Тарихы терең, шежiресi шерлi қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны бiз жерiмiздiң кеңдiгiмен ғана емес, пейлiмiздiң кеңдiгiмен де, ырысты тiрлiгiмiзбен ғана емес, ынтымақты бiрлiгiмiзбен де дәлелдеп отырмыз. Бүгiнде тәуелсiз елiмiзде 130-дан астам ұлт өкiлдерi және 18 конфессия өкiлдерi жасап жатыр депмақтанамыз.
Егемендiктi егелеген кезеңде талай елдер қақтығыстар мен қантөгiстерге жол берiп алса, бiз бiрлiгiмiздiң арқасында тiрлiгiмiздi түзедiк, көркейдiк. Бұл Елбасының сындарлы саясатының жемiсi болумен қатар ел халқының, соның iшiнде мемлекеттi құраушы негiзгi қазақ халқының кеңпейiл толеранттылығының жемiсi екенi даусыз.
Қазақстан Республикасының Бiрiншi Президентi — Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiм — бiздiң басты құндылығымыз. Көп этносты елiмiздегi татулық пен келiсiм, мәдениеттер мен дiндердiң үндесуi әлемдiк эталон ретiнде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады деп көрсетедi.
Қазақстандағы дiндердiң дамуы дiни сенiм бостандығы, рухани даму, елдегi азаматтық татулық пен конфессияаралық келiсiмдi сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттiң жүйелi саясатының нәтижесi болып саналады.
Сонғы онжылдықта дiн мен конфессияаралық қатынас аясындағы жағдай айтарлықтай өзгерiске ұшырады. Дiн ахуалдың жай-күйi, өсу қарқынына жасалған талдау өскелен ұрпақ өкiлдерiнде дiндарлықтың артқандығын байқатады. Және де бұл жеке тұлғаның табиғи рухани қажеттiлiгi тұрғысында ғана емес, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрге нұқсан келтiруге талпынатын жалған дiни ұйымдар қызметi арқылы да өсуде. Қазiргi тандағы өзектi деген үлкен мәселелердiң бiрi — жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлi дiни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар дiни ағымдар қоғамға, айналаға, соның iшiнде жастарымызға ерекше әсер етiп, ұдайы адастырумен келедi. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейiп, түрлi ағымды ұстанудың нәтижесiнде жанұяларда ұрыс-керiстер орын алып, көптеген бөлiнушiлiктерге негiз болуда.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратындығы көрсетiлген. Нақты осы негiзде бүгiнгi таңда мемлекет дiн аясындағы өз саясатын жүзеге асыруда. Дiндердiң бейбiт қатар өмiр сүруi, экстремизмнiң таралуына қарсы iс-қимыл, жалпы алғанда Қазақстанның iшкi және сыртқы саясатының басым мiндеттерi болып табылады. Дiни және этникалық негiздегi қақтығыстар, мәдени, әлеуметтiк, саяси құқықтардың шектелуi, этникалық немесе конфессионалдық белгiлердiң, дiни экстремизм мен терроризмнiң шиеленiсуiне себеп болуы мүмкiн екендiгiн есте сақтау қажет.
Дiн саласындағы мемлекеттiк органдар қызметiнiң ақпараттық-түсiндiру жұмысындағы басымдықтары болып азаматтардың бұқаралық сана-сезiмiнде келесi 4 маңызды идеологиялық қағидаларды қалыптастыру болып табылады.
Бiрiншi қағида: «Зайырлы қоғам және жоғары руханилық — бiздiң басты құндылықтарымыз».
Екiншi қағида:«Бiрлiк және келiсiм — Қазақстан дамуының негiзi».
Үшiншiқағида:«Отан сүйгiштiк, ұлттық дәстүр мен мәдениет — бұл ұлтымыздың рухани iргетасы».
Төртiншi қағида:«Радикализм мен экстремизммен күресу — бүкiл қоғамның мiндетi».
Жалпы алғанда, экстремистiк доктриналар мен iлiмдердi жою мен дiн атын жамылған радикалды және деструктивтi идеологиялардан өзiндiк қорғануға бағытталған қоғамдық бастамаларды жандандыруға күш салу қажет.
Қорыта келе, қазiргi таңда Қазақстанда дiни бiрлестiктердiң iшкi iсiне араласпауға, дiни сенiмдерге құрметпен қарауға, заң алдында түрлi дiн өкiлдерi тең дәрежеге ие болуына негiзделген мемлекет пен дiндер арасында бiрегей үлгi орнағандығын айта кету керек.
Қазiргi заманда адамзат терроризмнiң белең алуымен бетпе-бет келiп отыр. Бұл ретте деструктивтi күштердi қаржыландыратындарға, шетелдiк террористтiк ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргiзу керек. Қоғамда, әсiресе, дiни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушiлiктi» қалыптастыру керек.
Бүгiнгi күнi жат пиғылды ұйымдардың жастарымызды өз қатарларына тартып, санасын улап жатқаны қоғамдағы ең өзектi мәселелердiң бiрi болып тұр. Сондықтан ата-аналар балаларының жүрiс-тұрысын үнемi бақылап отырғаны абзал. Өмiрдi жаңа тани бастаған жастар жаңашылдыққа, жаңа нәрселерге әрдайым құштар болады, сондықтан олар түрлi секталардың ықпалына тез түсiп қалады. Кез келген адам олардық қақпанына түсiп қалуы мүмкiн. Бiрақ, өкiнiшке қарай, жат ағымдардың жетегiнде кеткенднрдiң денi — жас жiгiттер мен қыздар. Жас буын електегiш, сенгiш келедi.
Жат ағымға тартудың бiрiншi түрi, бетпе-бет арбау болса, екiншi түрi — бұл ғаламтормен тарту. Бұл әбден жетiлдiрiлген аса қауiптi түрi. Себебi бала ғаламтормен бiрге-бiр қалады, жанында ересектер болмайды. Жас жеткiншектер ғаламтор арқылы танысып, өз араларында мәселелердi шешiп пiкiр алмасып жатады. Ата-ана баланың компьютер алдында отыруы үлкен қауiп екенiн түсiнуi қажет. Сондықтан ол қандай әлеуметтiк желiлерде отырғанын, кiммен қандай тақырыпта жазысып жатқанындағына аса мән беруi керек. Бұны қазiргi таңда баласы бар әрбiр ата-ана бiлуi қажет.
Өкiнiшке қарай, көпшiлiк ата-аналар материалдық игiлiктердiң соңынан қуып, рухани құндылықтарды ұмытып жатады. Бiрақ тұлғаның адамгершiлiк негiздерi отбасында қалыптаспайды ма? Ата бабасының дәстүрлi дiнiне деген құрметi, ана тiлiне, салт-дәстүрге, тарихына деген құрмет пен махаббатты отбасында бойына баулу керек. Балалар жастайынан шынайы дiннiң тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, бiр-бiрiне мейiрiмдi болуға, тек жарқын амалдарды жасауға үндейтiндiгiн бiлулерi керек. Мiне осындай рухани бай адамды тура жолдан тайдыру мүмкiн емес. Ол бiр тамырын тереңге жайған зор ағаш iспеттi!
Т.Шарипов,
Ақмола облысы дiн iстерi басқармасының
«Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту
орталығы» коммуналдық мемлекеттiк
мекемесiнiң теолог — маманы