
Ақмола облысының білім беру жүйесінде инфрақұрылымды жаңғыртуды, ақпараттық жүйелерді енгізуді, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті кеңейтуді және жасанды интеллект технологияларын интеграциялауды қамтитын кешенді цифрлық трансформация жүзеге асырылуда.
Компьютерлік техника
Өңір мектептерінде 46 мыңнан астам компьютерлік техника бірлігі бар. Қамтамасыз ету көрсеткіші – 3 оқушыға 1 компьютер (республика бойынша – 5 оқушыға 1 компьютер).
2025 жылы облыс мектептерінің компьютерлік паркін жаңарту үшін 778 бірлік компьютерлік техника сатып алынды, барлығы 1 858 интерактивті панель орнатылды, оның ішінде 450-і – 2025 жылы.
Интернет
Облыстағы барлық 523 мектеп (100%) Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 4 сәуірдегі №85 және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 17 сәуірдегі №153/нқ бірлескен бұйрығына сәйкес жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.
190 мектепте интернет жылдамдығы 150–230 Мбит/с болатын Starlink спутниктік жабдығы орнатылған. 2025 жылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) жүргізу нәтижесінде 74 мектеп спутниктік Starlink интернетінен ТОБЖ-ға қайта қосылды. 2026 жылғы наурыз айының соңына дейін тағы 23 мектепті қайта қосу жоспарлануда, бұл ТОБЖ арқылы қосылған мектептердің үлесін 75%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік әмиян», АБК
2025 жылы облыстың 121 мектебінде «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды (704 млн теңге), ал 386 мектепте «Бизнес-әмиян» тегін қосымшасы енгізілді. 4 мектепте тамақтану жеке демеушілер есебінен ұйымдастырылғандықтан, тегін ыстық тамақ бойынша транзакциялар жүргізілмейді. Тамақтануды ұйымдастырудың цифрлық жүйелерімен қамту деңгейі – 99,2%.
2026 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша 1–4 сынып оқушыларына 53 608 ваучер және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5–11 сынып оқушыларына 6 558 ваучер белсендірілді.
2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 20 қаңтарға дейін 1–4 сынып оқушылары бойынша 3 025 413 транзакция, 5–11 сынып оқушылары бойынша 260 489 транзакция жүргізілді. Нысаналы санаттағы оқушылардың 100%-ы тегін ыстық тамақпен қамтылды. 2025 жылы бюджет қаражатының үнемі 402 млн теңгені құрады.
Ауылдық жалпы білім беретін мектептерде тегін ыстық тамақ беруді ашық және нақты есепке алу мақсатында 2026 жылы «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграцияланған алақанның биометриялық тіркеу терминалдарын орнату көзделген. Барлығы 224 терминал орнату жоспарланған, оның ішінде 20 қаңтардағы жағдай бойынша 205 терминал орнатылды. Жұмыстар жалғасуда.
Бейнебақылау
Ақмола облысының білім беру ұйымдарында 10 576 цифрлық және 6 919 аналогтық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.
2025 жылы террористік тұрғыдан осал объектілерге жататын 460 білім беру ұйымында 3 300 камера бұлтты бейнебақылау жүйесіне қосылып, Ақмола облысы Полиция департаментінің пультіне бейнеағын шығарылды. Террористік тұрғыдан осал объектілердің 100%-ы бейнебақылаумен жабдықталған.
2025 жылғы желтоқсан айында Қосшы қаласының мемлекеттік білім беру ұйымдарында қосымша 235 бейнебақылау камерасы орнатылып, Қалалық жедел басқару орталығына қосылды.
Сондай-ақ 2025 жылғы желтоқсанда қалалар мен аудандардың білім бөлімдері аналогтық камераларды ауыстыру үшін 2 669 цифрлық камера сатып алды.
Smart City
Smart City жобасы аясында Көкшетау қаласының мектептерінде Protector AI зияткерлік бейнеаналитика жүйесі енгізілді. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттырып, қақтығыс жағдайлары мен буллинг тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік берді. Жүйе 170 бейнебақылау камерасын қамтып, нақты уақыт режимінде агрессия, зорлық-зомбылық және басқа да құқықбұзушылық белгілерін анықтайды.
«Akmola.kz» ақпараттық жүйесі
Ақмола облысында мектепке дейінгі жастағы балаларды (6 жасқа дейін) балабақшаларға жолдау үшін кезекке қою жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсетілетін өңірлік «Akmola.kz» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. 2025 жылы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшу 100% аяқталып, облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы 592 мектепке дейінгі ұйымды қамтыды.
«Ақша баланың артынан жүреді» қағидаты енгізіліп, бұл балабақшалардың толымдылығын арттыруға және кезекті 2 523-тен 1 259-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Облыстың білім беру ұйымдарында жасанды интеллектіні қолдану
2025 жылғы қаңтардан бастап Ақмола облысының мектептерінде бағдарламалауды оқыту бойынша пилоттық жоба іске асырылуда: 10–11 сынып оқушылары үшін бағдарламалау негіздері, жасанды интеллект және ойын әзірлеу курстары енгізілді.
Педагогтердің біліктілігін арттыру – ЖИ-ді табысты интеграциялаудың негізгі шарты. «Өрлеу» АҚ цифрлық технологияларды пайдалану модулін біліктілікті арттырудың 56 бағдарламасына енгізді, ал 2024–2025 оқу жылында ЖИ мәселелері бойынша шамамен 120 педагог оқудан өтті. Курстар ЖИ алгоритмдерін қолданудың бастапқы дағдыларын, нейрожелілермен және білім беру платформаларымен жұмыс істеуді, сондай-ақ ЖИ-ді қауіпсіз пайдалануды қамтиды.
Сонымен қатар, жаттықтырушы-оқытушылар Astana Hub базасында «Game Development» және «Жасанды интеллект» курстарынан өтті.
Ақмола облысы білім беру ортасына жасанды интеллектіні интеграциялау бағытында белсенді ұстаным танытуда. 2022 жылғы қаңтардан бастап мектептерде 1-сыныптан бастап «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізілді. Оқу бағдарламасы компьютермен жұмыс істеудің негіздерін, интернеттегі жұмысты, есептеуіш ойлауды, робототехниканы қамтиды, бұл ЖИ-мен байланысты тақырыптарды одан әрі меңгеруге берік негіз қалайды.
Сондай-ақ орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» атты жеке оқу модулін енгізу жоспарлануда. Бұл оқушыларды ЖИ қағидаттары мен қолдану салаларымен ерте таныстырып, болашақ оқу мен кәсіби қызметке қажетті базалық білім мен дағдыларды қалыптастырады.
ЖИ-ді білім беру процесіне сәтті енгізудің жарқын мысалы – Көкшетау қаласындағы әл-Фараби атындағы IT-лицей. Лицей педагогтері сабаққа дайындық барысында жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданып, дидактикалық материалдар, бейнесабақтар, тесттер мен презентациялар әзірлейді. Оқушылар білім беру бағдарламалары мен халықаралық жобаларға қатысуда.
Инновациялық қызмет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де қолдау табуда. Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжінде студенттер эмоцияларды басқару бойынша терапиялық сессиялар мен тренингтер өткізуге арналған ЖИ негізіндегі мобильді қосымша әзірледі. Жоба эмоциялық жағдайды жекелей диагностикалауға және психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
«Aqmola Hub» өңірлік технопаркінде жасанды интеллектке негізделген стартаптар бағыты дамуда. 2024 жылы Astana Hub-тың «Startup Garage» инкубациялық бағдарламасына Ақмола облысынан 14 стартап жолданып, олардың 4-еуі генеративті ЖИ модельдерімен жұмыс істейді. Солардың бірі – НЗМ, IT-лицей және Көкшетау қаласындағы №12 мектеп оқушылары әзірлеген туризм мен географияға арналған web-қосымша. Қосымша генеративті GPT моделін пайдалана отырып, Қазақстан өңірлерімен мәтіндік диалог жүргізуге және VR-тур көруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыс мұғалімдері «Alaqan mektep» дашбордында педагогтердің қажеттіліктеріне бағытталған ақпаратты генерациялау, өңдеу және жетілдіру үшін «Alaqan AI» жасанды интеллект моделін қолданады.
ChatGPT, Canva және басқа да цифрлық платформалар мұғалімдерге оқу материалдарын бейімдеуге, тапсырмалар әзірлеуге, білімді диагностикалауға және оқушылардың жеке білім беру траекторияларын сүйемелдеуге көмектеседі.
2025 жылғы ақпанда әдіскерлер мен цифрландыру мамандарының қатысуымен «Цифрлық білім беру ортасы: жасанды интеллекттің трендтері мен перспективалары» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Мамыр айында аудандық және қалалық әдіскерлер ЖИ қолдану бойынша практикалық семинарлар ұйымдастырды.
2025 жылғы 8 қазанда Көкшетау қаласында Білім басқармасы Artisan Education ұйымымен және Astana Hub қолдауымен 25 оқушыға арналған инженерлік хакатон өткізді. Хакатонның мақсаты – оқушыларды жасанды интеллект технологияларын практикалық қолдануға даярлау, бұл Қазақстан Республикасы Президенті айқындаған және 2024–2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасында бекітілген мемлекеттік цифрландыру бағытына толық сәйкес келеді. Мұндай іс-шаралар өңірлік болашақ кадрларды қалыптастыруға және мектептер, жоғары технологиялық жобалар мен индустрия арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.