарифтердің күрт өсуіне жол бермей жүргізілуі аса маңызды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – әлеуметтік тұрғыдан өте өзекті сала, сондықтан мұндағы кез келген шешім мұқият өлшеп-пішілуі тиіс: тарифті өсірудің нақты кестесі, инвестициялық құрамдас бөлігінің ашықтығы және тұтынушылардың әлеуметтік осал топтарын қорғау шаралары қамтылуы қажет. Азаматтардың сенімі – инвестиция мен технология секілді бұл саланың дамуына серпін беретін маңызды ресурс», - деді Жөргенбаев.

Семинар барысында қазақстандық салалық қауымдастықтардың өкілдері бірнеше негізгі проблемаларды атады. Олардың ішіндегі ең бастысы, тіпті саланың түпкі деуге болатын мәселесі – отандық өндірушілердің нарықты ғана емес, белгісіз себептермен бір-бірін де көрмейтіндігі. Осы мәселеден тағы бір түйткіл туындайды: ол – салааралық кооперацияның төмендігі.

YDA Industrial Park өкілі Тимур Данияровтың пікірінше, бұл мәселені сұраныс пен тапшылық картасы шеше алады.

Бұл мәселелерді шешуде алғашқы қадамдар жасалып қойғанын атап айтқан жөн. Кейінірек пікірталас барысында «ТҮКШ жаңғырту мен дамутудың қазақстандық орталығы» АҚ Отандық тауар өндірушілерді және жаңа өндірістерді дамыту департаментінің директоры Әлішер Рауфов хабарлағандай, қазіргі уақытта техникалық оператор Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің интерактивті картасын әзірлеп жатыр.

Бұған дейін ЭКСЖ-ның техникалық операторы пилоттық жобалар бойынша түскен өтінімдер негізінде қалыптасқан отандық тауарларға деген қажеттілікке қатысты мониторингін жүргізген. Нәтижесінде 7 958 тауардан тұратын мәліметтер базасы анықталды.

«Қазақстан өндірушілері «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының барлық қажеттілігін, атап айтқанда, терминалдар, электр қозғалтқыштар, өлшеу аспаптары, тіркеу арматурасы, қазандық құбырлары, үштіктер және т.б. номенклатура бойынша қамтамасыз ете алмайды. Бүгінгі таңда 1 014 млрд теңге сомасына 337 тауар позициясын локализациялап, қазақстандық тауар өндірушілерге игеру қажет», - деді Рауфов.

ЭКСЖ ұлттық жобасы – отандық өндірушілерге қолдау көрсетудің маңызды құралы. Үкімет бұл жобаны жай ғана инфрақұрылымдық бағдарлама деп емес, елдің энергетикалық және коммуналдық салалары үшін отандық өндірісті дамытудың және тұрақты өнеркәсіптік база қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде қарастырады.

Қазіргі кезде жауапты министрліктер мен мекемелер салалық байланысты нығайтып, өндірістік серіктестікті дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр.

Бүгінгі семинар – осындай қолдау шараларының бірі. Жиын аясында қазақстандық өндірушілердің өнім көрмесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен табиғи монополия субъектілері ЭКСЖ жобасы бойынша кеңес ала алатын B2B алаңы өтті. Тағы бір маңызды қадам – «өндіруші мен өндіруші» және «ТМС пен өндіруші» арасында пилоттық жұптардың құрылуы болды.

Өндірушілер де алдағы жоспарын ЭКСЖ ұлттық жобасымен байланыстырып отыр. Мысалы, Қазақстандық энергия жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар мен энергетикалық жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, тізілімдер мен мәліметтер базасы – ендігі жерде мінсіз деңгейге жеткізілуі тиіс құралдар. Ал  Ұлттық жоба бұл процесті тездетуге үлкен серпін берді.

«Жалпы, ЭКСЖ – отандық тауар өндірушілер үшін нағыз трамплин. Егер бізді тығырықтан шығаратын сиқырлы таяқша іспетті көрінетін ОТӨ тізілімін былай ысырып қойып қарасақ, ол тек жұмыс құралы ғана екенін түсінеміз. Ал ЭКСЖ ұлттық жобасы – дәл осы біздің отандық өндірушілердің қанат жайып, алға басуына арналған тың мүмкіндік. Бұл жерде шетелдік, айталық, қытайлық немесе басқа да өндірушілер емес, дәл біздің кәсіпорындар табыс табуы керек. ЭКСЖ ұлттық жобасы осы серпілісті беруі тиіс. 13 триллион теңге – егемен Қазақстан тарихында мұндай қомақты қаржының бір салаға бағытталып, игерілуі бірінші рет болып отыр», - деді Агафонов.

Айта кету керек, ТКШ Қазорталығының мәліметінше, қазір ЭКСЖ-ның 68 түрлі жобасы қолға алынған. Оның ішінде 20 жоба жүзеге асырылу үстінде. Әрбір жобада орташа есеппен 4-6 қазақстандық өндірушінің өнімі пайдаланылады.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.

ЭКСЖ Жобалық кеңсесі

БАҚ үшін байланыс: + 7 776 262 96 05

Баспасөз материалдары:

https://drive.google.com/drive/folders/1O1ozrnEIoW33WJvZtStUfgPHOoqmRAg9?usp=drive_link

Жылумен жабдықтау
15 мая 2026
Ақмола облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде

Ақмола облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және жылу мен электр желілерін жаңғырту жоспарлары туралы брифинг барысында Ақмола облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев баяндады.

Спикердің айтуынша, өңірдегі өткен жылыту маусымы штаттық режимде аяқталған. Жүргізілген жөндеу науқанының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, 50 мыңға жуық абонент үшін жылумен қамту сапасын жақсартуға мүмкіндік туған. Алдыңғы жылыту маусымына дайындық аясында Көкшетау, Атбасар және Степногорск қалаларында жылу желілері қайта жаңғыртылып, бірқатар аудандарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жылумен қамту нысандарындағы ондаған қазандық ауыстырылды.

Бақтыбек Жапаевтың сөзінше, биыл да жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жалғасады. Өңірде жылу желілерін қайта жаңғырту, қазандық жабдықтарын жөндеу, жаңа блокты-модульді қазандықтарды іске қосу және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылымының тозу деңгейі жоғары қалалардың бірі Степногорск қаласына ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда ЖЭО турбиналары мен қазандықтарын жөндеу, магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту және жылумен қамту жүйесінің жекелеген учаскелерін жаңарту қарастырылған. Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі төмендеп, 15 мыңнан астам абонент тұрақты жылумен қамтылады деп күтілуде.

Көкшетау қаласында да коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады. Биыл РК-1 және РК-2 қазандық жабдықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жылу магистральдары мен техникалық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, Көкшетау ЖЭО құрылысына дайындық жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның сыртқы инфрақұрылымын, оның ішінде жылу және электр желілерін, сумен қамту жүйелері мен көлік логистикасын жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ өңірде жаңа блокты-модульді қазандықтарды іске қосу, бірқатар елді мекендердегі жылу желілерін жөндеу және облыстың тоғыз өңірінде қазандықтарды ауыстыру жоспарланған. Бұдан бөлек, электр желілері кешенін жаңғырту жұмыстары да жалғасады.

Басқарма басшысы атап өткендей, алдағы жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда және барлық іс-шаралар өңірде күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Газбен жабдықтау
26 марта 2026
Тауардан тыс жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу Ақмола облысы бойынша биржалар 2026 жылғы 2 тоқсанға

2026 жылғы 20 наурызында Ақмола облысы бойынша биржалар тауардан тыс жеткізу жоспары шеңберінде
2026 жылдың 2 тоқсанына бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу жүргізілді.
Бекітілген тарату жобасы өндіруші зауыттарға және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне
жіберілді. Отырыс хаттамасының көшірмелері, тарату жобалары қоса беріледі.

бейне сілтемесі https://youtu.be/BOmsrqyQCSg

Сумен жабдықтау
26 января 2026
Қаладан ауылға дейін: Ақмола облысындағы барлық елді мекендер ауызсумен қамтамасыз етілді

2025 жылы Ақмола облысы инфрақұрылым саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсуға қолжетімділікті толық шешті. Жыл қорытындысы бойынша өңірдегі барлық елді мекендер – ірі қалалар мен аудан орталықтарынан бастап шағын ауылдарға дейін – сумен қамтамасыз етілді. Ауыл халқының үлесі жоғары аймақ үшін бұл өмір сапасы мен инфрақұрылымды тиімді басқарудың маңызды көрсеткіші болып табылады.

Жыл басында орталықтандырылған сумен жабдықтау елді мекендердің шамамен 89 пайызын қамтыса, бүгінде бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілді. Бұл нәтижеге инженерлік желілерді салу және жаңғырту, жаңа су көздерін іске қосу, сондай-ақ су тазарту жүйелерін енгізу бойынша жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілді.

Облыс қалаларында ұзақ уақыт бойы шешімін күткен бірқатар жобалар аяқталды. Көкшетау, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ауызсудың тұрақты жеткізілуі қамтамасыз етілді әрі тозығы жеткен желілерге түсетін жүктеме азайтылды. Бұл әсіресе қарқынды дамып келе жатқан елорда маңындағы қалалар үшін маңызды, себебі мұнда су мәселесі құрылыс қарқыны мен халық санының өсуімен тікелей байланысты.

Ауылдық жерлерде де ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әрбір ауыл үшін сумен жабдықтаудың оңтайлы форматы таңдалды. Кейбір елді мекендерде орталықтандырылған су желілері тартылса, басқаларында заманауи су тазарту блок-модульдері орнатылды. Бірқатар ауылдарда тұрғындар санитарлық талаптарға сәйкес келетін жеке ұңғымалар мен құдықтарды пайдаланады. Мұндай тәсіл формалды шешімдерге жол бермей, жергілікті жағдайды ескере отырып, ауызсуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Елорда маңындағы аймақтарға ерекше назар аударылды. Мұнда инфрақұрылымға түсетін жүктеме дәстүрлі түрде жоғары. 2024–2025 жылдары бұрын су тапшылығын сезінген ауылдарға су жеткізілді, ал жаңа желілер халық санының алдағы өсімі ескеріліп салынды. Бұл инженерлік инфрақұрылымның аумақ дамуы қарқынынан артта қалуына жол бермеді.

Сонымен қатар қолданыстағы су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Облыстағы су құбырларының жалпы ұзындығы 6,5 мың шақырымнан асады, олардың едәуір бөлігі ұзақ уақыт бойы қайта жаңғыртуды қажет еткен. Өткен жылы жүздеген шақырым желі жаңартылып, ондаған елді мекенде сумен жабдықтаудың сенімділігі артты, тозу деңгейі төмендеді.

Өзгерістер су бұру саласын да қамтыды. Облыста, соның ішінде туристік маңызы бар аумақтарда, кәріз желілерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайына және өңірдің экологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Келесі кезең – су ресурстарын ұтымды пайдалану. Өңірде 2030 жылға дейінгі су үнемдеу жоспары бекітілді. Ол коммуналдық секторды, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және тұрғындармен жүргізілетін жұмысты қамтиды. Негізгі басымдық су шығынын азайтуға және суды пайдалану тиімділігін арттыруға беріліп отыр.

Газбен жабдықтау
20 января 2026
Тауардан тыс жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу 2025 жылғы қаңтарға Ақмола облысы бойынша сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі биржалары

2026 жылғы 19 қаңтарда тауардан тыс жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу жүргізілді
Ақмола облысы бойынша биржалар 2026 жылғы қаңтарға арналған сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі. Бекітілген тарату жобасы
өндіруші зауыттарға және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жіберілді. Отырыс хаттамасының көшірмелері,
тарату жобалары қоса беріледі.

https://youtu.be/ywf8j6ZiOy8 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы