
Көпсалалы инновациялық колледжде алғаш рет ерекше «BABY FASHION» көрсетілімі өтті.
Кішкентай модельдер, Красный Яр ауылының «Мансур» және «Амина» балабақшаларының тәрбиеленушілері, эксклюзивті киім топтамасын көрсетті. Авторлық топтаманы «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шеберлері мен колледж студенттері ұсынды.
Коллекция өзінің алуан түрлілігімен таң қалдырды – бұл автомеханик, аспаз, ақылды агроном, дәнекерлеуші, тігінші, бағдарламашы, сондай-ақ «Жемістер, көкөністер, жидектер» модельдерінің стильдендірілген жұмыс костюмдері. Балақайлардың қойылымы көрермендердің көңілінен шықты. Олар әр шыққан балаға қошемет көрсетіп, ду қол шапалақтады.
«Үш жыл бұрын біздің колледж Ақмола облысында алғаш рет «BABY Skills» байқауын өткізді. Ал бұл іс-шара біздің Президент Қасым- Жомарт Тоқаев жариялаған алдағы жұмыс мамандықтары жылына орайластырылды», - деп бөлісті колледж директоры Сайран Шабданова.
Балалар шоуының демеушілері колледждің әлеуметтік серіктестері Александр Трубинов («АгроМастер КZ» ЖК), Дмитрий Власов («Власов-Сервис» ЖК) болды. Колледж студенттері әлеуметтік серіктестерде тәжірибеден өтеді, үздіктері жұмысқа орналасады.
Колледж басшысы Сайран Шабданова балабақша тәрбиешілеріне, ата-аналарына, әріптестеріне алғысын білдіріп, демеушілер атынан жас модельдерге естелік сыйлықтар табыс етті. Барлық қатысушылар мен қонақтар үшін асханада тәтті дастархан жайылды.
Жылдар өтіп кішкентайлардың әрқайсысы өз жолын таңдайды, ол адал және лайықты болуы керек. Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс…