Мемлекеттік қызмет Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне, мемлекеттік және басқа тілдеріне сыйластықпен қарауға, еліміздегі ұлтаралық келісімнің және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға және қоғамға адал болуға міндетін жүктейді.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қоғамдық үрдістерді реттеуге, мемлекет біртұтастығын қамтамасыз етуге және ҚР азаматтарының мүдделерін іске асыруға міндетті. Мемлекеттік қызмет үшін беделдің, яғни имидждің қызметтік және мәртебелік маңызы зор. Ол халықтың оған деген сенім деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқарушылық қызметтің, мемлекет жүргізіп жатқан өзгерістердің тиімділігіне берген бағасының критерийі болып табылады. Ол мемлекеттік органдар әрекеттерінің нақты әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның талаптарына және үміттеріне сәйкестік дәрежесін белгілейді. Сондықтан бедел азаматтардың мемлекеттік органдарға қатысты мінез-құлқын едәуір негіздей отырып, қоғамның мемлекеттік қызметті және оны реформалау бағдарламасын қолдау деңгейін анықтайды.
Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру – күрделі әрі созылмалы үрдіс. Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру үрдісі атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік, моральдік-этикалық бейнесіне ерекше талаптар қояды. Мемлекеттік қызметшінің өзі жоғары моралдік жауапкершілік, кәсіптік білім, оны тәжірибеде қолдана білу, әділдік, адалдық, белсенді өмірлік позиция, патриоттық сезім сияқты қасиеттерге ие болып, мемлекеттік қызметшінің моралдік бейнесі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірместен, дұрыс нысанда жүргізуге тиіс, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
«Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ әдеп жөніндегі уәкілі С.З.Бейсенова