Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай төлемдер төленеді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекет тарапынан көмек алуға құқылы. Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі көп деңгейлі болып табылады және әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерді, әлеуметтік оңалтудың бөлігі ретінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеуді және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуді қамтиды.
Бірінші деңгей – негізгі болып табылады. Бұл бюджет есебінен төленетін мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар. Олардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне, сондай-ақ мүгедектік тобына және себебіне байланысты.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне Ақмола облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 20596 адамды құрайды. Жыл басынан бері мұндай жәрдемақы 3,5 млрд теңге көлемінде төленді.
Екінші деңгей Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МСӘҚ) есебінен құралады. Олар жұмыс берушілері төлеген аударымдары бар, жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі.
Бұл әлеуметтік төлемдердің мөлшері қызметкердің табысына, мүгедектік дәрежесіне және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін төлемдердің ұзақтығына байланысты. 2023 жылдың 1 сәуіріне облысымызда 3732 алушы болса, бұл төлемдердің орташа сомасы 29197 теңгені құрайды. Жыл басынан бері мұндай жәрдемақы 308,9 миллион теңге көлемінде төленді.
Сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың үшінші деңгейі – сақтандыру ұйымының төлемдері бар. Егер еңбекке қабілеттілігін жоғалту еңбек жарақатымен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен қызметкер еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырылса, онда ол сақтандыру төлемдерін алуға құқылы.
Мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдерді тағайындау үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ, азаматтар мүгедектікті бастапқы анықтау кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесінде eGov электронды үкімет порталы арқылы жүгіне алады. eGov мобильді қосымшалары, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысы проактивті қызмет арқылы – бұл ретте ұялы телефон нөмірі ХҚКО арқылы мобильді азаматтардың деректер базасында тіркелуі тиіс.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы»
Ақмола облысы бойынша филиалы