2022-2023 оқу жылында облыс колледждерінде алғаш рет әлеуметтік серіктес кәсіпорындар үшін кадрларды мақсатты даярлау жүзеге асырылды. Кадрларды нысаналы даярлаудың негізгі қағидасы: шарт жасалған кәсіпорында практикадан міндетті түрде өту және оқуды аяқтағаннан кейін білім алушыны кепілді жұмысқа орналастыру болып табылады.
Нысаналы мемлекеттік тапсырыстың негізгі критерийлері:
1) практикадан өтуді, білім алушыны жұмысқа орналастыру жөніндегі міндеттемені көздейтін үлгідегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым, кәсіпорын (ұйым, мекеме) арасында екі жақты шарттың болуы;
2) кәсіпорындарда (ұйымдарда, мекемелерде) еңбек нарығындағы қызмет бейіні бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы (жергілікті атқарушы органдардың немесе тиісті уәкілетті органдардың шешімі (келісімі) бойынша құрылатын кәсіпорындарды (ұйымдарды, мекемелерді) қоспағанда);
3) кәсіпорындарда (ұйымдарда, мекемелерде) дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін тиісті базаның болуы.
Осы критерийлерді ескере отырып, ТжКБ ұйымдары әлеуметтік серіктес кәсіпорындармен екіжақты шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізді. 32 колледждің 23-і 886 орындық 120-дан астам кәсіпорынмен келісімшарт жасады.
Мысалы, Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі «Көкшетау жылу» ШЖҚ МКК-мен 40 орынға шарт жасасты, оның ішінде 25 орын «Жылу техникалық жабдықтар және жылумен жабдықтау жүйелері» мамандығы бойынша, «техник-жылу технигі» біліктілігі және 15 орын «ТКШ объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану жөніндегі технигі» біліктілігі.
Жаңа 2023-2024 оқу жылында кәсіпорындар үшін кадрларды нысаналы даярлауға қабылдау жоспары техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы салаларының әртүрлі мамандықтары мен біліктіліктері бойынша 777 орынды құрайды.