Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім базасында колледждерде, жоғары колледждерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу процесі білім беру ұйымдарында теориялық оқытуды, сондай-ақ өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды. Олар өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқу полигондарында, ал кәсіпорындар (ұйымдар) базасында тәлімгердің, өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту күндізгі, кешкі және сырттай оқу нысандарында жүзеге асырылады.
Бұл ретте мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын оқытуға халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдердің, спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін экстернат нысанында жол беріледі. Олардың тізбесін мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы уәкілетті органдар айқындайды.
Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқу полигондарында өндірілетін өз өндірісінің өнімдерін шығарады.
Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыға жұмысшы біліктілігі және (немесе) «орта буын маманы» біліктілігі беріледі.
Оқыту ауыл және орман шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, педагогика, медицина, тау-кен ісі, қызмет көрсету саласы, өнер және мәдениет мамандықтары, энергетика, машина жасау технологиясы, көлікті пайдалану және басқа да бағыттарды қамтитын 99 кәсіп (мамандық) және 169 біліктілік бойынша жүргізіледі. Өңірдегі индустриялық-инновациялық даму жобалары үшін мамандар даярлау басым бағыт болып табылады.
Облыста 9-сынып түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен 100 пайыз қамту қамтамасыз етілді. 2026 жылы техникалық және кәсіптік білім беру бойынша кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде колледждерге 5900 адам қабылданды.