GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 октября 2026
«Игі істер автобусы»: ауылға көмек, елге құрмет

Атбасар қаласындағы Аграрлық-индустриялық колледждің оқытушылары мен студенттері «Игі істер автобусы» акциясы аясында Атбасар ауданының Ақан Құрманов ауылына барды.  Игі бастама аясында ауылдың қарт тұрғындарына атаулы көмек көрсетіліп, түрлі кәсіби қызметтер ұсынылды.

Т. А. Ляминаның жетекшілігімен колледж еріктілері 1939 жылы туған зейнеткер Иван Кузьмич Човган мен 1947 жылы туған Галина Васильевна Эйштедердің үйлерінің маңындағы ауласын  тазартып, тәртіпке келтірді.

Э-32 тобының студенті Валерий Реченко өндірістік оқыту шебері С. К. Баймуканованың жетекшілігімен қарт тұрғындардың электр ақауларын жоюға қатысты бес өтінішін орындады.

Өндірістік оқыту шебері А. Р. Лях пен П-34 тобының студенті Анастасия Вебер шаштараз қызметін көрсетіп, 15 адамның шашын қиды. Ал  бағдарламашы Қайролла Уатхан ауылдық округ мамандарына бағдарламалық жасақтама мен цифрлық сервистерді пайдалану мәселелері бойынша кеңес берді.

Айта кету керек, аймақ колледждерінің қызметкерлері мен студенттері «Игі істер автобусы» акциясы аясында тұрақты түрде жалғыз басты қарт адамдарға бақша өнімдерін жинауға, ауланы қардан тазарту, үй жанындағы учаскелерді жинастыруға көмек көрсетеді.

22 октября 2026
Ақмолалық студент «Агролига–2026» халықаралық байқауында топ жарды

Жамбыл облысындағы №9 Меркі колледжінде ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған «Агролига–2026» халықаралық байқауы өтті. Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 17 қатысушы қатысып, ауыл шаруашылығы техникасын басқару мен пайдалану бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

Ақмола облысының намысын Көпсалалы инновациялық колледждің 2-курс студенті Анатолий Елинский қорғады. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып жүрген студент үшін бұл жарыс кәсіби әлеуетін танытып, алған білімін тәжірибеде дәлелдеуге мүмкіндік берді.

Байқау бағдарламасы қатысушылардың жан-жақты кәсіби даярлығын бағалауға бағытталды. Олар теориялық тапсырмалармен қатар, комбайнмен жұмыс істеу, пресс-жинағышты дайындау, трактор қозғалтқышын реттеу, тракторды басқару және жер жырту сияқты практикалық кезеңдерден өтті. Әр тапсырма қатысушылардың техникалық дағдыларын, жұмыс дәлдігін және жауапкершілігін бағалауға мүмкіндік берді.

Халықаралық байқаудың қорытындысы бойынша Анатолий Елинский жоғары нәтиже көрсетіп, Бас жүлдені иеленді. Студентті байқауға дайындаған өндірістік оқыту шебері – Аслан Жанболатұлы Мусипов.

«"Агролига–2026“ байқауына қатысу мен үшін құнды кәсіби тәжірибе және білімімді тәжірибе жүзінде сынауға мүмкіндік болды. Мен жаңа дағдыларды меңгеріп, көптеген пайдалы мәлімет алдым, сондай-ақ өз мамандығым бойынша әрі қарай дамуға деген ынтам арта түсті. Байқауға дайындық барысында қолдау көрсетіп, көмектескен тәлімгеріме ерекше алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Анатолий Елинский.

Құттықтаймыз және алдағы кәсіби жолына сәттілік тілейміз!

21 октября 2026
Колледж бен жұмыс беруші: сұранысқа ие мамандар даярлаудағы әріптестік

Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кәсіпорындармен байланысты нығайтып, білім алушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріп келеді.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Ақмола облысы білім басқармасына қарасты «Есіл қаласының агротехникалық колледжі» МКҚК мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ- «Қостанай магистральдық желі бөлімшесі» арасында теміржол көлігі саласына кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы.

Меморандумның басты мақсаты — теміржол саласы үшін білікті кадрлар даярлау мақсатында күш біріктіру және колледжде «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын ашуға жәрдемдесу.

Колледж директоры Мейірбек Мұқатаевтың айтуынша, ынтымақтастық аясында теміржол саласының заманауи талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламасын бірлесіп әзірлеу, оқу үдерісіне тәжірибелі мамандарды тарту және колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген.

Колледж бен теміржол кәсіпорны арасындағы бұл әріптестік өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Білім беру ұйымы мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы оқу үдерісін өндіріс талаптарымен ұштастырып, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға негіз болады.

20 октября 2026
Президенттік олимпиаданың іріктеу кезеңі аяқталды

Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында Президенттік олимпиаданың екінші (іріктеу) кезеңін өткізді.

Олимпиадаға жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары қатысып, математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдері мен қабілеттерін сынады. Іріктеу кезеңіне барлығы 20 оқушы қатысты.

Президенттік олимпиаданың негізгі мақсаты – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге қызығушылығы жоғары дарынды оқушыларды анықтау, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік жасау және болашақ кәсіби бағдарын қалыптастыру. Сонымен қатар олимпиада оқушылардың теориялық білімдерін тереңдетуге, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын арттыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, зияткерлік сайыс екі турдан тұрды. Бірінші турда қатысушылар тест тапсырмаларын орындаса, екінші, шығармашылық турда эссе жазды. Олимпиаданың барлық кезеңінде оқушылар төрт пән бойынша тапсырмалар орындап, өздерінің жан-жақты дайындық деңгейін көрсетті.

Президенттік олимпиада – дарынды оқушылардың білімін саралап, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыруға және олардың зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған маңызды алаң.

19 октября 2026
Сапалы білім және заманауи оқу жағдайлары: Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Аршалы ауданының білім беру нысандарын аралады

Ақмола облысы білім басқармасының басшысы жұмыс сапарымен Аршалы ауданына барып, білім беру ұйымдарының қызметімен, материалдық-техникалық базасының жай-күйімен, сондай-ақ білім алушылардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына жасалған жағдайлармен танысты.

Мектептерді аралау барысында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға, жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау мен оқу үдерісінің сапасын одан әрі арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жұмыс сапарының маңызды нысандарының бірі — Ижевское ауылындағы жалпы білім беретін мектеп болды. Аталған білім беру ұйымында ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу аясында мектеп ғимараты кешенді түрде жаңартылып, ішкі бөлмелері жөнделіп, инфрақұрылымы жаңғыртылды. Атқарылған жұмыстар оқушылар мен педагогикалық ұжым үшін заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

Жұмыс сапары атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалауға, білім беру ұйымдарының өзекті қажеттіліктерімен танысуға және Аршалы ауданының білім беру жүйесін одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

19 октября 2026
Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Қосшы қаласындағы мектептердің жұмысымен танысты

Сапар барысында басқарма басшысы мектептердің материалдық-техникалық базасын, кітапхана қорын көріп, оқу кабинеттерін аралады. Сондай-ақ оқушылармен және педагогтермен әңгімелесіп, оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылу барысымен танысты.

Кездесу барысында IT бағыты бойынша білім беруді дамыту, заманауи технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізу және білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Әйгерім Қошанова осы бағыттағы ұсыныстарымен бөлісіп, білім беру жүйесінде цифрлық шешімдерді қолданудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды қолдау мәселесіне басымдық берілді. Инклюзивті білім беру кабинеттерінің жұмысын жетілдіру, балаларға қолайлы жағдай жасау және олардың сапалы білім алуына қажетті мүмкіндіктерді одан әрі дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берілді

13 октября 2026
Идеядан іске асыруға дейін: колледжде шағын кәсіпорындар ашылды

Атбасар қаласында аграрлық-индустриялық колледжінде маңызды әрі елеулі оқиға – нан өнімдерін пісіру және шаштараз ісіне маманданған шағын кәсіпорындардың салтанатты ашылуы өтті. Жаңа бизнес-жоба студенттердің қазіргі қажеттіліктеріне негізделген және оларға тек табыс табуға ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыс, коммуникация және басқару дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі қызметтер мен өнімдерді ұсынады. Жоба техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау аясында жүзеге асырылуда.

Ашылу салтанатына Атбасар ауданының әкімі Кеңеш Әлімжанов, Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығының басшысы Нартай Ибраев, сондай-ақ колледждің әлеуметтік серіктестері, педагогтер мен студенттер қатысты.

«Дәмді Нан» және «BEAUTY LAB» шағын кәсіпорындары колледж түлектерінің кәсіпкерлік және практикалық дағдыларын жетілдіруде жаңа баспалдақ қызметін атқарады.

 «Шағын кәсіпорындар құру және бизнес-жобаларды жүзеге асыру студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді»-деп ойымен Нартай Ибраев бөлісті.

Іс-шарадан кейін қызмет көрсету саласындағы педагогтердің аймақтық әдістемелік бірлестігінің отырысы өтті, онда шағын кәсіпорындардың қызметіне қатысты талқылаулар жалғастырылды. Өндіріс оқу шеберлер студенттер арасында кәсіби жауапкершілік пен кәсіпкерлік құзыреттіліктерді қалыптастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

13 октября 2026
ASTAUfest–2026: Ақмола облысының қоржынында Гран-при мен жүлделі орындар

2026 жылғы 6–8 қазан аралығында Астана қаласында Халықаралық аспаздар күніне орай кәсіби шеберліктің VII халықаралық ASTAUfest–2026 гастрономиялық фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара Қазақстан мен шет мемлекеттердің студенттерін, оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін біріктірді.

Фестивальде Ақмола облысының намысын Көкшетау қаласындағы Құрылыс-технологиялық колледжі мен Агробизнес және сервис колледжінің өкілдері абыроймен қорғады.

Өңір қатысушылары жоғары кәсіби дайындықтарын көрсетіп, Гран-при, бірінші және үшінші орындарды иеленді.

ГРАН-ПРИ – «Тәтті шеберхана» номинациясы бойынша (инклюзивті жеке жарыстар) Құрылыс-технологиялық колледжінің Т-10 тобының студенті Уәли Нұрмұхамет жеңіп алды. Жеңімпазды дайындаған өндірістік оқыту шебері Анастасия Корниенко.

І ОРЫН – «2026 жылдың наубайшысы» беделді номинациясында Құрылыс-технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Анастасия Гаврилова жеңіске жетіп, өзінің жоғары кәсіби шеберлігін дәлелдеді.

ІІІ ОРЫН – «Бас аспаздар – командалық сайыс» номинациясында Агробизнес және сервис колледжінің өндірістік оқыту шеберлері Евгения Жиделева мен Любовь Третьякова жүлделі орынға ие болды.

Бұл жетістіктер – кәсіби шеберліктің, табандылықтың, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің және сапалы дайындықтың нәтижесі. Халықаралық фестивальге қатысу тәжірибе алмасуға, кәсіби дағдыларды шыңдауға және аспаздық өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, колледж ұжымдарын шын жүректен құттықтаймыз!

12 октября 2026
Есіл ауданында энергетика саласына мамандар даярлау бағытында меморандумға қол қойылды

2026 жылғы 8 қазанда Есіл ауданы әкімінің аппаратында дуальды білім беруді дамыту және энергетика саласына білікті мамандар даярлау мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шараға Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов, «Ақмола тарату электр желілік компаниясы» АҚ бас директоры Александр Павлов, Есіл ауданаралық электр желілерінің директоры Ерболат Садуакасов және Есіл қаласының агротехникалық колледжінің директоры Мейрбек Мұхатаев қатысты.

Кездесудің басты оқиғасы — «АРЭК» АҚ мен Ақмола облысының білім басқармасына қарасты «Есіл қаласының агротехникалық колледжі» МКҚК арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Әріптестіктің негізгі мақсаты — колледжде «Электрмен жабдықтау» жаңа мамандығын ашуға қолдау көрсету, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мен жұмыс беруші арасындағы өзара байланысты нығайту.

Ынтымақтастық аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мамандандырылған электр энергетикасы оқу кабинетін ашу жоспарлануда. Бұл болашақ студенттерге теориялық білім алып қана қоймай, нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Дуальды білім беру — кәсіби білімнен нақты шеберлікке бастайтын жол. Колледж бен кәсіпорын арасындағы әріптестік сұранысқа ие мамандар даярлауға, жастардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

08 октября 2026
Ғылым іс жүзінде: ақмолалық педагогтердің үздік жобалары

Ғылым іс жүзінде: ақмолалық педагогтердің үздік жобалары

Қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білім алушыларға пәндік білім берумен қатар, алған білімдерін күнделікті өмірде және практикалық міндеттерді шешуде тиімді қолдана білу дағдыларын қалыптастыру.

Осы бағытта Ақмола облысының білім басқармасының әдістемелік орталығы химия, биология және география пәндері мұғалімдерінің басын қосқан педагогикалық идеялардың облыстық «Functional Skills Lab» хакатонын өткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, хакатон барысында педагогтер функционалдық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылықты дамыту, PISA тәсілдерін оқу үдерісінде тиімді қолдану, зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру және пәнаралық байланысты күшейтуге бағытталған практикалық жобаларын таныстырды.

Сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша үздік жобалар анықталды:

I орын — «ECO-LAB 360°» командасы, Жақсы ауданы

Жоба: «Жергілікті зерттеушінің күнделігі. Ишимское ауылының экологиялық-аграрлық паспорты».

II орын — «Эврика» командасы, Сандықтау ауданы

Жоба: «МОДО және PISA-ға дайындыққа арналған контекстік ситуациялық тапсырмалар банкін құру».

II орын — «SCIENCE LIFE LAB» командасы, Степногорск қаласы

Жоба: «Күнделікті өмірдегі ғылым: химия, биология және география бойынша PISA-кейстер».

III орын — «EcoSarap» командасы, Аршалы ауданы

Жоба: «Экологиялық детектив: Жергілікті су айдынының жағдайы неге өзгерді?».

III орын — «Триада» командасы, Сандықтау ауданы

Жоба: «Менің табақшамдағы ғылым» .

III орын — «Терра» командасы, Бурабай ауданы

Жоба: «9-сынып оқушыларына арналған PISA форматындағы жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша кешенді пәнаралық тапсырмалар».

«Functional Skills Lab» хакатоны мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, тың педагогикалық идеяларды ұсынуына және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тиімді әдістерді кеңінен қолдануға мүмкіндік берді.

Хакатонның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймыз!

Социальные сети
Instagram
facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы