Қазіргі заманда жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі күн санап артып келеді. Интернеттің шексіз мүмкіндіктері, әлеуметтік желілердегі белсенді насихат, өмірлік қиындықтарға тап болған жастардың рухани ізденісі – бәрі оларды осындай ағымдардың оңай нысанасына айналдырады. Бұл мәселені шешу үшін жастардың діни сауатын арттыру, оларға нақты бағыт-бағдар беру және алдын алу шараларын күшейту қажет. Жастардың жат ағымдарға тартылуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, жасөспірімдер мен жастар өмірден өз орнын іздейді, олардың психологиялық тұрақтылығы толық қалыптаспаған. Мұндай кезеңде олар айналасынан қолдау таппай, «рухани ұстаздар» іздей бастайды. Осы сәтті деструктивті ұйымдар өз пайдасына жаратып, жастарға ерекше назар аударып, оларға жақын адамдай көрінуге тырысады. Жылы сөздер, түсіністік таныту, жалған қамқорлық – бұның бәрі олардың басты айласы.
Екіншіден, деструктивті ағымдардың өкілдері діни сауаты төмен жастарды оңай алдап, жалған діни түсініктерді бойларына сіңіреді. Олар өздерін «нағыз ақиқаттың» жолындамыз деп таныстырып, дәстүрлі дінді жоққа шығаруға, ата-ана мен қоғамнан алыстауға шақырады. Мұндай жастар бірте-бірте өз ортасынан алшақтап, жаңа қауымдастықтың ықпалына толық түседі.
Жастарды мұндай қауіптен сақтау үшін ең алдымен, олардың діни сауатын арттыру қажет. Әрбір жас діни мәселелер бойынша ақпаратты тек сенімді, ресми дереккөздерден алуы тиіс. Қазақстанда діни ағарту жұмыстарымен айналысатын орталықтар бар, соның ішінде ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) жанындағы оқу орындары, діни сауат ашу курстары және ресми сайттар жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере алады. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану пәндерін күшейту маңызды.
Сонымен қатар, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Қандай да бір діни ақпаратты немесе шақыруды көргенде, оның рас-өтірігін саралап, сұрақ қоя білу – кез келген манипуляциядан қорғайтын мықты құрал. Егер біреу дінді тек бір жақты түсіндіретін болса немесе қоғамнан бөлектенуге шақырса, бұл – күмәндануға тұрарлық белгі.
Үшіншіден, ата-аналар мен жақындар жастарға қолдау көрсетіп, оларды тыңдай білуі керек. Көп жағдайда, жастар отбасынан жылулық таппағандықтан, сырттан қолдау іздейді. Егер олар өз ойларын ашық айта алатын, пікірін еркін жеткізе алатын орта тапса, оларды жат ағымдардың жетегіне еріксіз кетуден құтқаруға болады.
Төртіншіден, жастарға интернеттегі қауіптер туралы ақпарат беру қажет. Деструктивті ағымдар көбінесе әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде белсенді жұмыс істейді. Белгісіз діни топтар мен парақшаларға жазылмау, күмәнді шақыруларға ермеу, онлайн «рухани ұстаздарға» сақтықпен қарау – жастардың санасында берік қалыптасуы тиіс.
Соңғысы, жастар өз құқықтарын білуі керек. Қазақстанда діни сенім бостандығы бар, бірақ заңсыз діни қызметке тыйым салынған. Егер қандай да бір топ адамды мәжбүрлеп, қысым көрсетсе немесе заңсыз әрекеттерге итермелесе, бұл туралы дін мәселелері бойынша «Қауырт желі 114» қызметіне немесе жергілікті дін істері басқармаларына жүгінуге болады.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың болашағы жарқын болуы үшін мемлекет, қоғам және отбасы бірігіп, олардың саналы әрі қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасауы керек. Дін – адамды рухани кемелдендіретін құндылық, ал оның бұрмалануы – үлкен қауіп. Сондықтан әрбір жас діни сенімін дұрыс қалыптастырып, жат ағымдардың ықпалына түспеудің жолдарын біліп жүруі қажет.
«Насихат» қоғамдық бірлестігінің теологі Д. Байжігітов